Жолдың жайы жанға батады
Жолдың жайы жанға батады
443
оқылды
Сырт қарағанда көркіне көз тоймайтын Талдықорған қаласының коммуналдық-шаруашылық саласында мәселе жетіп артылады. Әсіресе, жолдың жайы қала тұрғындарының жанына батып тұр. Кептелісі жоқ шаһарда қаланы ары-бері айналып өтуге сүтпісірім ғана уақыт кетеді. Бірақ талдықорғандықтар қырық құрау жолмен ақырын жүріп, анық басуға мәжбүр. Бүгінде Талдықорған қаласындағы арықтар қаңсып, қоқысқа толып қалған. Қала тұрғындарының сылдырап аққан судың даусын ұмытқанына біраз болды. Шаһардағы басты даңғылы Қабылиса жырау атындағы көшенің бойындағы арықтар дәл осы күйге түскелі біраз бол­ды. Арықтың «Қаратал» шағын ауданы тұсында жаз айларында аздаған су болады. Ал Балапанов пен Желтоқсан көшелерінің аралығындағы бірнеше шақырымдық бөлікте 2011 жылы төсел­ген бетондарда әлі күнге дейін су жүр­меген. Көшелердің жағдайы да мәз емес. Қаланың басты Жансүгіров, Қабанбай батыр, Назарбаев, Қабылиса жырау көшелері шұрқ тесік. Ал шеткері көше­лердегі жағдайды айтып жеткізу, мүмкін емес. Көшелерді көріктендіріп, жол­дарды реттеуге жыл сайын миллиардтап қаржы жұмсалады. Өткен жылы қала жолдарын жөндеу, күтіп-баптауға 5 млрд теңгеге жуық қаржы қарас­тырылыпты. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ. Өйткені іс жүзінде шұғыл жөндеуді, мүлде қырып тастап, қайта төсеуді қажет ететін жолдар қалыс қалып, төселгеніне бірер жыл ғана өткен көшелердің асфальт жабындысын жа­ңа­ланып жатады. Әсіресе, қалада әкім ауыса салысымен тура осындай жұмыс­тар қызу қолға алынатыны түсініксіз. Қазіргі әкім Масабаевқа дейінгі басшы Ержан Жасыбаев ұзақ жылдар жол саласында жетекшілік еткен еді. Ол әкім болған уақыт ішінде жол құры­лысына қатысты көптеген кілтипан кезікті. Қазіргі әкім Масабаев та одан қалар емес. Басқа-басқа өзгелермен салыс­тыр­ғанда жағдайы едәуір жақсы Балапанов көшесін тас-талқан етіп қопарғаны түсініксіз. Сол жолы наразылық білдір­ген тұрғындарды әкім «Маған дейін жос­парға енгізіліп, қаражаты қарас­тыры­лып қойған» деп басқан. Бала­панов сияқты әлі жөндеуді қажет етпей­тін жолдардың дәл осы күйге түскенін көз көрдік. Қызығы олардың кей­біріндегі жөндеу жұмыстары аяқсыз қал­ған. Оның азабын тұрғындар мен жүргізушілер тартып жүр. Жеке үйлерде тұратындар қарлы-жаңбырлы күндері лай кешсе, жүргізушілер көзге шалы­натыны бар, көрінбейтіні бар, көп ой-шұңқырда көліктерін зақымдап алады.
 «Қаладағы асфальті сылынған Сла­нов, Хан Тәңірі, Байғожина, Лесная сынды көшелермен жүру мүмкін емес. Мұндай күйдегі көшелердің тізім ұзынсонар. Былтыр басталған жөндеу жұмыстары аяқталмады да, ой-шұң­қырлар, кедір-бұдырлар қар астында қалғандықтан, кез келген уақытта кө­лігіңді құртып алуың мүмкін. Оны айтасыз, жазда жөнделген, қайта төсел­ген жолдардағы су, жылу желілері то­рап­тарының, құдықтарының қасынан да жаныңды шүберекке түйіп өтесің. Олардың жер бетіне шығатын бөлігінің айналасы дұрыс тегістелмейді, кей­бірінің шойын қақпақтары ұрланған. Ашық-шашық жатады. Ұрынып қалсаң, көлігің де, өзің де оңбайсың. Мұндай жағдайды орталық көшелерде де бай­қауға болады. Ал қала маңындағы сая­жайлардағы жағдай тіптен мүшкіл», – дейді көлік жүргізушісі Маман Мей­рам­беков.
Рас, күн ұзаққа бала-шағаның қамы­­мен қаланың ана шетінен, мына шетіне баратын жүргізушінің бұл уәжі­мен келіспеске амалың жоқ. Жолдың жайын білетіндер соны жөндеуге жауап­тылардың ақылға қонымсыз шешім­дерін түсінбей дал. Талдықорғандықтар қар жауып, суық түскенде қаладағы көшелердің астымен өтетін жылу желілерінің кезек-кезегімен жарыла бастауына үйрене бастағандай. Өйткені мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Кейде ондай апаттан кейін жылу құбырын жөндеу жұмыстары бірнеше күнге созылады. Соның өзінде әп-сәтте тоң болып қатқан тоңды тегістеп, жолды қайта қалпына келтіру оңай емес. Содан соң да олар жазға дейін сол дәл осы олпы-солпы күйінде жатады. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған халқымен кездескенде:
«Қаланың жаңа шағын аудандары мен саяжайларда жол салу жұмыстары жалғасады. «Көктал», «Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс», «Жастар-2» және «Шайқорған» шағын аудандары бойынша келер жылы құрылыс бастауға жо­балық-сметалық құжаттама әзір­ленді. 2023 жылы 48 көшеге күрделі жөн­деу және «Үйтас», «Шайқорған», «Мерекелік» және «Агроөнеркәсіпші» саяжайларында 50 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Са­ры­бұлақ» және «Ащыбұлақ» сая­жайын­дағы 29 көшеде қиыршықтас тө­сеу жұмыстарын қолға алынады», – дегені жұрт жадында.
Сол жолы өңір басшысы қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, орындалған жұмыстың сапасына қатысты арыз-шағымның көп екенін алға тартып, қала әкіміне қалаішілік жолдардағы құрылыс, жөндеу жұмыс­тарын ерекше бақылауға алуды тапсыр­ған. Бірақ онысынан қорытынды шық­ты деп айтуға ауыз бармайды. Соған қарағанда жолға бөлінген қыруар қар­жыны игеретін мердігерлер жауапсыз, олардың жұмысын бақылап, қабылдап алатын тапсырыс берушілер дәрменсіз.
Талдықорған қаласы әкімінің бас­пасөз хатшысы Мәди Шәкенов «Дәл қазіргі кезде қала жолдарының 82 пайызы қанағаттанарлық, былтыр жоспардағы 84 көше бойынша жөн­делуге тиісті болған 53,2 шақырым жолдың 72 көшесіндегі 45,4 шақырымы жөнделді. 20 көшеде 10,5 шақырым жаңа жол салынды», – дейді.
Баспасөз хатшысының айтқанына қарағанда, жол жөндеуде мерзімнің сақталмау мәселесі бар. Шағын қала үшін 7,8 шақырым жолдың жұмысы шала-шарпы күйде, аяқталмай қалғаны жақсы емес. Келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған «Ярус», «Стройпроект-21» ЖШС сынды ме­рдігерлерге қатысты материалдар сотта қаралып жатқан көрінеді. Биыл қала бойынша 67,3 шақырым жолды жөндеу және 18,3 шақырым жаңа жол төсеу жоспарланыпты. Оның қалай орындалары уақыттың еншісінде.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы