Алматы облысының елді мекендерінде бұралқы иттер қораға шаба бастады. Ара-тұра бала-шағаның үрейін алады. Әсіресе, шағын қалалар мен ірі елді мекендерде қаңғыбас иттерден қағажу көргендер көп. Жасыратыны жоқ, кезінде қызығушылықпен асыраған күшік төбет болғанда аулаға сыймай жатады. Күні бойы үй бетін көрмей, тірліктің қамымен шапқылап жүретіндер де төрт аяқты «досқа» көңіл бөлмей, қараусыз қалдырады. Осылайша, қожайынға керегі болмай қалған иттер ертелі-кеш көше кезеді. Қарны ашқандары топтасып, үй құстарынан бастап, ауыл шетінде шығып кеткен бұзауға, қозы-лаққа ауыз салады. Кейде жалғыз-жарым жүрген адамдарға да шабуылдайды. Қазіргі кезде ымырт үйірілгеннен кейін ауылдарды айтпағанда, қаланың өзінде жалғыз-жарым жүрудің өзі қауіпті болып барады. «Ана ауылда баланы талап тастапты, мына қалада кісіні қан-жоса етіпті» деген сұмдық хабарлар екі күннің бірінде естіліп жатады. Қалай болғанда да, бүгінде қаңғыбас иттер мәселесі барлық өңірде күйіп тұр. Оның үстіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң күшіне енгелі, осы саланы реттейтіндердің де қолы байланып қалғандай. Өйткені шеттен шықпаса бұралқы итке қару кезенуге рұқсат жоқ. Тек тірідей ұстап әкетіп жатады. Онда да көзге түскендерін ғана. Қазір Алматы қаласы маңындағы үлкенді-кішілі, іркес-тіркес орналасқан ауылдардың тұрғындары балаларын көзден таса етпеуге тырысады. Мектепке шығарып салып, қарсы алып жүреді. Сондай-ақ күнкөріс үшін ұстап отырған үй құстары мен азын-аулақ малды да үнемі бақылауда ұстайды. Өйтпеске амалы да жоқ. Көше кезген бұралқы иттер енді қорадағы малға шабуылдай бастапты. Қарасай ауданындағы Елтай ауылдық аумағында орналасқан Көкөзек ауылы Алматы қаласынан анау айтарлықтай қашық емес. 20 шақырым ғана жерде қоныстанған. Бүгінде оңтүстік астанаға тиіп тұрған осы елді мекен тұрғындарынан әбден маза кетті. Мұндағы қаңғыбас иттер бүкіл кентті қорқыныш құшағында ұстап отырғанын айтады. Балаларды айтпағанда, үлкендердің өзі қараңғы түскенде көшелермен жүруге жасқанады. Иттердің еркінсігені сондай, ауыл маңындағы малды қойып, қорада тұрған қой-ешкіге ауыз сала бастапты.
«Қасқырдан бетер қиын болды. Жабық қораға ебін тауып кіріп, қой-ешкіні қырып кететін болды. Біз ауылдың тура ортасында тұрамыз. Бала-шағаның қамы үшін азын-аулақ ұсақ жандық ұстаушы едік. Содан айырылып, жер сипап қалдық. Малды жаятын жер жоқ. Айналаның барлығы құрылыс. Амалсыздан қорада бағып-қағамыз. Түнде қораға кірген иттер қойларды жеп кетіп жатыр. Тиісті орындарға бірнеше рет хабарластық. Ешкімге керек жоқ, нақты шара қолданбайды. Не істерімізді білмейміз», – дейді көкөзектік тұрғын Г.Дәркенбаева.Ауыл әкімдегілер мәселеден хабардар. Олар бұл мәселені реттеу үшін тиісті шаралардың қабылданатынын алға тартады. Қаңғыбас иттер тобы қорадағы малды қырып кеткені туралы хабар түсісімен аудандық ветеринарлық стансадан қаңғыбас иттерді аулауға арнайы бригада жіберіліпті. Бір күнде 19 ит ұсталып, арнайы орынға тапсырылған. Бұған дейін де осындай дабыл түскенде, осындай шара қолданылыпты. Алайда ауыл тұрғындарының алаңдауы басылар емес. Олар бірреттік шараның әсері байқала қоймайтынына наразы. Мұндай жұмыстарды тұрақты жүргізбей нәтиже шығару қиын-ақ. Ең өкініштісі, ілу де біреу бұралқы ит қолдарына түсіп жатса ветеринар оны өздерімен бірге алып кетіп жатады. Сонда да көше кезген иттің азаяр түрі көрінбейді. Сондықтан бала-шағаның амандығын ойлаған көкөзектіктер іске өздері кіріспек.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы