Инвестиция – игілік бастауы
Инвестиция – игілік бастауы
718
оқылды
Кейінгі үш жылда аймақтағы елдер экономикаларын дағдарыс жалыны шарпып, жағдайды ауырлатты. Алдымен, аймақ жаһандық пандемияға ілесе жеткен, локдаундардан күш алған «коронакүйзелістің» қуатты қыспағында қалды. Оның соңы қасіретті қаңтар оқиғаларына ұласты. Іле-шала посткеңестік кеңістікте сұрапыл соғыс өрті қаулап, геосаяси ахуал одан сайын ушықты. Қатаң санкциялар сауда-саттыққа соққы жасады. Сарапшылар осы ал­мағайып шақта ТМД кеңістігінен инвесторлар қаша бастағанын айтып, дабыл қақты. Дегенмен Қазақстан инвесторлар үшін тартымдылығын сақтап қана қоймай, өңірде көшбасшыға айналғаны айқындалып отыр. Ресейді үш орап кетті
Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге ин­вестиция тартуды президенттік ка­ден­циясының басты бір басым­дығы деп белгілегені мәлім. 2019 жылғы 2 қыркүйектегі тұңғыш Жол­дауында Қасым-Жомарт Кемелұлы билік алдына «шетелден ті­келей инвестиция тарту жұмыс­тарын барынша жандандыру» міндетін қойды. Себебі, оның бай­ламынша, онсыз алдағы уақытта респуб­ликада экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Сондық­тан ол аталған істі «атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі» деп белгіледі.
Ал 2022 жылғы 20 қарашада пре­зиденттік дода өткенде Қ.Тоқаев төл сайлауалды бағдарламасында «Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылады» деп уәде етті. Мемлекет озық техно­логиялары бар ірі инвесторларды тарта отырып, ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын бастауға қабілетті жаңа «ойын ережелерін» орнатты. Бұл ретте жергілікті қамту мен технологиялар транс­ферін барынша қамтамасыз етеді. Нақты сандық меже де аталды. Алдағы жеті жылда кем дегенде 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылады. Бұл уәде қаншалықты орындалуда? Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) зерт­теуі көрсеткендей, Қазақстан алыс шетел­ден ғана емес, өз аймағынан инвестиция тартуда да көшбасшыға айналып шыға келді. Еліміз бұл тұрғыдан тіпті бұрынғы көшбасшы Ресейді үш орап кеткен екен.
«Өзара тікелей шетелдік инвестициялар (зерттеуде: «взаимные ПИИ») базасына ТМД кеңістігіндегі 12 ел аумағында құны 1 миллион доллардан асатын 570 жоба кірді. 2022 жылдың бірінші жартысында бұл жобаларға жалпы сомасы 24,5 миллиард доллар инвестиция құйылған. Сөзсіз көш­басшы – Қазақстан, ол достастық ел­дерінен өз жобаларына былтырғы жарты­жылдықта 10 млрд 702 млн доллар қаржы тартты. Беларусь – 5 млрд 461 млн, Ресей – 3 млрд 641 млн, Армения – 3 млрд 122 млн, Қырғыз Республикасы – 1 млрд 566 млн доллар», – деп хабарлады ТМД ұйы­мы­ның ресми интернет порталы.
Аймақта инвестицияны экспорттауда Әзербайжан алға озды: оның өзге елдерге салған инвестициясы төл жалпы ішкі өніміне шаққанда 6,7 пайызды құрады. Мысалы, әзербайжандық Bakcell Ук­раинаның ұялы байланыс нарығында ре­сейлік МТС компаниясын ауыстырды. Екінші орында Қазақстан: аймаққа құйған инвестициясының көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 2,2 пайыз. РФ өз ЖІӨ-сінің небәрі 2 пайызына бара-бар көлемде ғана инвестиция сала алған. Беларусь көр­сеткіші – 1,8 пайыз. Әйтсе де, Қазақстан өзара тікелей шетелдік инвестицияларды импорттауда тағы да көшбасшыға айналды. Былтыр аймаққа тартылған инвестицияның төрт­тен бірін, 24,3 пайызын жалғыз Қазақстан иемденді. Бізден кейін Өзбекстан орналасты: 20,1 пайыз. Беларусте – 12,6 пайыз. Одақтастарын да шошытқан Ресей бесінші орынға түсті: 8,8 пайыз. Оны Әзербайжан артқа тастапты: еншісі – 9,5 пайыз. Грузияның үлесі – 7,2 пайыз, Ар­мениянікі – 7,1 пайыз, Украинанікі – 4 пайыз. Ең ірі инвесторлар кімдер? Бірақ Қазақстанның ең ірі, көш басындағы инвесторлары ТМД емес, Батыста. Олар кімдер? Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров­тың мәліметінше, Қазақстан эко­номикасына құйылған барлық инвестиция ішінде тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі 2022 жылдың 9 айы қорытындысында 22,1 миллиард долларды құрады.
