Қарағандының төрт ауданын су басу қаупі бар
Қарағандының төрт ауданын су басу қаупі бар
Фото: Интернеттен алынды
191
оқылды
Қарағанды облысы жолдарындағы 39 учаске, 16 көпір, 400 су өткізу құбыры су тасқынының астында қалуы мүмкін. Облыста барлығы 133 көпір, 1716 су өткізу құбыры орналасқан. 1 наурыздан бастап өзендердің негізгі арналарында, оның ішінде 20 учаскеде мұз жару жұмыстары басталмақ. Ал 25 ақпаннан бастап су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазалау басталды. Қазавтожол» бөлімшелері облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда тәулік бойы кезекшілік етуде. Су тасқынын тоқтату үшін 413 тонна инертті материал дайындалды. Негізінен қаптардағы құм және жартасты топырақ құрайтын материалдар қазірдің өзінде су шаруашылығы объектілерінде жатыр. – Су тасқыны қаупі бар 39 учаске, 16 көпір, 400 су өткізу құбыры бақылауға алынды. Әсіресе, Шет, Жаңаарқа, Нұра, Қарқаралы аудандарында инженерлік құрылыстар назарда, – деді «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Қанат Шаймин. Аймақта бөгеттер мен су тораптары, магистральды арналардан құралған 262 обьекті бар. 4 нысанды аудандық коммуналдық меншікке қабылдау бойынша сот рәсімдері жүргізілуде. – Биыл Саран және Федоров су қоймасындағы реттеуші шлюздер жөнделді, Абай ауданы үшін екі апатты ЖСҚ әзірленді, күрделі жөндеу жұмыстарын бастаймыз, бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Сондай-ақ, биыл Шерубай-Нұра және Топар өзендеріне санация жүргіземіз. Қазір су қоймаларына кіретін жолдарды қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр, әр нысанда жауапты қызметкерлер бекітілген, – деп хабарлады Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әсет Тазабеков. Қарағанды өңірінде үш ірі, Самарқанд, Шерубай-Нұра және Кеңгір су қоймасы орналасқан. – Самарқандтан 174 миллион текше метрге дейін, Шерубай-Нұрадан 184 миллион текше метрге дейін су босатуды жоспарлап отырмыз, – деді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі инспекциясы басшысы міндетін атқарушы Мүслім Аққожин. Барлық дайындық жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде, ал қазір негізгі міндет – қарды тазалау және шығару. – Облыс бойынша шығарылған қар көлемі 1,5 миллион текше метрді құрайды. Негізгі көлем Қарағандыға тиесілі, мұнда еріген суды бұру жөніндегі коммуникация жүйесі күрделі. Су тасқыны қаупі бар аудандар бойынша ТЖ департаментінің күштері топтастырыла отырып, аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары есептелді. Қарқаралы, Ақтоғай, Шет аудандарының 17 елді мекеніне ескерту жасалды. Тұрғындарды су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы хабардар етеді, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев