Былтыр 80 мың киікті атуды жоспарлап, ақыры қоғамның сынына қалған Экология министрлігі ұстанымынан әлі айнымаған секілді. Жақында ведомство ғылыми мақсат үшін 2 мыңға жуық киікті аулайтыны жайлы ақпарат шыққан болатын. Дегенмен министрлік киікпен шектелмепті, таяуда олар бір жылдың ішінде миллиондаған жануар мен құсты жою туралы құжатты жариялады. Министрлік бұл қадамға не үшін бармақ? Көптің көңіліне күмән ұялатқалы тұрған жоба жайлы не білеміз? Ескі соқпақтың елесімен әуре Былтыр Экология министрі болып тұрған Серікқали Брекешов 80 мың киікті қыру жайлы айтқанда дүрлікпеген ел қалмаған еді. Ведомство басшысы бір облыстағы шаруалардың назын сылтау еткенін жақсы білеміз. Ақыры, Президенттен сөгіс алып, таяуда отставкаға кетіп тынды. Оның орнына Зүлфия Сүлейменова келді. Әуелде «ет жемеймін» деп өзін жаңашыл қырынан көрсеткісі келген ведомство басшысы жануарларға аса жанашыр емес тәрізді. Оны бастамасынан аңғардық. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бір құжатты жариялады. Жаңа Экология және табиғи ресурстар министрінің «2023 жылғы 15 ақпаннан бастап 2024 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимитін бекіту туралы» деп аталатын бұйрығының жобасы. Құжатта бір жыл бойы елде қанша жануарды аулауға болатынын көрсеткен. Бұл квотаны бекітер болса, аңшылардың қанжығасы майланып, аталған министрліктің ел тарихындағы «ең сүйкімсіз» кезеңі болғалы тұр. «Аңсыраса аңшы тоқтамайды» дегендей, аңшылықты ұйымдастырумен айналысатын фирмалар қыруар қаржы тапқалы отыр. Оларға тек құжаттың мақұлданғаны ғана қалды. Миллиондаған аң-құсты қырмақ Енді елең еткізбей қоймайтын нақты сандарға көз жүгіртейік. Жобаға сәйкес, биыл 15 ақпаннан бастап 2024 жылдың 15 ақпанына дейін аң аулау лимиті келесідей: 333 499 суыр, 309 233 ондатр, 67 081 түлкі, 49 989 сасық күзен, 23 870 борсық 13 634 жабайы шошқа, 12 706 елік, 22 мыңнан астам қарсақ пен ақкісті жою жоспарланған. Бұл тізім осылай кете береді. Тіпті, бұл «қырғыннан» аман қалатын жануар түрі санаулы тәрізді. Құстарды есепке алмағанда, 853 мыңнан астам жануарға қауіп төніп тұр. Құстарға да қауіп көп. Бұл жерде миллиондап санауға болады. 1,78 миллион үйрек, 1,05 миллион қаз, 480 мың қасқалдақ, 107 мыңнан аса кептер, 72 мыңнан аса қырғауыл нысанаға алынған. Бұдан өзгесімен қосқанда жалпы саны 3,73 миллионнан астам құс қырылмақ. Бұл квота осы санмен шектелмеуі мүмкін. Не де болса, жаңа министр жануар мен құсты аяғалы тұрған жоқ. Әуелде 1845 киікті ғылыми мақсатта аулайтынын жария еткен министрлік оны аз көрді ме, 3 мыңға көбейтіпті. Енді пікірлердің ауанын аңғарып көрелік. Министрлік жауабында мағына бар ма? Оқырманға бәрінен бұрын Экология министрлігінің қандай жауап бергені қызық болары анық. Ең алдымен, ведомство жануар атаулы аңшылықтан бөлек, ғылыми мақсатта да ауланатынын жеткізіпті. Оның да жеке квотасы бар. Бұдан бөлек, түрлі тәжірибелер, сынақтар жүргізеді екен.
