Метанды игеруге мән берілмей жүр
Метанды игеруге мән берілмей жүр
416
оқылды
Қарағандының қойнауы қазынаға бай екендігі күллі әлемге мәлім. Десе де, өңірде метан газын игеру жұмыстары әлі күнге дейін өз деңгейінде қолға алынбаған. Былтыр көмір департаменті шахталардан 270,16 млн текше метр метан шығарыпты. Оның 194,61 млн текше метрі атмосфераға кеткен. Әлемнің 20-дан астам мемлекеті осы ши­кізат түрін электр және жылу қуатын өндіруде шикізат пайдаланып отыр. Ал бізде оны атмосфераға шығарумен шектеліп қалған. Айтпағымыз, «АрселорМиттал Те­мір­тау» компаниясына қарасты «Шахтинск», «Тентек», Ленин атындағы шахталардағы апаттар метан газының тосыннан жарылыс­тарынан болған. Егер де орынды пайдалана бастаса мұндай қауіптің алдын алар едік. Сонымен қатар еліміздің кейбір өңірінде электр, жылу қуатының тапшылығы қатты сезіліп отырған сәтте бұйырған отынның игілігі көп. Химия өндірісі саласында да қолдануға, қала берді көлік құралдарына жанар-жағармайға айналдыруға болады. Облыстың Өнеркәсіп және индустрия­лық-инновациялық даму басқармасының ақпаратына сүйенсек, Шерубай-Нұрада бұған дейін «Сарыарқа «ӘКК» АҚ «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлескен жобаны қолға алды. 2014 жылы 3 жыл мерзімге барлау жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасаған-ды. Алайда әлемдегі мұнай бағасы төмендеуінен нарықтағы жағдай қиындап, «ҚазТрансГаз» жобаны белгісіз уақытқа де­йін шегеріп қойды.
– Газ өндірісін тау-кен жұмыстары жүр­гізілмеген жерлерде қолға алған ұтымды. Топырақ түртілмеген соң метанның да мұрты бұзылмай жатады. Көмір департаментінің мәліметінше, «Саранская Глубокая», «Тентек-10» учаскелері – метан өндіруді жолға қою үшін таптырмас орын. Алайда компания аталған телімдерден көмір қазған пайдалы деп тапса, метанның желге ұшқаны. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» метанды ішінара кәдеге жаратып отыр, – дейді осы саланы зерттеп жүрген әріптесіміз, жур­налист Нұрқанат Қанафин.
Мәселен, Ленин және Абай шахта­ларындағы қазандықтар газдың күшімен жұмыс істейді. Келешекке құрылған жоспар да баршылық. Көмір департаменті метанды қолдану бойынша 2030 жылға дейінгі бағдарламаны әзірлеген. Бағдарлама 10-12 газ генераторының жұмысын жолға қоюды көздейді. Жалпы қуаты 15 МВт-қа жуық­тайды. Үш нүктеге қондырғы қойылады. Яғни, алғашқысы – Күзембаев, Саран, екіншісі – Абай, тағы бірі – Қазақстан, Ленин және Тентек шахталары аумағында тұруы мүмкін. Сондай-ақ биылдан бастап Тентек шахтасындағы Д6 және Т1 плас­тарындағы газды азайту үшін ұңғымалар қойылмақ. Газ дегенде облысты газдандыру мәселесі алдымен еске түседі. Өйткені Қарағанды мен Теміртау тұрғындары қысты күндері боранды ті­леп тұрады, егер жел болмаса қала түтінге қақалады. Айтқандай, АҚШ Газ технологиялары институтының болжамынша, Қарағанды көмір бассейніндегі метан қорының көлемі 500 млрд текше метрден 3 трлн текше метрге дейін жетеді. Ал жергілікті ғалымдар басқаша мәліметтер ұсынады. Және бұл қор Қара­ғанды облысы үшін жеткілікті десе де, өндіру технологиясы күрделі екен.
– Қарағанды бассейніндегі метанның болжамды ресурстары 850 млрд текше ме­трден 1 трлн текше метрге дейін жетеді. Облысты қамтамасыз ету үшін жеткілікті метан қоры бар. Дегенмен барлық мәселе газдың көмірмен байланысқан күйде болуында. Ал көмір қабаттарының өткізгіш­тігі өте төмен. Тік ұңғымалар (гидравликалық жарылуы бар) Қарағанды бассейні жағ­дайында тұрақты тауарлық метан ағынын қамтамасыз етпейді, – дейді ҚарТУ про­ректоры Әсет Ракишев.
Иә, метан газының облысымызды қам­тама­сыз ететіндей қоры болғанымен, әлі күнге дейін пайдалана алмай отырғанымыз қынжылтады.

Қарағанды облысы