Nur Otan партиясы жатақхана салу мәселесін бақылауға алады
Nur Otan партиясы жатақхана салу мәселесін бақылауға алады
© Nur Otan партиясының баспасөз қызметі
Студент жастар жатақханаға жарымай жүр. Бұл мәселе бүгін Nur Otan партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетінің жиынында талқыланды. Ал еліміздегі жатақханалар құрылысының қарқыны туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова баяндама жасады. Партиялықтар министрлік өкілінің алдына жатақхана бөлмесін жалдау ақысы студенттерге арзанға түспейтінін де көлденең тартты.
«Бұрын жатақханаларда тұру үшін жалдау ақысының шекті құнын анықтайтын бұйрық бар еді. Алайда, жатақханалардың қазіргі жай-күйінің төмендеуіне нақ осы құжаттың да әсері болғанын айту керек. Жатақханалардың басым бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Материалдық-техникалық жабдықтауда да қиындықтар бар. Яғни, жалға алудан түскен төлем нысандардың сапалы жұмыс істеуі үшін қаражат қалыптастыруды былай қойғанда, қызмет көрсетудің өз құнын да ақтамады. Мемлекеттік ЖОО үшін бұл түйінді мәселе болып отыр. Сондықтан, қазіргідей жалға алу құнын нарықпен реттеу дұрысырақ», - деді Бибігүл Асылова.
Сонымен қатар, осы жиында Комитет мүшелері Білім министрлігінің бюджет қаражысын тиімсіз пайдаланғанына да назар аударды. Партиялық бақылау комитеті келтірген мәліметке сүйенсек, республикалық бюджетте студенттер, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс беруге 15 миллиард теңге (2019 жылы - 1 млрд теңге, 2020 жылы - 4 млрд теңге, 2021 жылы - 10 млрд теңге) қарастырылған. Соған қарамастан, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс аясында бар-жоғы 177 миллион теңге игеріліп, қаражаттың 70% -дан астамы қазынаға қайтарылған. Ал сол кезде студенттер тұрып жатқан жатақханалардағы жағдай көңіл көншітпейді. Тіпті, кейбіреулері өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері жөндеу көрмеген. Осы орайда, Jas Otan жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев өздері жүргізген рейд нәтижелерін ортаға салды. Оның айтуынша, еліміздегі 130 жоғары оқу орнында 600 мыңға жуық студент білім алуда. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға жуық өскен. Бүгінгі таңда 85 мыңнан астам қазақстандық студент жатақханадағы орынға мұқтаж.
«Біздің есебіміз бойынша, ЖОО-ның 270 жатақханасында 90 мыңнан астам студент, ал колледждерге тиесілі 386 жатақханада 97 мыңнан астам жас тұрады. Оның ішінде Алматы қаласында білім алып жатқан жастар арасында жатақханалардағы орынға деген қажеттілік жоғары – шамамен 25 мың орын. Ал елордадағы студенттердің 9 мыңына жатақханадан орын жетпейді. Елдегі 270 жатақхананың тек 76-сында ғана жастар үшін жақсы жағдай жасалған. 175 жатақханадағы жағдай - орташа, 19-ындағы жағдай төмен. Колледждерге тиесілі 386 жатақхананың 41-інде санитарлық жағдай нашар» - деді Елнұр Бейсенбаев.
 width= Комитет төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев аймақтар мен орталықтағы ақпараттарда сәйкессіздіктер байқалатынын айтты. Жатақханалар құрылысының мерзімі көбіне бюрократиялық кідірістерге байланысты ұзаққа созылады. Ал кейбір жағдайларда университеттер басшылығы ескі ғимараттарды қалпына келтіру арқылы жаңа орындар жасадық деп көрсетеді.
«Білім ордалары жаңа жатақханалардың пайдалануға берілгенін хабарлағанымен, біздің жұмыс тобымыз шын мәнінде жатақхана құрылысының әлі жүріп жатқанын анықтады. Мұндай көзбояушылықпен айналысатындарды ерекше бақылауда ұстаймыз. Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев студенттердің өмір сүру жағдайларын тексеруді және жатақханалардағы орындарды бөлуде жемқорлыққа жол берілмеуін бақылауды тапсырды. Сондықтан партия бұл мәселені үнемі бақылауда ұстайды», - деді Павел Казанцев.