Сырт қарағанда көркіне көз тоймайтын Талдықорған қаласының коммуналдық-шаруашылық саласында мәселе жетіп артылады. Әсіресе, жолдың жайы қала тұрғындарының жанына батып тұр. Кептелісі жоқ шаһарда қаланы ары-бері айналып өтуге сүтпісірім ғана уақыт кетеді. Бірақ талдықорғандықтар қырық құрау жолмен ақырын жүріп, анық басуға мәжбүр. Бүгінде Талдықорған қаласындағы арықтар қаңсып, қоқысқа толып қалған. Қала тұрғындарының сылдырап аққан судың даусын ұмытқанына біраз болды. Шаһардағы басты даңғылы Қабылиса жырау атындағы көшенің бойындағы арықтар дәл осы күйге түскелі біраз болды. Арықтың «Қаратал» шағын ауданы тұсында жаз айларында аздаған су болады. Ал Балапанов пен Желтоқсан көшелерінің аралығындағы бірнеше шақырымдық бөлікте 2011 жылы төселген бетондарда әлі күнге дейін су жүрмеген. Көшелердің жағдайы да мәз емес. Қаланың басты Жансүгіров, Қабанбай батыр, Назарбаев, Қабылиса жырау көшелері шұрқ тесік. Ал шеткері көшелердегі жағдайды айтып жеткізу, мүмкін емес. Көшелерді көріктендіріп, жолдарды реттеуге жыл сайын миллиардтап қаржы жұмсалады. Өткен жылы қала жолдарын жөндеу, күтіп-баптауға 5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылыпты. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ. Өйткені іс жүзінде шұғыл жөндеуді, мүлде қырып тастап, қайта төсеуді қажет ететін жолдар қалыс қалып, төселгеніне бірер жыл ғана өткен көшелердің асфальт жабындысын жаңаланып жатады. Әсіресе, қалада әкім ауыса салысымен тура осындай жұмыстар қызу қолға алынатыны түсініксіз. Қазіргі әкім Масабаевқа дейінгі басшы Ержан Жасыбаев ұзақ жылдар жол саласында жетекшілік еткен еді. Ол әкім болған уақыт ішінде жол құрылысына қатысты көптеген кілтипан кезікті. Қазіргі әкім Масабаев та одан қалар емес. Басқа-басқа өзгелермен салыстырғанда жағдайы едәуір жақсы Балапанов көшесін тас-талқан етіп қопарғаны түсініксіз. Сол жолы наразылық білдірген тұрғындарды әкім «Маған дейін жоспарға енгізіліп, қаражаты қарастырылып қойған» деп басқан. Балапанов сияқты әлі жөндеуді қажет етпейтін жолдардың дәл осы күйге түскенін көз көрдік. Қызығы олардың кейбіріндегі жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Оның азабын тұрғындар мен жүргізушілер тартып жүр. Жеке үйлерде тұратындар қарлы-жаңбырлы күндері лай кешсе, жүргізушілер көзге шалынатыны бар, көрінбейтіні бар, көп ой-шұңқырда көліктерін зақымдап алады.
«Қаладағы асфальті сылынған Сланов, Хан Тәңірі, Байғожина, Лесная сынды көшелермен жүру мүмкін емес. Мұндай күйдегі көшелердің тізім ұзынсонар. Былтыр басталған жөндеу жұмыстары аяқталмады да, ой-шұңқырлар, кедір-бұдырлар қар астында қалғандықтан, кез келген уақытта көлігіңді құртып алуың мүмкін. Оны айтасыз, жазда жөнделген, қайта төселген жолдардағы су, жылу желілері тораптарының, құдықтарының қасынан да жаныңды шүберекке түйіп өтесің. Олардың жер бетіне шығатын бөлігінің айналасы дұрыс тегістелмейді, кейбірінің шойын қақпақтары ұрланған. Ашық-шашық жатады. Ұрынып қалсаң, көлігің де, өзің де оңбайсың. Мұндай жағдайды орталық көшелерде де байқауға болады. Ал қала маңындағы саяжайлардағы жағдай тіптен мүшкіл», – дейді көлік жүргізушісі Маман Мейрамбеков.Рас, күн ұзаққа бала-шағаның қамымен қаланың ана шетінен, мына шетіне баратын жүргізушінің бұл уәжімен келіспеске амалың жоқ. Жолдың жайын білетіндер соны жөндеуге жауаптылардың ақылға қонымсыз шешімдерін түсінбей дал. Талдықорғандықтар қар жауып, суық түскенде қаладағы көшелердің астымен өтетін жылу желілерінің кезек-кезегімен жарыла бастауына үйрене бастағандай. Өйткені мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Кейде ондай апаттан кейін жылу құбырын жөндеу жұмыстары бірнеше күнге созылады. Соның өзінде әп-сәтте тоң болып қатқан тоңды тегістеп, жолды қайта қалпына келтіру оңай емес. Содан соң да олар жазға дейін сол дәл осы олпы-солпы күйінде жатады. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған халқымен кездескенде:
«Қаланың жаңа шағын аудандары мен саяжайларда жол салу жұмыстары жалғасады. «Көктал», «Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс», «Жастар-2» және «Шайқорған» шағын аудандары бойынша келер жылы құрылыс бастауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2023 жылы 48 көшеге күрделі жөндеу және «Үйтас», «Шайқорған», «Мерекелік» және «Агроөнеркәсіпші» саяжайларында 50 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, «Сарыбұлақ» және «Ащыбұлақ» саяжайындағы 29 көшеде қиыршықтас төсеу жұмыстарын қолға алынады», – дегені жұрт жадында.Сол жолы өңір басшысы қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, орындалған жұмыстың сапасына қатысты арыз-шағымның көп екенін алға тартып, қала әкіміне қалаішілік жолдардағы құрылыс, жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алуды тапсырған. Бірақ онысынан қорытынды шықты деп айтуға ауыз бармайды. Соған қарағанда жолға бөлінген қыруар қаржыны игеретін мердігерлер жауапсыз, олардың жұмысын бақылап, қабылдап алатын тапсырыс берушілер дәрменсіз.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов «Дәл қазіргі кезде қала жолдарының 82 пайызы қанағаттанарлық, былтыр жоспардағы 84 көше бойынша жөнделуге тиісті болған 53,2 шақырым жолдың 72 көшесіндегі 45,4 шақырымы жөнделді. 20 көшеде 10,5 шақырым жаңа жол салынды», – дейді.Баспасөз хатшысының айтқанына қарағанда, жол жөндеуде мерзімнің сақталмау мәселесі бар. Шағын қала үшін 7,8 шақырым жолдың жұмысы шала-шарпы күйде, аяқталмай қалғаны жақсы емес. Келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған «Ярус», «Стройпроект-21» ЖШС сынды мердігерлерге қатысты материалдар сотта қаралып жатқан көрінеді. Биыл қала бойынша 67,3 шақырым жолды жөндеу және 18,3 шақырым жаңа жол төсеу жоспарланыпты. Оның қалай орындалары уақыттың еншісінде.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы