Спортшылардың қарқынын байқасаңыз, биыл толайым табыс күтіп тұрғандай. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте бәсекенің басты фавориті Сергей Карякинді жеңіп бір қуантты. Дзюдодан ел тарихында болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Хоккейші қыздар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп жатқаны тағы бар. Жас боксшылар жарап тұр Боксшылар қоян жылын сәтті бастады. Құрама саңлақтары Тайландта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 20 жүлде ұтып алды. 18-27 қаңтар аралығында өткен бәсекеге әлемнің 21 елінен 243 спортшы қатысты. 22 жасқа дейінгі боксшылар сынға түскен додада қыздар арасынан 70 келіге дейінгі салмақта Жасмин Кизатова мен 81 келіге дейінгі салмақта Гүлсая Ержан топ жарды. Одан бөлек, Мөлдір Тойкова (50 кг), Әнел Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Ишанова (66 кг), Дана Дидай (75 кг) қола медаль еншіледі. Жалпы есепте қыздарымыз екі алтын, жеті қолаға қол жеткізді. Жігіттерге келсек, Санжар Тәшкенбай (48 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг) пен Махмуд Сабыржан (57 кг) чемпион атанды. Абзал Серік (67 кг), Сабыржан Аққалыков (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг) күміс медаль қанжығалады. Талғат Сырымбетов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Ерасыл Жакпеков (80 кг), Ерхат Бекзат (92 кг), Аманат Сабырғали (92 келіден жоғары) қола жүлдеге ілікті. Осылайша, ерлер он бір медаль олжалап, үш алтын, үш күміс, бес қола жүлде алды. Біріншілік қорытындысы бойынша ұлттық құрама Біріншілік қорытындысында ұлттық құрама 20 медальмен (5 алтын, 3 күміс, 12 қола) екінші орынға жайғасты. Жүлде кестесінде Өзбекстан боксшылары 21 медальмен (14 алтын, 4 күміс, 3 қола) көш бастады. Үздік үштікті Тайланд құрамасы (3 алтын, 4 күміс, 2 қола) түйіндеді.
«Бізді қолдаған барлық жанкүйерге зор алғыс айтамын. Біз үшін уайымдап, жеңіс тілегендеріңізді жақсы білеміз. Бангкоктағы додаға келетін болсақ, мен ол жерде 57 келіге дейінгі салмақта сынға түстім. Бұл Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақ. Енді ауысқандықтан қиындау болды. Соған қарамастан, жақсы нəтиже көрсеттім деп ойлаймын. Мақсат баяғыдай – Олимпиада алтынын жеңіп алу», – деді Ұлттық құрама көшбасшысының бірі Махмұд Сабырхан.Айта кетерлігі, боксшылар үшін биылғы басты бәсеке – Ташкенттегі әлем чемпионаты мен Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары. Федерация басшылығы спортшылардың аталған сынға тас түйін дайындалатынын атап өткен. Жанкүйерін жылатқан қыздар 27-29 қаңтар күндері Португалияның Алмада қаласында дзюдодан жылдың беташар жарысы өтті. Аталған додаға 81 елден 500-ден астам дзюдошы бақ сынады. Жаңа құрама Гран-при бәсекесін үш медальмен аяқтады. Соның ішінде ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақта белдескен Жансай Смағұлов турнирдің күміс жүлдесіне ие болды. Смағұлов жарысты екінші айналымнан бастады. Өз тобында әуелі Олоф Хермодссонды (Швеция), сосын Владислав Казимировты (Украина) жеңді. Ширек финалда Йерун Касседен (Бельгия) басым түсіп, жартылай финалда Хосе Антонио Арандадан (Испания) айласын асырды. Ал финалда өзбек балуаны Обидхон Номановқа есе жіберді. Ескерерлігі, Жансай жарақатына байланысты өткен маусымды өткізіп алған еді. Спортшы үшін жаңа маусымды күміспен бастау тыныққанының әрі тыңнан түрен салуға дайын екенін білдіретіндей. Ал 48 келіге дейінгі қыздар арасындағы тартыс жанкүйерлерге қос қуаныш сыйлады. Өйткені мұндай финал ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева Алмада татамиінде финалда күресті. Нәтижесінде, Әбиба Гран-при жеңімпазы, Ғалия Тынбаева күміс жүлдегер атанды. Айта кетерлігі, аталған салмақ дәрежесінде 19 балуан бақ сынаса, финалда Әбиба мен Ғалия жолықты. Әбужақынова вазари ұпайымен чемпион атанды.
«Мен Еленаға жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл – елімізде теннистің табысты дамып келе жатқанының көрінісі. Australian Open финалына дейін жету – шеберлік пен тұрақтылықтың белгісі. Дода барысында Елена әлемдік рейтингінің көшбасшысы Ига Швентекті, басқа да мықтыларды тізе бүктірді. Олардың үшеуі – «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы. Еленаның түрлі төсеніштегі корттарда өзін еркін сезініп, қарсыласына байланысты тактикасын сауатты құратыны, өз ойынын үнемі жетілдіріп келе жатқаны айқын көрініп тұр. Жылдың сәтті басталуы алдағы жеңістерге жол ашады деп үміттенемін», – деді федерация президенті Б. Өтемұратов.Талайдың кеудесіне үміт отын жаққан Елена Рыбакина енді Дубайда өтетін жарысқа дайындалады. Оның аталған турнирдегі ойын мәнерін мақтаған сарапшылар жетерлік. Отандасымыздың болашағынан үміт күтетіндер көп. Теннистің басты сайыстарында қатысушылар үрке қарайтындай тұлғаға айналғаны сөзсіз. Тағы бір теннисшіміз Тимофей Скатов әлемдік рейтингте алға жылжыды. Ол Чилидегі челленджер жарысының финалына дейін жеткені үшін 144-тен 129-сатыға көтерілді. Скатов үшін келесі меже – үздік жүздікке кіру. Теннисшіміз аталған доданың финалында аргентиналық Федерико Кориаға жол берді. «Челленджер» турнирінде қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан ол финалда Кориадан 4:6, 6:3 есебімен жеңілді. Ал Теннис федерациясынан мәліметінше, Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен жаңартылған рейтингте Александр Бублик 36-орнында қалды. Бейбіт Жукаев 170-тен 168-ге ауысса, Михаил Кукушкин, Денис Евсеев, Дмитрий Попконың рейтингтегі жағдайы нашарлап кеткен. Жұптық сында Андрей Голубев 49-дан 48-ге жоғарыласа, Александр Недовесов 59-дан 65-ке сырғыды. Жібек Құламбаева мен Гөзал Айнитдинова жұптық сында Үндістанның Пуна қаласында өтіп жатқан ITF W40 турнирінде бақ сынады. Олар финалда доданың 1-ракеткалары, үндістандық Анкита Райна – Прантхана Тхомбаремен жолығып, 4:6, 5:7, 8:10 есебімен ұтылып қалды. Жекелей сынға келсек, Жібек Құламбаева аталған турнирді 1/8 финалмен аяқтады. Қуантарлығы, ITF Juniors турнирінде Заңғар Нұрланұлы алғаш рет чемпион атанды. Бәсеке Словакияның Трнава қаласында 18 жасқа дейінгі ойыншылар өткен-ді. 14 жастағы теннисшіміз финалда жергілікті Даниэл Балашекті 6:4, 3:6, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
«Барлық матч өте қиын болды. Дегенмен жекелей сында ITF Juniors додасында алғашқы титулымды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін маңызды», – деді ол.Ол былтыр Tennis Europe рейтингісінде үздік ондыққа еніп, ұзақ уақыт бойы чемпион дық кестеде көш бастады. Өткен жылдың желтоқсанынан бері Заңғар жоғары санатқа ауысып, қазір ITF Juniors турнирлерінде өнер көрсетіп жүр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