Бензиннің ақшасын ұрлаған полиция подполковнигі мен капитан сотталды
Бензиннің ақшасын ұрлаған полиция подполковнигі мен капитан сотталды
Фото: dneprovec.by
Ақмола облысында полицейлер бензиннің ақшасын ұрлаған. Полиция подполковнигі мен полиция капитаны 7 жылға сотталды. Бұл туралы Aikyn.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап хабарлайды. «Биыл 30 қаңтарда Целиноград аудандық сотының үкімімен Ақмола облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының командирі, полиция подполковнигі Талғат Ерденов пен патрульдік полиция ротасының аға инженері, полиция капитаны Мақсат Жаманбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Аталған адамдар қызметтік автокөлік құралдарын толтыру үшін бөлінген 100 миллион теңге сомасында жанар-жағармай талондарын алдын ала сөз байласқан адамдар ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды», – деп жазылған ресми хабарламада. Сот үкімін жариялау процесіне патрульдік полиция ротасы жеке құрамы қатысты. Сотталғандарды әшкерелеуге «Әділдік жолы» да атсалысты.