– Бұл 2021 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 17,8 пайызға көп. Атап айтқанда, машина жасау, жаңғыратын энергетика, тау-кен металлургиялық ке­шен, металлургия, агроөнеркәсіп кешені және басқа салаларда шетелдіктердің қатысуымен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, – деді Алмас Айдаров.
Ол Нидерланд Қазақстанның №1 ин­весторы болып қалғанын жеткізді. Екінші орында – АҚШ. Үштікті Швейцария тұйықтады. Республикамыздың үздік 10 инвестор елінің қатарына сондай-ақ Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Түркия кірді. Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтің айтуынша, 2022 жыл қорытындысында Қазақстандағы негізгі ка­питалға салынған отандық және шетел­дік барлық инвестицияның жалпы көлемі 15,1 триллион теңгені құраған. Бұл, әрине жылдық жоспардың 94,2 пайызы ғана. Бірақ соның өзінде ол 2021 жылғыдан 7,9 пайызға артық. Әсіресе, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.
«Орталық мемлекеттік органдар ара­сында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8 пайыз), Денсаулық сақтау (103,5 пайыз), Оқу-ағарту (102,3 пайыз) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4 пайыз), Мәдениет және спорт (72,5 пайыз) министрліктеріне тиесілі. Өңірлер арасында Ұлытау (75,6 пайыз), Атырау (84,2 пайыз) және Жамбыл (86,5 пайыз) облыстары аутсайдер болды. Нысаналы индикаторларға қол жеткіз­беудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсім­дерінің созылып кетуі, қажетті инфра­құрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі», – деді Ілияс Өсеров.
Егер ұтымды ұқсата білсек, инвес­тициялардың игілігі күннің шұғыласындай жан-жаққа, қоғам мен мемлекет өмірінің әр саласына шуақ болып таралады, олардың буырқана өркендеуіне жол ашады. Мысалы, отандық және шетелдік инвестициялардың арнасы суалмай, қайта тасқындауы арқасында 2022 жылы жалпы құны 2 триллион теңге тұратын 160 жоба іске қосылды. Оларда 15,7 мың тұрақты, жалақысы жақсы жұмыс орны құрылыпты. Жаңа кәсіпорындар тамақ, жеңіл және химия өнеркәсіптерінде, машина жасау саласында, фармацевтикада, мұнай өңдеу және басқа секторларда өркен жайды. [caption id="attachment_238692" align="aligncenter" width="1606"]инвестиция © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат[/caption] Тың жобалардың арасындағы ірісінің, іргелісінің бірі ретінде Атырау облысын­дағы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc полипропилен өндіретін зауытты бөліп атауға болады. Жылдық қуаттылығы 500 мың тонна болатын кәсіпорын әп деген­нен-ақ осы өнімді шығаратын әлемдегі өндірушілердің ТОП-10 рейтингіне енді. Қарағанды облысының Сораң (Сарань) қаласындағы индустриалдық аймақта жылына 3,5 миллион шина жасайтын отан­дық ірі зауыт жұмысқа кірісті. Ол отан­дық автокөлік өндірушілерінің қажеттілігін толығымен өтейді деп күтілуде. Жобаға 171 млрд теңге инвестиция салынды. Шым­кенттегі «Онтүстік» индустриалдық айма­ғында сусындарға арналған алюминий банкілері мен қақпақшаларды өндіретін Орталық Азиядағы ең бір қуатты зауыт ашылды. Жылына 500 миллион бірлік өнім шығаратын ол Қазақстанның мұқтаждығын 65 пайызға қанағаттандырады. ШҚО-да жылына 300 мың тонна май экстракциясын, өсімдік майын жасайтын зауыт қолданысқа берілді: оның өнімі 100 пайызы экспортқа кетеді, елге валюталық табыс әкеледі. Жамбыл облысында минералды тыңайт­қыштар өндірісі жылына 1,5 млн тоннаға кеңейтіліп отыр: бұл Қазақстандағы осы өнімнің өндірісін бірден 2 есе арттырады. Жұмысын жаңадан бастаған барлық кәсіпорын толық қуатына шыққанда, биыл олар шамамен 1,7 триллион теңгенің өнімін беруі тиіс. Соның 1,1 триллионы жаһан­дық нарықтан түседі деп жоспарлан­ған. Олар 0,6 трлн теңгенің импорттық өнімін отандыққа алмастырады. Салғырт қарауға болмайды Негізгі капиталға тікелей шетелдік ин­вес­тицияларды тарту мәселесі осы аптада Инвестициялық штабтың отырысында егжей-тегжейлі қаралды. Жиында Пре­мьер-Министр Ә.Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
