Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіп жатыр
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіп жатыр
© baq.kz
412
оқылды
Алматыдағы ҚҰАЗУ студенттері кезінде жеке меншікке өтіп кеткен университеттің оқу ғимараттарын, студенттік жатақхананы, стадионды, жер учаскелерін мемлекетке қайтаруды талап етіп жатыр. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ақылбек Күрішбаев студенттермен кездесуі сәтінде жастар білім ордасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі жайып салды.
«Біздің бүгінгі мақсатымыз – оқытушылар мен студенттер арасында қандай да бір сыбайластықтың болуына жол бермеу, жастарды жемқорлыққа төзбеуге шақыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, сол арқылы оқу процесінің сапасын көтеруге ықпал ету. Осыған байланысты, университет басшылығы мен студенттер арасында әріптестік сенімді байланыс орнату үшін жастармен ашық диалогқа келіп отырмын», – деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Ұстаз бен шәкірт арасындағы ұшынан жалғасқан сыбайластық қоғамның жауы екені белгілі. Неге десеңіз, ертең елге қызмет ететін болашақ мамандарды тәрбиелеп, даярлайтын саналы оқытушыларды жемқор ретінде елестетудің өзі қиын. Өкінішке қарай, кездесу барысында студенттер университет қабырғасында пара алуға бейім жандар бар екенін, сабаққа келмесе де жоғары балл алатын білім алушылардың аз еместігін, грант бөлуде кейбір оқытушылардың әділетсіздікке баратынын жасырмай жайып салған. Студенттер жаңадан тағайындалған ректорға, сыбайлас жемқорлық фактілері төмендегідей жағдайларда ұшырасатындығын да ашына баяндаған. Мысалы, студенттер себепсіз сабақтан қалғанда, аралық бақылау немесе пәндік жұмыстарды қолмен жазып тапсыру кезінде, емтихандарды қайта тапсыру сәтінде, курстық жұмыстарды қорғауда оқытушымен жеке немесе бетпе-бет қалғанда жиі кездесетінін баяндаған. Студенттер сыбайлас жемқорлықтың тағы біраз нақты фактілерін атап өтті. Кезінде жеке меншікке өтіп кеткен университеттің оқу ғимараттарын, студенттік жатақхананы, стадионды, жер учаскелерін мемлекетке қайтару мәселесін көтеріп, талап етіп отыр. Жастар өздерімен осындай ашық алаңды ұйымдастырған университет басшылығына ризашылықтарын білдіруде. Жастардың ой-пікірлеріне құлақ түрген Ақылбек Күрішбаев олардың сауалдарына мейілінше шынайы жауап беріп, кейбір жағдаяттарды өзінің де әлі түсіне алмай отырғанын жасырмады. Ректор Күрішбаев, оқытушылар мен білім алушылар арасындағы ашықтық пен өзара сенім, адалдық қағидаттарына негізделген байланыстарды барынша нығайту мақсатында проректорлар мен тиісті құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің ортақ мақсатымыз – заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру» деген сөздін басшылыққа алған ректор, ендігі жерде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде заңбұзушылықтарды болдырмауға күш салатынын жеткізді.
«Жемқорлықсыз әділетті университет құру – біздің де түпкі мақсатымыз. Бүгінгідей өзара сенімге негізделген шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ортақ қозғалыстың негізі болып табылады. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы университет Бағдарламасын қабылдайтын боламыз», – деді Ақылбек Күрішбаев сөз соңында.