«Ғылыми мақсаттарда алып қою квоталары Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық, Зооноздық инфекциялар институты, Зоология институты және Қазақ ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты үшін кепілдендірілген, соларға арналған. Қосымша квоталар, оның ішінде басқа ұйымдар үшін облыстар деңгейінде де бөлінген лимиттер шегінде бөлінуі мүмкін», – деп жауап беріпті министрлікке қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.Ал мына жауапқа зер салсақ, оқырманның күмәнін сейілтетіндей ештеңе байқалмайды. Жай әдеттегі жаттанды жауап сарынында. Осыған қарап, біз бірнәрсені болжаймыз. Былтыр 80 мың киікті ату жайы айтылғанда, бәрінен бұрын бастаманың артында белгілі бір топтардың мүддесі тұрғанын айтқан едік. Себебі министрлік сол киіктердің мүйізінен түсетін пайданы санамалағандай кездер болды. Бұл тұста сол баяғы аңшылыққа құмар шенді-шекпенділердің ықпалы білініп қалатындай. Әйтпесе, ғылыми мақсат пен тәжірибелер үшін мына сандар тым көп. Оны ғалымдар да айтып отыр. Мысалы, жоғарыда айтылған құжатта 1 жылдың ішінде 125 құдырды аулау көзделген. Алайда бұл жануардың саны жайлы болжамдар болмаса, нақты дерек жоқ, мекен ету аймағы өте тар. Сөйте тұра оны бұл тізімге не себепті қосқаны белгісіз.
«Құдыр Қазақстанның тек Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде батыс және оңтүстік Алтайда ғана кездеседі. Салмағы 10-15 келілік шағын жануар. Жалпы, олардың қанша қалғанын нақты айқындау күрделі, себебі құдыр таудағы қылқан жапырақты ну орманды мекен етеді. Жылына екі бұзаудан ғана туады. Құдырдың саны азайып келеді: 2021 жылы 504 болса, 2022 жылы 495-і ғана қалған. Осы жануарға қатысты шынайы жағдай белгісіз болғандықтан, біз бұл түрді аулауға ұсынуды мүлдем орынсыз деп санап, атуға кеңес бермейміз», – деген «Зоология институтының» Биоценология және аңшылықтану лабораториясының меңгерушісі Константин Плахов.Ғалымдар ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда аюларды, маралдарды, еліктерді, бұландарды, таутекелерді, қабандарды аулауға рұқсат етпеуге ұсыныс тастаған. Тағы бір дәйек, ғалымдардың сөзіне сенсек, Қазақстан аумағында қоңыр аюдың екі түрі тіршілік етеді: Тянь-Шань қоңыр аюы және оңтүстік Сібір қоңыр аюы. Тяньшаньдық түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сондықтан оны аулауға тыйым салынған. Оңтүстіксібірлік қоңыр аю аңшылық объектісіне айналды. Оның Қазақстандағы санының көпжылдық динамикасына жүргізілген талдау көрсеткендей, браконьерліктің белең алуы, қорықтар мен бос жерлердің тарылуы салдарынан бұл аңның саны 1999 жылға дейін күрт азайып кетіпті. Сол жылы оның саны тарихи минимумға жетіп, 980-і қалған. Содан соң саны қайта өсіп, 2 мыңға жетіпті. Елде қоңыр аюдың осы тұқымы жыл сайын орта есеппен 10,5 пайызға ғана өсіп отырады. Сол себепті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қоңыр аюдың екі түрін де аулауға рұқсат етпеген абзал. Тұзаққа ілінгелі тұрған қоңыр аю тек Алтайды, Тарбағатай, Сауыр тауларын мекендейді екен. Мекені Шығыс Қазақстан облысымен шектелген. Саны айтарлықтай өсіп те жатпағанға ұқсайды. Ұрғашысы көбіне екі жылда бір рет төлдейді, көбіне екі қонжық табады. Негізі, елімізде қоңыр аю біраздан бері әуесқойлық және спорттық аңшылықтың ең танымал нысанасына айналып үлгерген. Кейбір қалталылардың үйінің төрінде тұратын аюдың бас сүйегі мен төселген құнды терісі сол аңшылықтың белең алғанын көрсететіндей. Әрине, біз мәселеге біржақты қарағымыз келмейді. Мысалы, министрлік осы аңшылық маусымынан елге қандай пайда түсетінін егжей-тегжейлі баяндап берсе, қарсыласпас едік. Бірақ ондай жауап әлі жоқ. Аңсыраған мыңдаған аңшының мүддесін қорғап отырған министрлік ертеңгі күні тағы да қоғам сынына ұшырайтыны анық. Шамасы, Экология министрлігіне келген басшылар табиғатты көркейтуден бұрын, қырып-жоюды ойлап тұратын тәрізді.