 Кейбір өңірде инвестиция 1-2 пайызға ғана өскен. Әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқ­тығының белгісі. Өткен жылдың қорытын­дысына сәйкес республика бойынша саладағы өсім 8 пайызды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капи­талға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге шаққанда 25 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10 пайыздан жоғары болуы керек дегенді білдіреді, – деді ол.
Үкімет басшысы Ұлытау облысында құны 27,1 миллиард теңге болатын 5 ірі инвестициялық жоба іске аспай қалғанына алаңдаушылық білдірді.
«Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асып кеткен. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдаланып, қосымша инвес­тициялар тартуды және туындайтын про­блемаларды уақытылы шешуді қамтамасыз етуі қажет еді», – деді Әлихан Смайылов. Ол Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосыл­мағанын қаперге салды: «Инвес­тиция­лардың 60 пайыздан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына ғана тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орын­далмауын осы аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік олардың аяқталу мерзімін нақтырақ болжап, өсім­нің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын», – деді Үкімет басшысы.
Ол Жамбыл облысында инвес­тициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын ескертті. Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен мине­ралды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп жатыр. Өңір бас­шы­лығына жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жұмысын күшейту жүктелді. Ә.Смайылов барлық әкім мен минис­трлікке инвестиция тарту үдерісін өріс­тетуді, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-қимылды жандан­дыруды тапсырды. Премьер-Министр биылғы 2023 жылы ел экономикасына кем дегенде 24,4 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын жария­лады. Бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Тек тегеурінді іс-қимыл қажет. Сыртқы істер министрлігіне Kazakh Invest ұлттық компаниясымен және өңірлермен бірлесіп, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу жүктелді. Президент белгілеген межеге қол жеткізу үшін Қазақстанның шетелдердегі мекемелері, елшілер тиісті, тиімді шаралар қабылдауы шарт. Басты мақсат – инвестиция тарту қарқынын кемітпей, одан ары арттыру, саладағы еліміздің көшбасшылық тұғырын нығайта түсу. Үкімет келеді, кетеді, ал Президент белгілеген басымдықтар қала береді. Биылғы 19 наурызда жаңа сайла­натын Мәжіліс алдында Үкімет өкілеттігін тоқтатады. Жаңа Үкімет үшін де елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру басымдық болады. Осы мақсатта отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалуы, мұқият мониторинг жүргізу арқылы қолға алынған жобалардың алдынан алтықабан арқандай керілген әкімшілік кедергілер жойылуы қажет. Мемлекеттік қолдаудың әр қырлы шаралары жүзеге асырылады. Салықтық және басқа да ынталандырулар, жеңіл­діктер мен преференциялар қолданылады. Заңнама және әділ сот төрелігі жетіл­діріледі. Осының арқасында ары қарай да Қазақстан инвесторларды магниттей тарта алады. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторының ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, бизнестің гүл­деніп, елдің баюына серпін берері сөзсіз. Президент төл сайлауалды бағдарлама­сында айтқан, елдікті нығайтуға, ел еңсесін тіктеуге ықпал ететін «Әділетті эко­номика­ның» бір қыры да осы.