Түркістан облысына іссапармен келген Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев жұмысын алдымен Кентау қаласынан бастады. Ол қаладағы Б.Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр есімін иеленген білім ордасындағы музеймен танысты. Сондай-ақ Б.Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, білімді де, білікті жастарды қолдауға бағытталған маңызды жобаларды түсіндірді. Сапар барысында еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі «Кентау трансформатор зауытында» болды. Кәсіпорында бүгінде 1 200-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Оның 1 000-ға жуығы Nur Otan партиясының мүшелері. Ал 500-ге тарта жастардың басым бөлігі Jas Otan Жастар қанатының мүшелігіне енген. Бұдан кейін Елнұр Бейсенбаев Кентау қалалық Jas Otan Жастар қанатының және «Жастар ресурстық орталығы» КММ жұмысымен танысты.
– «Әрбір жастың жеке жетістігі – тұтас Отанымыздың табысы» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға әрдайым айрықша көңіл бөлетінін білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жастар жылын қорытындылап, Волонтерлер жылын бастап отырмыз. Алдағы уақытта бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып, ауқымды істер жүзеге асады, – деді арнайы Түркістан облысына іссапармен келген Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.Бұдан соң ол облыстық жастар ресурстық орталығына барды. Айта кету керек, көпфункционалды жаңа үлгідегі жастар орталығы бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта жастарға қызмет көрсету орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT park, робототехника мектептері, коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі» түрлі жастар ұйымдары мен клубтары, мектептері мен үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ ғимарат ішінде relax zone демалыс аймағы, ғимараттың сыртқы бөлігінде футбол, волейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңдар бар. Орталықта Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Е.Бейсенбаев белсенді жастармен кездесті.