Ауылдағы шаруаның мұңы – жер. «Ауылдарды жекешелендіреміз» деген уақытта мыңдаған гектар жер әркімнің қолында кетті. Жылдар бойы игерілмегеннен тоз-тозы шықты. Дегенмен бос жатқан жер ел игілігіне қайтарыла бастады. Қарағанды облысының жері жалпы ауданы 23 млн 904,5 мың гектарды құрайды, ондағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 12 млн 088,4 мың гектар. Алайда жерді иеленіп алған соң игілігін өзі де көрмей, бұқараға да бермейтіндер кездеседі. «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасы аясында бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылуда.
– 2022 жылы 11 тамызда пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен айналысатын «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының жанынан 17 адамнан тұратын «Жер аманаты» өңірлік комиссиясы құрылған болатын. Комиссия құрамына облыс әкімінің орынбасары, облыстық Ауыл шаруашылығы, Жер қатынастары басқармаларының, азаматтарға арналған үкіметтің, қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер палатасының, Фермерлер одағының басшылары кірді. Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, «бағдаршам» қағидаты бойынша жайылымдардың тапшылығы және олардың қайтарылуы туралы статистикалық мәліметтер алынды. Бұдан басқа, қала мен аудан әкімдерімен бірлесіп түсіндіру жұмыстарының жоспары әзірленді, сондай-ақ депутаттар мен «AMANAT» партиясы мүшелерінің қатысуымен проблемалы өңірлерге шығу кестесі түзілді, – дейді партияның Қарағанды облыстық филиалының баспасөз хатшысы Анар Шаймерденова.Облыстық мәслихат хатшысының 2022 жылғы 15 шілдедегі «Облыстық мәслихаттың уақытша жұмыс комиссиясы мен жұмыс топтарын құру туралы» өкімі негізінде Қарағанды облысында жер ресурстарын ұтымды пайдалану жұмысын үйлестіру мақсатында 7 жұмыс тобы құрылған болатын. Құрамына облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудан әкімдіктерінің, Ауыл шаруашылығы, Жер қатынастары, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері кірді. Жұмыс тобы аудандарға барып, ауылдық жер ресурстарын пайдалану жөніндегі істердің жай-күйімен танысты. Сондай-ақ облыс әкімінің 2022 жылғы 7 маусымдағы өкімімен пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мәжбүрлеп алу жөніндегі республикалық комиссияның ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл топтың құрамына салаға қатысты мемлекеттік құрылымдар, сонымен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. Қарағанды облысының Жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Ақмарал Мұқашева:
– Бүгінде 2022 жылдың басынан бастап облыс көлемінде 1 млн 232,2 мың гектар (Ұлытау облысына берілгенге дейінгі Жаңаарқа ауданының 1,1 мың және Ұлытау ауданының 6,3 мың гектар жерлерімен қоса есептегенде) ауыл шаруашылығы жер учаскесі қайтарылды. Оның ішінде 1 млн 071,1 мың гектар жерді иелері өз еркімен қайтарса, жалдау шартының мерзімі өтуіне байланысты – 124,7 мың, сот шешімімен – 29,6 мың, басқа жолдармен 6,8 мың гектар телімі мемлекетке қайтарылды. 2022 жылы Қарағанды облысының Жер ресурстарын басқару департаментімен облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен қабылданған шешімдердің заңдылығына 11 тексеру жүргізілді. Айтар болсақ, Бұқар жырау ауданында – 4, Ақтоғай – 3, Қарақаралы – 2, Шет және Ұлытау ауданында бір-бір рет тексеру болды. Осы тексерулердің нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 12 шешім қабылданды, – дейді ол.2022 жылғы 26 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірлік комиссияның қарауына 7 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 4 өтінішке жазбаша түсініктеме берілсе, 3 өтініш құқық қорғау органдарының қарауында. Иә, игерілмей бос жатқан жер мемлекетке қайтарылуда. Оны «жұмыс істеймін» деп білек сыбанып отырған шаруаларға береді.
Қарағанды облысы