Екі оқу орны арасында меморандумға қол қойылды
Екі оқу орны арасында меморандумға қол қойылды
556
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың Лондон университетінің Шығыстану және африкатану мектебіне ресми сапары аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ж. Түймебаев Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебінің директоры Адам Хабибпен кездесу барысында ҚазҰУ-дың жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
– ҚазҰУ өткен жылы QS халықаралық рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 150-орынға көтерілді. Азия елдері арасында оқу ордасы 44-орында. Қазіргі таңда университетте 26 мыңға жуық студент оқиды. Оның ішінде 3000 студент шетелдерден келіп, білім алуда. Алдағы уақытта өзге мемлекеттерден ҚазҰУ-ға түсетін студенттер санын арттыру жоспарда бар. Басты міндет – шетелдік студенттер үлесін 2025 жылға қарай 10 пайыздан 25 пайызға дейін ұлғайту. Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, халықаралық деңгейде де зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Университет ғалымдары отандық ғылымды дамытуға өз үлестерін қосуда. Оқу ордасында 100-ден астам инновациялық жоба дайындалды. Бүгінде оларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыс жүргізілуде, – деді университет ректоры.
Өз кезегінде Адам Хабиб ҚазҰУ-дың жетістіктерін жоғары бағалап, Лондон университеті Шығыстану және африкатану мектебі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы үздік 40 ЖОО қатарына кіретін университет ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті одан әрі арттыруға дайын екенін айтты. Кездесу соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Лондон университеті арасында академиялық ынтымақтастық пен алмасудың негізгі бағыттарын айқындайтын меморандумға қол қою рәсімі өтті. Келісім аясында қос тарап ғылыми жарияланымдармен, ақпараттармен, оқытушылар құрамы және ғалымдармен, студенттермен алмасуға, сондай-ақ бірлескен зерттеулерге жәрдемдесетін болады. Сонымен қатар ҚазҰУ басшысы Кингс колледжінде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламасы бойынша оқып жатқан ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамының өкілдерімен кездесті.