10 мыңға жуық өтініш зерделенді
10 мыңға жуық өтініш зерделенді
1,123
оқылды
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс ХLVI конференциясы өтті. Конференция жұмысын филиал төрағасы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды. Жиында «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жобасы бекітілді. Партиялық тізім және бір мандаттық сайлау округтері бойынша сайланатын Шымкент қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттардың тізімі таныстырылды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттарының аралас жүйе бойынша сайланатынын атап өтті. Филиал төрағасы аралас жүйенің тиімді тұстары көп екенін еске салды. Себебі, бұл тұрғындардың өз қалауы бойынша лайықты кандидатты депутат етіп сайлауға мүмкіндік береді. – Бұрын округ тұрғындары өздері сайлайтын депутаттың кім екенін білмей жататын. Содан өздерінің арыз-шағымдарын қай депутатқа айтуды білмей бас қатыратын. Сондықтан, бұл жүйенің тиімді тұсы көп. Осы шақырылымда өте белсенді, дұрыс жұмыс істеген азаматтарды  саяси бюроның ұсынысымен партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына үміткерлер тізіміне енгіземіз, – деп атап өтті филиал төрағасы. Конференция жұмысына партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты. Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының 30 мыңға жуық мүшесі бар. «AMANAT» партиясының Шымкент қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы елді-мекендердің тұрғындары мен азаматтардың ұсыныс-тілектерінің және қоғамдық қабылдауға түскен 10 мыңға жуық өтінішті зерделеу нәтижесінде дайындалған. Жиында сараптамалық-талдаулар кезінде қаламыздағы 10 өзекті мәселелер анықталғаны жөнінде айтылды.  Олардың қатарында айлық жалақының төмендігі, жұмыссыздық, тұрғын үй, инженерлік желілердің тозуы, жол, газ, электр энергиясы, кәрізбен толық қамтылмау, оқушы орындарының тапшылығы, экологиялық мәселелер, емханалардың жетіспеушілігі және жастар жұмыссыздығы мен сыбайлас жемқорлық, отбасындағы зорлық-зомбылық,  жастар арасындағы суицид  мәселесі бар. Партия филиалы келешекте осы мәселелерді назарға алмақ.