Bolashaq қауымдастығының оқушыларға кәсіптік бағдар беру жобасы басталды
Bolashaq қауымдастығының оқушыларға кәсіптік бағдар беру жобасы басталды
© toppress.kz
491
оқылды
Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) Қауымдастықтың «Болашаққа сеніммен» кәсіптік бағдар беру жобасының басталуы туралы брифинг өтті. 2021 жылдан бастап «Qazaqstan Respýblikasy Prezidentiniń «Bolashaq» Halyqaralyq stipendiasy stipendiattarynyń qaýymdastyģy» қоғамдық бірлестігі «Болашаққа сеніммен» жобасын жүзеге асыруда. «Болашаққа сеніммен» – 10-12-сынып оқушыларын мамандық таңдауға дайындауға бағытталған кәсіптік бағдар беру жобасы. Жобаның мақсаты – жоғары сынып оқушылары мен түлектерге болашақ мамандықты таңдауға көмектесу үшін алаң құру, сонымен қатар менторлар бүгінгі таңда қандай салалар ең өзекті болып табылатыны туралы пайдалы ақпаратпен бөліседі. Болашақ ұрпақтың менторлары – бизнес қауымдастықтың табысты өкілдері мен шығармашылық адамдар. Тақырыптық семинарлар жоғары сынып оқушылары мен түлектер үшін өткізіледі. Менторлар мамандық таңдау, мансап жолы, мақсат қою және оған қалай жету, уақытты қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы тәжірибелерімен бөліседі, сонымен қатар өз мамандығы туралы айтып, өз саласында қандай қиындықтарға тап болғанын атап өтеді. Семинар барысында менторлар еңбек нарығындағы трендтер мен үрдістер, болашақ мамандықтар, және де жақын арада қандай мамандықтар мүлдем жоғалып кететіні туралы ақпарат беретін болады. Семинар соңында мотивациялық пікірталас өткізіледі, менторлар оқушылардың сұрақтарына жауап береді.
«Біздің басты мақсатымыз – мектеп оқушыларының кәсіби еңбек әлемі туралы түсініктерін кеңейту, олардың кәсіптік даму бағытын табуға көмектесу. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Қауымдастық Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Орал, Қарағанды ​​және Ақсай қалаларының 43 мектебінде 3000-ға жуық жоғары сынып оқушыларының қатысуымен семинарлар өткізді. Біз алдымызға ауқымды мақсаттар қойдық – биылғы жылы еліміздің 500 мектебінде семинарлар өткізу. Еліміздің шалғай аймақтарындағы мектептерге ерекше көңіл бөлінетін болады», – деді «Bolashaq» қауымдастығының кеңес мүшесі, ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ бас директоры Мұхтар Манкеев.
«Bolashaq» қауымдастығы баршаңызды біздің «Болашаққа сеніммен» жобамызға қатысуға және болашақ ұрпақтың менторы болуына шақырады! Жобаға қатысу үшін Қауымдастықтың www.bolashak.kz сайтында өтінім бере аласыз. Брифингке ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі – Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Абылайхан Ақерке, «Bolashaq» Қауымдастығының Кеңес мүшесі – Мұхтар Манкеев, «Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры – Әлішер Дунгенин қатысты.