Мереке қарсаңында жеңілдік аңдып, қабылып сауда жасау, қаржы пирамидаларының құрбаны болу, соңғы уақытта инвестицияға әуестену, әлеуметтік желіге тәуелділік және басқа да тәуекелдерге ғалымдар жалпы атау бергелі қашан?! Философ Юваль Ной Харари бұл құбылысты тіпті заманауи қоғамның дерті деді. Ол – FOMO, яки fear of missing out – «қызықтан құр қалу қорқынышы». Бұл тақырыпқа бүгінде кейіпкер көп, тіпті, соның бірі – сіз бен біз. Неге дейсіз ғой? Мәселен, үйден шығып жұмысты бетке алған жолда әншейінде есігінің аузы бос тұратын дүкеннің алдынан ұзын-сонар кезекке көзіңіз түсті. Не істейсіз? Бәлкім, кезекке тұра қалмайтын боларсыз, әйтсе де, бұл халықтың неге жиналғанын бәрібір сұрап-білесіз, солай ма? Өйткені сізді де «қандай қызықтан құр қалдым» деген ой мазалайтын еді. Маркетинг доценті Өзейн Джерен Хайран бүгінгі көп жамағат дәл осындай сезімді бастан кешетінін сипаттап, оны маркетингте қалай пайдалану керегін жазады. Әлбетте, қазіргі нарық адамзаттың бұл қорқынышын ұтымды пайдалануда. Көбіміздің маркетинг құрбаны болуымыз сондықтан. Бұл туралы кейінірек. FOMO – бүгінгі қоғамның дерті десек те, жаңа құбылыс деуге келмейді. Өйткені бұл сезім бұрын да адамның іс-әрекетіне әсер етпей қоймаған. ХVII ғасырдағы нидерландық «Қызғалдақ безгегі» оқиғасын еске алайық. Ол уақытта тек бақташы қызығатын қызғалдақтың сирек кездесетін ұрығын сатуға делдал араласып, сұраныс артады. Барша халық жаппай ұрық сатып ала бастаған соң, оның құны қымбаттай түсіп, тіпті бір пәтердің бағасына пара-пар деңгейге жетеді. Ақыры аталмыш оқиға қызғалдақ нарығының құлдырауымен аяқталды. «Қызғалдақ безгегі» атауымен тарихта қалған оқиғаны зерттеушілер ол уақытта көп адам қатарынан қалмасы үшін сирек ұрықты қызғалдақ сатып алғанын жазады. Не болмаса, «Том Сойердің бастан кешкені» атты шығармадағы Томның шарбақты бояйтын эпизоды есіңізде ме? Бастапқыда оның достары аптап ыстықта шарбақ бояп тұрғанын көріп, келеке қылады емес пе? Артынан Том соншалық қызықты іспен айналысып тұрғандай кейіп танытқан соң, достары кейіпкерге қосылып, шарбақ бояп кетеді. Fear of missing out тіркесінде «қорқыныш» сөзі қолданылғанымен, бұл сезім көбіне беймаза күйге ұқсас. Өйткені адамның бойын қорқыныш емес, мазасыздық билейді. Ол айналысындағы қауымды әлдеқайда білімді, бай, бақытты, табысты көреді де, ал өзін үнемі бірдеңеден құр қалып жүрген бейбақ сезінеді. Ғалымдар FOMO белгілері көбіне 17 мен 47 жас аралығында байқалатынын айтады. Ал оның асқынуын көбіне көп әлеуметтік желілердің белсенді дамуымен байланыстырады.
«Бүгінде бізге таныс һәм бейтаныс адамның немен айналысып жүргені туралы көп ақпарат білеміз. Әлеуметтік желі қолданушыларының әбден безендірілген өмірі, әсірелеп баяндалатын түрлі хикаясын күнделікті көретін адам өз тіршілігін соншалық сұрықсыз бағалап, күйзеліске ұшырайды. Өзінің таңнан кешке дейінгі күйбең тірлігін жетістікке жету үшін әлі де жеткіліксіз деп ойлап, бос әуреге түсіп жүргендей күй кешеді», – дейді психолог Ұлмекен Жарболқызы.Әлбетте, «қызықтан құр қалу қорқынышына» триггер болатын тетік тек әлеуметтік желі емес. Психолог мамандар мұның бірнеше себебін алға тартады. Оның бірі – адамның базалық қажеттілігінің қанағаттанбауы.
«FOMO-ның академиялық негіздемесінің бірі – self-determination, адамның өз қажетін таңдау теориясы. Адамның мінез-құлқына базалық психологиялық қажеттіліктер әсер етеді. Мысалы, өнімді жұмыс істеу және жақсы нәтижеге қол жеткізу, я болмаса, айналасымен жақсы қарым-қатынас құру сияқты базалық қажеттілік бар. Кез келген адам осы негізгі қажет дүниені өтей алмаса, оның бойын қорқыныш билейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін адам көбіне көп керексіз дүние сатып алу, трендтен қалмау үшін инвестиция құю сияқты түсініксіз әрекетке барады», – дейді психолог-маман.
FOMO-ға бой алдыратын адам қоғамнан шеттетілуден қорқады. «Біздің миымыз қызықтан құр қалу – қауіпсіздігімізге қандай да бір қауіп төніп тұр деп қабылдауы мүмкін. Бәлкім, ми мұндай құбылысты біздің әлеуметтік қарым-қатынасымыз үшін қауіпті деп түсінуі ықтимал: мәселен, қоғамнан шеттетілсең, өмір сүре алу мүмкіндігің аз. FOMO-ның негізінде де әлеуметтік топтан алыстап қалу қорқынышы жатыр. Кенхи университетінің ғалымдары батыстағы бренд киімдердің корей жастарының арасында танымал болуын зерттеп, бұл құбылысты FOMO деп бағалаған. Өйткені тұтынушы, әсіресе, бөтен адамның пікіріне бейімі өзінің болмыс-бітімін өзі еліктейтін әлеуметтік топқа сәйкестендіріп, соған орай киінетін болған. Бұл – адамның өз қоғамының бір бөлшегі болу, олардан ерекшеленіп, шеттетіліп қалмау ниеті. Ал шеттетілген болса, онда сол қауымның қызығынан құр қалу қорқынышы. Яғни адам бойындағы беймаза күйден арылу, тіпті сол күйге түспес үшін индивид болудан бас тартады», – дейді Ұлмекен Жарболқызы.«Қызықтан құр қалу қорқынышы» әртүрлі сипатқа ие болуы ықтимал. Яғни әр адамның әлсіздігі әрқалай: бірі әлеуметтік желі қолданбаса, енді бірі инвестиция құймаса, ал тағы біреуі бірдеңе сатып алмаса, дүниенің қызығынан құр қалатындай күй кешеді. Психолог мамандар бұл эффекттің кейбірінде тіпті жеке қарым-қатынас құру барысында да байқалатынын айтады. Яғни, екі жас бір-бірімен бақытты өмір сүріп жатуы мүмкін, бірақ оның біреуі сол сәтте «Тиндерде» өзіне лайық әдемі, ақылды әлдекім бар шығар деген күйді бастан кешеді. Бүгінде FOMO-ның нарық, маркетингке әсері әбден зерттеліп қойды. Мамандар ендігі инвесторға ықпалын зерделеп жатыр. Өйткені бұл саланың құрбандары да осы «сезім» себебінен сергелдеңге түсіп әлек. Мәселен, криптовалюта сатылымының күрт артуы да осымен байланысты. Deloitte компаниясының зерттеуінше, адамдар танымал трендтен тысқары қалып қоймау үшін бұл салаға ақша құюға асыққан. «Келесі Microsoft-ты жіберіп алмау үшін бүгін инвестиция жаса! Биткойн қымбаттауда және қымбаттай бермек!» деген сипаттағы ұрансөздер адамдарды биткойн сатып алуға ынталандырған. Сауалнамаға қатысқандардың көбін «басқа адамдар биткойнда ақша тауып, байып жатыр» деген ой мазалаған.
P.S. «Қызықтан құр қалу қорқынышын» бастан кешетін адам өзгенің өмірін зерттеуге, біреудің бақытына еліктеуге және сол арқылы өзін бақытсыз сезінуге әуес келеді. Бұл, әлбетте, түрлі психологиялық дертке әкелуі мүмкін. Бүгінде көп адамның психолог жағалап жүруінің бір себебі – осы. Мамандар бүгінгі жамағаттың басым көпшілігі FOMO-ға бейім болатынын, әйтсе де оның асқынып кетуінен сақтану керегін айтады. Ол үшін өзін-өзі тану, тұлға ретінде даму, қалыптасу сияқты рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру маңызды. Басқасынан қорқудың қажеті жоқ, өйткені Фрейд айтпақшы, «Біз бәріміз белгілі бір деңгейде шизофреникпіз».