Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев палата бюросының отырысын өткізді. Онда 2023 жылғы 2 ақпанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді. Бюроның жаңа құрамымен өткен алғашқы отырыста Мәулен Әшімбаев палатаның алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, Сенат жұмысындағы басым бағыттарға тоқталды. Алдағы палата отырысында сенаторлар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған бірнеше заңды қарайды. Солардың бірі «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң. Бұл құжат екіжақты уағдаластықтарды жүзеге асыру мерзімдерін ұзарту ісінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Заң Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын қалыптастыратын халықаралық шарттар мен актілердің кедендік құқықтық қатынастарын реттейтін талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сенаторлар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Ол еліміздің еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты заңнамасын жетілдіруді көздейді. Құжатқа келісу комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, сондай-ақ жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті мәселелерге қатысты түзетулер енгізілмек.