Барлығы ел игілігі үшін
Барлығы ел игілігі үшін
459
оқылды
Бүгін «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХII конференциясы өтті. Партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысқан конференцияны филиал төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізді. Жиында «AMANAT» партиясының Алматы облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының жобасы бекітілді. Партиялық тізім және бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайланатын Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттардың тізімі таныстырылды. Партия төрағасы Қуат Байғожаевтың айтуына қарағанда, облыста соңғы екі жылда «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілген.
– Өңірде білім беру саласында 4 мыңнан астам орынға арналған 9 мектеп салынып, 24 мектеп күрделі жөндеуден өтті және 3 мектеп 300 орынға кеңейтілді. 128 балабақша ашылып, 12 мың балдырған мектепке дейінгі мекемемен қамтылды. Сондай-ақ 27 медициналық мекеме ашылды. Олардың қатарында 150 келушіге арналған 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 50 азаматты бір мезгілде қабылдайтын 2 фельдшерлік пункт және 20 дәрігерлік пунктке арналған блок-модульдік кешен, 2 дәрігерлік амбулатория салынды, – деді партия төрағасы.
Екі жыл ішінде облыста 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 180 пәтер беріліпті. Сонымен қатар 147 ауылдың 1 млн-ға жуық тұрғыны газбен қамтылған. 1,2 млн адам тұратын  384 ауылға су құбыры жүргізіліп, жөнделген. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 36 млрд теңгеге 19 кәсіпорын іске қосыпты. Партияның сайлауалды уәделерін орындау аясында «Жер аманаты» жобасы арқылы 112 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыру аясында 35 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылыпты. Дегенмен облыста шешімін күткен бірқатар проблема да бар. Партия солардың барлығын дер кезінде анықтап, шешу мақсатында қолға алынған шаралардың орындалуын тұрақты назарда ұстап отырады. «Мысалы, облыста үш ауысымда оқытатын 52 мектеп бар. Жүктемесі шамадан тыс мектептер саны 82. Денсаулық сақтау 40%-дан астамы тозған. Дәрігерлер тапшылығы – 105 адам. Оған қоса  өңірде 1,4 млн гектар жайылым жетіспейді.  Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында инженерлік желілердің тозуы, оның ішінде Қонаев қаласындағы кәріз тазарту құрылыстарының ескіруі де шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді», – деп атап өтті Қуат Байғожаев. Осы орайда  облыстық «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы алдағы 5 жылда өңірдің жоғарыда аталған және басқа да өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Болат Абаған, Алматы облысы