Мәжілісте Nur Otan партиясының фракциясы жанындағы Бюджет қаражаттарының мақсатты және тиімді жұмсалуы мен түпкілікті нәтижеге қол жеткізуді бақылауды қамтамасыз ету комиссиясының отырысы өтті. Бұл комиссия енді жаңа форматта жұмыс істейтін болады. Оның құрамы да жаңадан бекітілген. Комиссия ай сайын отырыс өткізетіні хабарланды. Оған қатысатын Үкімет мүшелерінің өкілеттігі жоғары болмақ. Мысалы, комиссия төрайымы Гүлжан Қарақұсова келесі жолы министрліктер вице-министрден төмен лауазымдағыларды жібермеуі керегін қадап айтты. Яғни, сұрау тікелей шешім қабылдайтын тұлғалардан болады. Жиында жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын ұстап тұруға және дамытуға бөлінген бюджет қаражаттарын шығындаудың тиімділігі талқыға салынды. Оған «нұротандық» депутаттар, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Казахавтодор» ЖШС басшылары қатысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов, «Казахавтодор» ЖШС бас директоры Даурен Кайыпов – негізгі баяндама, ал Nur Otan фракциясының мүшесі Глеб Щегельский қосымша баяндама жасады. Олар «Нұрлы жол» мембағдарламасын 2019 жылы жүзеге асырудың қорытындысын шығарып, 2020 жылғы автожол саласын дамыту жоспарына тоқталды. Нақтылай кетсек, былтыр 3,5 мың шақырым жергілікті жолға күрделі және орташа жөндеу жүргізіліпті. Нәтижесінде, ауыл-аймақта жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңыздағы жолдардың үлесі 71 пайызға жеткен екен. Қазіргі кезде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынды. Ол лайықты орындалса, 2026 жылға қарай осындай автожолдар үлесі 95 пайыз межесін бағындыруы тиіс. Дегенмен Мәжіліс депутаттары бағдарламаның түпкі нәтижелеріне жетуге кедергі болатын кемшіліктерге назар аудартты. Депутат Глеб Щегельский мұндай проблемалар арасынан құрылысқа, реконструкциялауға және жол жөндеуге берілген бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуын, Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы жол телімін қайта қалпына келтіру үшін қаражат бөлу ісінің созбалаңға салынуын атады. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан –Павлодар жолында жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Жалпы, жаңа жолдағы жұмыстар және онда пайдаланылатын материалдар сапасын бақылау нашар. Жаңа трассалар қардан аршылмайтындықтан, қысқы маусымда көбіне жеңіл түгіл, жүк көліктері де оның игілігін көре алмайды. Қызу талқылау барысында баяндамашыларға өткір сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды. Отырыс қорытындысында автожол саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді. Елдос СЕНБАЙ