Қазақстанда бәйгені дамытудың 5 жылдық бағдарламасы әзірленеді
Қазақстанда бәйгені дамытудың 5 жылдық бағдарламасы әзірленеді
Фото: Табылды Кадырбеков
Қазақстанның бәйге федерациясы ұлттық спорт түрі – бәйгені дамытудың 5 жылдық бағдарламасын әзірлейді, – деп хабарлайды Halyq Uni. Бұл туралы республикалық федерацияның жаңа басшысы Қанат Көпбаев мәлімдеді. Бағдарламаға бүкіл әлемде танымал тегіс жердегі ат жарысын дамыту да кіреді. Федерация Қазақстанда ұлттық спорттың осы түрін дамыту үшін жылқыға арналған допинг-зертхана қажет деп санайды. Бәйге федерациясының басшысы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Мадияр Меңілбековпен кездесті. Әңгіме барысында ол бұл бастамаға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді. Айта кетейік, ат жарысын ұйымдастыру және осындай инфрақұрылымды салу бойынша БАӘ-ның тәжірибесі мол. 2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Мұның алдында бұл іс-шара Түркияда өтті, оған 100-ге жуық елдің құрамасы қатысты.
"Қазақстан көшпенділер ойындарын өткізу жауапкершілігін өз мойнына алды. Жарыстың қай жерде өтетіні әлі анықталған жоқ. Барлығы халықаралық деңгейде өтуі үшін допинг-зертхана қажет", – дейді ол.
Айта кетейік, республикалық бәйге федерациясы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді.