Мәдениет және спорт министрлігінде алқа отырысы өтіп, онда 2022 жылдың қызмет қорытындысы шығарылды, 2023 жылға арналған мақсат-міндеттер айқындалды.
Министр Асхат Оралов ведомствоның туризм саласында жоспарланған іс-шараларымен бөлісті. Еліміздің туристік тартымдылығын арттыру үшін «Қазақстанның Гранд-турына» кіретін бес басым бағыт әзірленді. «Бұл қазірдің өзінде сұранысқа ие тартымды маршруттар. Бірақ олардың барлығы көптеген туристі қабылдауға дайын емес. Сондықтан министрлік әкімдіктермен бірлесіп инфрақұрылымды жақсарту және таңдалған бағыттар бойынша туристер үшін жағдай жасау, туризм саласы қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру, туроператорлармен бірлесіп мақсатты нарықтарда турларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр», – деді министр.Сондай-ақ ТОП-10 бағытта, оның ішінде Мемлекет басшысының Балқаш көлінде және Алматы облысының ұлттық парктерінде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады. Былтыр еліміздің барлық өңірінде туристер саны артқан. Мысалы, Атырау облысына саяхаттағандар саны 3,5 есе артса, әрбір төртінші турист Алматыға барған. Оңтүстік астана туристердің рекордтық санын – 1,2 миллионнан астам қонақ қабылдады. 5 өңірде (Астана, ШҚО, Абай, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау облыстары) өсім 60 пайыздан 75 пайызға дейін артты.
«Бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды күшейту, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін пайызы төмен несиенің қолжетімділігін арттыруды пысықтау қажет. Өңірлердегі бизнес мемлекеттің қолдауын сезінуі керек. Үкіметтің экономикалық блогындағы әріптестеріммен туроператорлардың жобаларына кредит беру мерзімін, сондай-ақ берілген несие бойынша субсидиялау лимитін ұлғайту мәселесін пысықтауды сұраймын», – деп тапсырды министр.Асхат Оралов еліміздің тау шаңғысы курорттарына келген туристер саны 1,5 миллионға дейін өскенін хабарлады. Жыл сайынғы өсім – 20 пайыз. Осылайша, елдегі тау шаңғысы туристерінің саны жағажай демалушыларымен теңесті. Алайда бүгінде жұмыс істеп тұрған курорттарға жүктеме артуда. Мысалы, «Шымбұлақ» курортында мереке және демалыс күндері жүктеме өте ауыр – күніне 12,5 мың адам, ал оңтайлы жүктеме күніне 6 мың адам болуы керек.
«Мемлекет басшысы Алматы жұртығымен кездесуде тау-шаңғы кластерін кешенді дамыту қажетін атап өтті. Сондықтан курорттарды аспалы жолдармен бір экожүйеге қосу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған нысандарды кеңейту қажеттілігі туындайды. Біз инвесторларға түрлі жеңілдік ұсынып, аспалы жолдарды, ратрактар мен қар ататын зеңбіректерге кеткен шығынның 25 пайызға дейін өтеуге ниеттіміз. Сонымен қатар, тау-шаңғы курортына қажет қармен жабдықтаудың тұтас жүйесіне де осындай өтеу тетігін қарастыру жоспарланып отыр», – деді ол.Ведомство басшысы жаңа құрал – туристік кешбэк енгізуді ұсынды. Бағдарламаға сәйкес, ресми туристік агенттіктен жолдама сатып алған жағдайда азаматтарға тур құнының 20 пайызына дейін қайтарылады. Демалушылармен қатар, жергілікті туристік компаниялар да жеңілдікке ие болады. Мысалы, жаңа бағыттарға (Абай, Ұлытау облыстары) шығындар сомасының 20 пайыз қайтарылса, Алматы, Бурабай сияқты танымал бағыттарға кешбэк 10 пайыз болмақ.
Саяхатшы балалар да назардан тыс қалмады. Биыл Kids go free бағдарламасы шеңберінде елімізде тегін әуе сапарын пайдаланатындар саны 2 мыңға дейін артады. 2022 жылы 1 500 бала ұшақпен тегін ұшу мүмкіндігіне ие болды. «Бұл – отбасылық демалыс үшін қосымша мүмкіндік. Kids go free бағдарламасы туроператорлар үшін қолжетімді болды. Балалар әуе билетін сатып алуды растау тізбесі кеңейтіліп, өтінім мен төлем қарау мерзімі қысқартылды», – деді Асхат Оралов.Сонымен қатар А.Оралов министрліктің 2030 жылға дейін орындалуы қажет жаңа міндеттерін атап өтті. Бұл саланың жалпы қосылған құн көлемін ұлғайту, туризмді дамытудың жаһандық индексі бойынша рейтингті жақсарту, ішкі туризм және келуші туристер санын ұлғайту, сондай-ақ туризм саласында жаңа жұмыс орнын құру мәселелері күн тәртібінде қаралды.