Алаяқтар астаналықтарды сыйға көлік береміз деп алдаған
Алаяқтар астаналықтарды сыйға көлік береміз деп алдаған
Фото: krot.info
Астана қаласы Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 23 және 24 жастағы екі күдіктіні анықтады, — деп хабарлайды polisia.kz Telegram каналы. Ер адамдар интернет-дүкеннің тұтынушылар базасына қол жеткізген. Сөйтіп, тұтынушыларға телефон соғып, өздерін дүкен қызметкері ретінде таныстырады да, автокөлік ұтып алғандарын хабарлайды. Бірақ «жүлдені алу үшін тіркеу, кедендік рәсімдеу және техникалық тексеруден өту үшін белгілі бір соманы төлеу керек» деп алдаған. Зардап шеккендер 500 мыңнан 14 миллион теңгеге дейінгі қаражат жіберген. Қазір ұсталғандар қамауда отыр. Олар интернет-алаяқтықтың 16 фактісі бойынша күдікке ілінді. Қылмыстық кодекстің 190-бабы  2-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар  олардың елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі.