Қазір субсидиялау мәселесі кәсіпкерлердің шымбайына батып жүр. Сөзімізге қызылордалық 300-ге жуық фермердің субсидиясыз қалып, еселі еңбегінің зая кететінін айтып, зар илеп отырғаны дәлел. Фермерлердің уәжіне құлақ түрсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі «қаңтарда іске қосылады» деп желеу еткен gosagro.kz порталы әлі күнге жұмыс істемейді. Бұған қоса Qoldau.kz желісі де жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің қаңтар-ақпан айларына арналған субсидиясын ала алмай отыр. Негізінен осы кезге дейін «Сыбаға» және «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге шамамен 20 пайызбен несие берілген. Бағдарлама аясында аталмыш несиенің 6 пайызын кәсіпкер төлесе, қалған пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Алайда кәсіпкерлер осы несиені уақытылы төлей алмаудан қорқады. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген gosagro.kz порталының әлі күнге іске қосылмауы несие алушыларды тығырыққа тіреген. Жағдай осылай жалғаса берсе, фермерлер қаңтар-ақпан айларына мемлекеттен бөлінетін субсидияны ала алмай, берешегін 20 пайыздық артық мөлшерлемемен төлеуге мәжбүр болады. Бұл мәселе Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіп кешені комитетінде де қаралды. Комитет отырысында кәсіпкерлер тарапынан порталдың кемшіліктері мен әкімшілік кедергілері туралы айта келе, өзгеріс енгізу жайында ұсыныстар айтылды.
«Несие берешегін алдағы ақпан айында төлеуіміз керек. Егер уақытында төлемесек «қара тізімге» енетініміз анық. Оған қосымша үстемақысы да бар. Көкке жарымаған көтерем малды сату оңай шаруа емес. Артық пайызды төлеу үшін малымызды сатудан басқа амалымыз да жоқ. Не істерімізді білмей дал болып отырмыз. Шаруалардың жайын ойлап жатқан ешкім қара көрсетпейді. Мына түрімізбен мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз», – деп ашынды бұл жайында «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Биманов.Ал несие серіктестігі тарапынан аталмыш мәселенің қиындық туғызып тұрғанын жоққа шығырмайды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан тиісті міндеттеме толық орындалмаса, шаруалардың шаруасы өрге баспайды.
«Бұл мәселе қолдан жасалды. Жұмыс істеп тұрған платформаның күшін жойып, әлі зерттелмеген, шикі бағдарламаны өзгеріске енгізіп жіберді. Болар іс болды. Біз шаруаларға «қорларыңызды мына уақытқа дейін дайындай беріңіздер» деп айтайын десек, порталдың қашан ашылатыны да белгісіз. Оған ешкім нақты жауап бере алмай отыр. Біздің несие серіктестігі арқылы биылға 186 қарыз алушыға 300 млн теңге субсидия қажет. Портал іске қосылмаса фермерлер 300 млн теңгені өз қалталарынан шығару қажет деген сөз», – деп ағынан жарылады бұл жайында «Сырдария-1» несие серіктестігінің төрағасы Алмат Абдуллаев.Бүгінде несие серіктестігінің басшысы тығырықтан шығудың жолы ретінде өтінімдерді уақытша қағазбен тапсыруды ұсынып отыр. [caption id="attachment_238416" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Бұл мәселе төңірегінде облыстағы жауапты мемлекеттік орган басшылары да хабардар екен. Соған орай былтырдан бері субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі жайында министрлікке 30-дан астам ұсыныс беріпті.
«Бұл мәселе жайында министрлікке және бағдарламаны әзірлеушілерге жан-жақты жеткіздік. Яғни, жаңа ақпараттық жүйе толық іске қосылып кеткенше qoldau.kz порталымен жұмыс істеуді ұсынып жатырмыз. Алайда әзірге бұл ұсынысымыз қанағаттандырылмай тұр», – деді облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетов.Бұл мәселе жайында Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті директорының орынбасары Әлем Жұмабеков портал жұмысы 1 ақпаннан бастап іске қосылатынына сендіріп отыр. Ал Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс істейтінін жеткізді. Жалпы бұл Қызылорда облысында кәсіпкерлерге берілетін несие төңірегінде туындаған алғашқы дау емес. 2021 жылы да осы «Сырдария-1» несие серіктестігінен несие алған 45 кәсіпкер субсидиядан қағылып отырғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Сол кездері өтініш бере алмаған кәсіпкерлер Qoldau.kz қосымшасын сынға алған еді. Бұл жолы Gosagro.kz порталының жұмыс істемеуі салдарынан жапа шегіп отырған кәсіп иелері кімге шағымданарын білмей отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, санаулы күндерден кейін берешектерін жоғары үстемемен төлеуге мәжбүр болатынын айтып, ашынады.
Қызылорда облысы