Министр Аймағамбетов кімге ескерту жасады?
Министр Аймағамбетов кімге ескерту жасады?
Фото: Интернеттен алынды
289
оқылды
Тараз қалалық білім бөлімінің басына қайта қара бұлт үйірілді. Кеше №43 мектепте шыққан шуға Үкімет үйінен де «үкім» шығып,    Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорын уақытша қызметінен босатты.   Білім және ғылым министрлігінде өткен ақпараттық кеңесте Асхат Аймағамбетов Тараз қаласындағы жағдайға қатысты нақты ойын білдірді.  «Білім басқармасы, қалалық білім бөлімі тарапынан тиісті шара уақытылы қолданған жоқ. Сондықтан, әзірге, екі басшыға да  ауызша ескерту жариялаймын. Республика көлемінде айқай-шу шыққаннан кейін комиссия тағайындағаннан не пайда?», – деді министр. Бұдан бөлек, Асхат  Аймағамбетов мектеп директоры Эльмира Өмірбекованың ісіне қатысты бұған дейін орын алған  оқиғаларға да  назар аударды.
«Мен видеоларды қарап шықтым. Мұның алдында да бірнеше жыл бұрын келеңсіз жағдайлар болған екен. Жалпы, мектепте болып жатқан ахуал онша дұрыс емес.  Мектепке жекеменшік ретінде қарауға болмайды», – деді ол.
Министрдің «жекеменшік ретінде қабылдауға  болмайды» дегені өткен жұмада білім саласының мамандарымен кездескенде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтқанынан туындағандай. Сол жиында аймақ басшысы кейбір мектеп директорлары өздерін князь ретінде сезінетіндігін сынға алған  болатын. Ауыз жиып болмай, №43 мектепте директордың диктаторлығы көрініс тауып отыр. Қазір аталған іске қатысты мектепте арнайы комиссия жұмыс жасауда. Ал мектеп басшысы Эльмира Өмірбековаға қатысты ұстаздар ғана емес, ата-аналар да  шағым айтуда. Енді тексерістің қорытындысын күту қалып тұр. Осы тұста бір қызық жайт,  Білім және ғылым министрі облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлім басшыларына  ауызша ескерту жасағанымен, аталған мекеменің де басшылары Тараз қаласындағы дәретханада қыз зорланғаннан кейін жұмыстан босатылғанын ел жақсы біледі. Сонда министр кімге ескерту жасап отыр? Егер мектеп директорының заңсыз әрекеттері дәлелденсе, жауапкершілік жүгін кім арқаламақ? Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы