Танымал блогер көзі нашар көретін мың адамға операция жасап берді
Танымал блогер көзі нашар көретін мың адамға операция жасап берді
Әлемге танымал америкалық YouTube блогері MrBeast зағип жандардың операцияларына өз қалтасынан ақы төлеген, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Өткен сенбі күні жарияланған соңғы видеосында MrBeast (блогердің есімі Джимми Дональдсон) қандай да бір себептермен көзіне ота жасай алмай жүрген көзі нашар көретін 1 мың адамға көзіне операция жасауына көмектескенін айтты. Ота тек АҚШ азаматтарына ғана емес, сонымен қатар Мексика, Бразилия, Ямайка, Гондурас, Вьетнам, Индонезия және басқа елдердің тұрғындарына жасалған. Бейнежазбада пациенттердің отаға дейінгі жағдайы мен ота жүргізілген соң көру қабілетінің жақсаруы, олардың эмоциялары көрсетілген. Блогер MrBeast тек көз жанарын ауыстыру оталарын төлеумен шектеліп қалмады. Ол науқастардың біріне колледжде оқу ақысын төлеуге көмектессе, енді біреуіне көлік те сыйлаған. Офтальмолог және хирург Джефф Левенсон MrBeast командасын SEE International ұйымымен байланыстырды. Ол блогерге бүкіл әлем бойынша зағип науқастарды табуға және ота ақысын төлеуге көмектесті. Шамамен үш аптаның ішінде барлығы 1000 операция жасалған.