Оралда отқа оранған мектеп-лицейдің күзетшісі ауыр халде ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 66 жастағы азамат түтінге тұншығып қалған. Қазір жансақтау бөлімінде жатқызылған, жағдайы ауыр. Бұл туралы AstanaTV хабарлайды. Қызыл жалын ғимарат ішіндегі 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазір бүлінген жер қоршауға алынып, мектепте сабақ тоқтатылды. Бүгіннен бастап білім ошағындағы 26 сыныптың бәрі де онлайн оқу режиміне көшіріліпті. Онлайн-сабақтың қашан аяқталары әзірге белгісіз. Мектеп басшылығы анықтаушылардың шешімін күтіп отырғанын айтады.
– 5-сыныптың кабинеті өртенген. Қасында тұрған ағылшын тілі кабинеті өртенді. Төбе мен қабырға күйе-күйе. Кабинеттің парталары өртеніпті. Жоғарыдағы шамдарының бәрі, – деді №28 мектеп-лицейінің директорының орынбасары Әлия Дүйсеғалиева.Әзірге тілсіз жау электр желісінің қысқа тұйықталуынан болған деген болжам айтылып отыр. Яғни, мектеп күзетшісі электр қуатын ажыратпақ болған кезде токқа соғылған. Түтінге тұншығып, уланған оған жедел көмек көрсетіп, сыртқа шығарылған. Қазір мектепке қанша шығын келгені анықталып жатыр.
– Өртті өшіруге ТЖД-дан 54 адам жеке құраммен 13 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрекетінің нәтижесінде өрттің үлкен аумаққа таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрттің себебі мен оған кінәлі тұлғаларды және материалдық шығынды анықтау бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр, – деді облыстық ТЖД басқарма бастығы Мереке Жұмағалиев.