Жер игілігін халық көреді
Жер игілігін халық көреді
4,103
оқылды
Ауылдағы шаруаның мұңы – жер. «Ауылдарды жекеше­лен­діреміз» деген уақытта мыңдаған гектар жер әркімнің қолында кетті. Жылдар бойы игерілме­геннен тоз-тозы шықты. Деген­мен бос жатқан жер ел игілігіне қайтарыла бастады. Қарағанды облысының жері жалпы ауданы 23 млн 904,5 мың гек­тарды құрайды, ондағы ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер көлемі 12 млн 088,4 мың гектар. Алайда жерді иеленіп алған соң игілігін өзі де көр­мей, бұқараға да бермейтіндер кез­деседі. «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасы аясында бос жатқан жер мемлекет меншігіне қай­тарылуда.
– 2022 жылы 11 тамызда пайда­ланылмай жатқан және заңсыз бө­лінген ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен айналысатын «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының жанынан 17 адамнан тұратын «Жер аманаты» өңірлік комиссиясы құрылған бола­тын. Ко­миссия құрамына облыс әкі­мінің орынбасары, облыстық Ауыл шаруа­шылығы, Жер қатынастары бас­қарма­ларының, азаматтарға арнал­ған үкіметтің, қоғамдық бірлестік­тер­дің, кәсіпкерлер палатасының, Фер­мерлер одағының басшылары кірді. Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сымен бірлесе отырып, «бағдаршам» қағидаты бойынша жайылымдардың тапшылығы және олардың қай­тарылуы туралы статистикалық мә­ліметтер алынды. Бұдан басқа, қала мен аудан әкімдерімен бірлесіп түсіндіру жұмыс­тарының жоспары әзірленді, сондай-ақ депутаттар мен «AMANAT» партия­сы мүшелерінің қатысуымен пробле­малы өңірлерге шығу кестесі түзілді, – дейді пар­тияның Қара­ғанды облыстық филиа­лының бас­пасөз хатшысы Анар Шаймерденова.
Облыстық мәслихат хатшысының 2022 жылғы 15 шілдедегі «Облыстық мәслихаттың уақытша жұмыс комис­сиясы мен жұмыс топтарын құру туралы» өкімі негізінде Қарағанды облысында жер ресурстарын ұтымды пайдалану жұмысын үйлестіру мақ­сатында 7 жұмыс тобы құрылған бо­латын. Құрамына облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудан әкімдіктерінің, Ауыл шаруашылығы, Жер қатынастары, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері кірді. Жұмыс тобы аудандарға барып, ауылдық жер ресурстарын пайдалану жөніндегі істердің жай-күйімен та­нысты. Сондай-ақ облыс әкімінің 2022 жылғы 7 маусымдағы өкімімен пайда­ланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мәжбүрлеп алу жөніндегі республикалық комис­сияның ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл топтың құрамына салаға қа­тысты мемлекеттік құрылымдар, соны­мен қатар құқық қорғау органда­рының өкілдері кірді. Қарағанды об­лысының Жер қатынастары басқар­масының жерді пайдалануды жос­парлау және болжау бөлімінің бас­шысы Ақмарал Мұқашева:
– Бүгінде 2022 жылдың басынан бастап облыс көлемінде 1 млн 232,2 мың гектар (Ұлытау облысына бе­рілгенге дейінгі Жаңаарқа ауданының 1,1 мың және Ұлытау ауданының 6,3 мың гектар жерлерімен қоса есепте­генде) ауыл шаруашылығы жер учаскесі қайтарылды. Оның ішінде 1 млн 071,1 мың гектар жерді иелері өз еркімен қай­тарса, жалдау шар­тының мерзімі өтуіне байланысты – 124,7 мың, сот шешімімен – 29,6 мың, басқа жол­дармен 6,8 мың гектар телімі мемле­кетке қайтарылды. 2022 жылы Қарағанды облысының Жер ресурстарын басқару департа­ментімен облыс аудандарының жер­гілікті атқарушы органдарымен қа­был­данған шешімдердің заңды­лы­ғына 11 тексеру жүргізілді. Айтар болсақ, Бұқар жырау ауданында – 4, Ақтоғай – 3, Қарақаралы – 2, Шет және Ұлытау ауданында бір-бір рет тексеру болды. Осы тексерулердің нә­­тижесінде анық­талған бұзушы­лық­тарды жою туралы 12 шешім қа­был­данды, – дейді ол.
2022 жылғы 26 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірлік комиссияның қарауына 7 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 4 өтінішке жазбаша түсініктеме берілсе, 3 өтініш құқық қорғау орган­дарының қарауында. Иә, игерілмей бос жатқан жер мемлекетке қайтарылуда. Оны «жұмыс істеймін» деп білек сыбанып отырған шаруаларға береді.

Қарағанды облысы