Балабақша мұқтаждығынан қалай арыламыз?
Балабақша мұқтаждығынан қалай арыламыз?
463
оқылды
Бүгін Астана қаласы «Жер аманаты» партиялық комиссиясы «Астана қаласын 2035 жылға дейін дамытудың бас жоспары жобасы аясында мектепке дейінгі білім беру мен басқа да проблемалық әлеуметтік нысандар» тақырыбында кездесу өткізді. Жиынды «AMANAT» партиясы қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Сақтаған Сәдуақасов ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ комиссия жұмысына оның мүшелері, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар қатысты. «Menin elim dala» бағдарламасының белсенділері қатысты. Өткен жыл соңындағы есеп бойынша Астана қаласы халқының саны 1млн 350 мыңнан асты. Бұл сөзсіз қуанарлық жайт, бірақ шаһар инфрақұрылымы мұншама адамға қызмет көрсетуге арналмаған. Түйіткілдердің бәрі осыдан шығады. Соның салдарынан балабақша, мектеп, медициналық нысандардың жетіспеушілігі сияқты түрлі әлеуметтік проблемалар туындайды. Мәселен, бүгінде тек балабақша орындарына ғана 54 мың қалалық мұқтаж, сонымен бірге 8 мың адам орын күтіп, кезекте тұр. Бұл жайттар күнделікті күйкі тірліктен шаршап-шалдығып жүрген қара халықтың жүйкесін одан сайын жұқарта түседі. Мұның соңы әлеуметтік кикілжіңдерге апарып соқтыруы мүмкін. Әрине, қалада балабақша да, мектеп те, басқа әлеуметтік маңыздағы нысандар да көптеп салынып жатыр. Тек кейбіреулерінің құрылысы түрлі себептермен о бастағы жоспарлы мерзімінен кешіктіріліп берілсе, енді біреулерінің нарықтағы баға қымбатшылығына байланысты жобалық-сметалық құны өзгеріп кеткен, бірінің о бастағы мақсатты пайдалану түрі қайта қаралатын болған. Сарапшылардың есебінше, 250 орындық бір балабақша салудың орташа құны 2 млрд теңгеден асатын көрінеді. Рас, Астана қаласын 2035 жылға дейін дамытудың бас жоспарында аталған нысандардың жетіспеушілігінен арылтуға арналған жоба көп. Бірақ оның кемшілік-кетігі аз емес. «Menin elim dala» қоғамдық ұйымының жетекшілерінің бірі Мәдина Абдрахманованың айтуынша, Бас жоспарға көз жүгіртудің өзі көңіл түршіктіретін көрінеді. Өйткені Бас жоспар тым «қызарып» кеткен, яғни қаланы дамыту картасында бірі-бірімен жарыса аспанға мойын созған көп қабатты үйлер қатар-қатар сап түзеп, жаңадан саябақ, гүлзар, саяжол, адамдар тыныстайтын алаңқайлар ашуға тиісінше көңіл бөлінбеген. Мұның бәрі шаһардың атмосферасын ластап, адамның денсаулығына орасан зор зиян тигізетіні, айтпаса да түсінікті. Қалыптасқан норма бойынша, бір адамға 5 ш.м2 жасыл желек тиесілі болса, Бас жоспарда ол жағы ескерілмеген. Сондықтан адам саны жедел өсіп келе жатқан елорданы тиісінше инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, балабақша мен мектептерде орын жетіспеушілігін жоюмен қатар, қаланы адамның саулығын сақтау үшін жасыл желекке малындырып қою жағын да ұмытпаған жөн. Көтерілген тақырып бойынша Астана қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарасы басшысының орынбасары Ғаббас Берғалиев, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов, қоғамдық денсаулық сақтаубасқармасының басшысы Тимур Мұратов және тағы бірқатар адамдар сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.