"2 миллион теңгеге дейін сұрайды": Президент үйлерді газға қосудың қымбаттығын сынға алды
"2 миллион теңгеге дейін сұрайды": Президент үйлерді газға қосудың қымбаттығын сынға алды
© infosmi.net
Елордадағы тұрғын үйлерді газ жүйесіне қосу жұмыстарын тездету керек. Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Президент маңызды міндеттің бірі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты болып тұрғанын айтты. Осы орайда әкімдікке жалпы қуаттылығы 700 мегаватт болатын қосалқы стансалардың құрылысын жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев газ желілерін тарту жұмыстарына да тоқталды. Мемлекет басшысы 2019 жылы «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезегі аяқталғанын атап өте келе, әкімдікке 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын алабына газ тарту міндеті жүктелгенін айтты. Бұл тұрғыда Президент газ жүйесіне қосу жұмыстарының баяу қарқынына байланысты экология нашарлап жатқанын жеткізді. Аязды күндері көмірмен жағылатын пештен шыққан түтін қаланың аумағына жайылады.
«Бұған дейін елорда аумағына толықтай газ тарту жұмысын аяқтауды бірнеше рет тапсырған едім. Бірақ оны орындау мерзімі үнемі кейінге шегеріліп келді. Сондықтан бұл жағдайды тез арада өзгерту керек. Үкімет пен әкімдік осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, белгіленген мерзімінде аяқтауы қажет. Сонымен бірге  Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, елордаға қажет көлемдегі газды қамтамасыз ету мәселесін шешуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Президент тұрғындардың үйлеріне газ тарту құны қымбатқа түсіп жатқанын айтты.
«Бұл қызмет үшін 2 миллион теңгеге дейін сұрайды екен. Осындай жағдай барлық аймақтарда да қалыптасқан. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесе отырып, тұрғындардың үйлерін газ жүйесіне қосуға баға белгілеудің ашық әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын»,–  деді Мемлекет басшысы.