БҚО-да үш күнде 13 қылмыс жасаған екі жігіт ұсталды
БҚО-да үш күнде 13 қылмыс жасаған екі жігіт ұсталды
Фото: Газета.Ru
Батыс Қазақстанда үш күнде 13 қылмыс жасаған екі жігіт ұсталды, – деп хабарлады Polisia.kz. Орал қаласы ПБ Шаған полиция бөлімінің қызметкерлері 15-18 қаңтар аралығында 13 қылмыс жасаған 2003, 2004 жылғы күдіктілерді ұстады. Олар оңай олжа табуды көздеп, қала аумағындағы барлық шағынаудандарды аралап, ондағы автокөліктерден аккумулятор мен автомагнитола, өзге де көлік иелеріне тиесілі жеке заттарды ұрлаған. Мәселен, 15 қаңтар күні түнгі сағат 23.00-де күдіктілер "Зачаганск" шағынауданындағы жерүйдің ауласында тұрған Audi автокөлігінен аккумулятор мен 10 литрлік темір канистр ұрлаған. Ал 16 қаңтарда "Зачаганск" шағынауданындағы жерүйдің ауласында тұрған ВАЗ-2107 автокөлігінен магнитофон, аккумулятор, 2 дана дыбыс зорайтқыш, артық дөңгелек сияқты бұйымдарды қолды қылған. Шаған полиция бөлімінің сақшылары күдіктілерді ұстады. Үш күнде 13 ұрлық дерегіне қатысы бар олар ұрлық жасағандарын толық мойындады. Олардан ұрланған барлық жеке мүлік тәркіленді. Осы қылмыстық істі тергеу барысында күдіктілердің есепке алынбағаны, бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны анықталды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімі («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.