Сырбойылық аманаттықтар партия съезіне қатысатын делегаттарды сайлады
Сырбойылық аманаттықтар партия съезіне қатысатын делегаттарды сайлады
393
оқылды
Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІ конференциясы өтті. Онда партия филиалының облыстық сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Сондай-ақ Қызылорда облысы мәслихатының депутаттығына партиялық тізім бойынша және бір мандатты  сайлау округтер бойынша кандидаттар ұсынылып, 7 ақпан күні Астана қаласында өтетін партияның кезектен тыс ХXV съезіне Сыр елінен қатысатын делегаттар сайланды. Алқалы жиынды ашқан партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов сайлау ерекшеліктерін атап өтіп, Мемлекет басшысының сайлау өткізу туралы шешімін қолдап сайлауға қатысатынын айтқан «AMANAT» партиясының жергілікті филиалының сайлау науқанына дайын екенін атап өтті. «Президент мемлекет тұғырын нығайту мен ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қойып, елімізге халықтың мүддесін тиімді қорғай білетін және жауапкершілігі жоғары партиялар қажеттігін айтқан болатын. Елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы болған бұл сайлау жаңаша тәртіпте өтпек. Себебі еліміздегі барлық тіркелген саяси партиялар ғана емес, жекелеген азаматтар да Мәжіліс пен мәслихаттарға үміткер ретінде өзін-өзі ұсыну жолы іске асырылып отыр. Ендігі жерде Қасым-Жомарт  Кемелұлы атап өткендей,  бұл сайлау «елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек». Сондықтан елдегі байыпты бастамалардың, оң өзгерістердің басты қозғаушы күші ретінде толық трансформациядан өткен партияның облыстық филиалы сайлауға қатысуға дайын», – деді облыстық партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов.  width= Соңғы сайлау тәжірибесі көрсеткендей, «AMANAT» партиясы  әрбір сайлауға тек республикалық деңгейде   емес, жергілікті деңгейде де нақты іс-шаралары мен индикаторлары көрсетілген сайлауалды бағдарламамен қатысуда. Осы орайда партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова партияның Қызылорда облысы бойынша алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Келелі құжат жобасы делегаттармен бірауыздан бекітілді. Бағдарлама жобасымен танысқан Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмірұлы денсаулық кез келген мемлекеттің, ұлттың дамуын өлшейтін маңызды индикатордың бірі. Өкінішке қарай, аймақта денсаулық сақтау саласында кезек күттірмейтін мәселелер аз емес. Сондықтан партияның жаңа сайлауалды бағдарламасында осы салаға ерекше көңіл бөлініп, үлкен жобалардың қолға алынуы маман ретінде қатты қуантып отырғанын атап өтсе, қалалық мәслихаттың VII шақырылымындағы бұрынғы  депутат Гүлшат Мусаева депутаттық қызмет атқару барысында сайлаушылардан ең көп қойылатын сұрақтар коммуналдық инфрақұрылымды және тұрғын үй мәселесі. Бағдарламамен өзім арнайы таныстым. Жоспарланған шаралар бұл сұрақтарды шешуге бағытталғанын көріп отырмыз, – дейді. Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес, «AMANAT» партиясынан Қызылорда облысы мәслихатының депутаттығына тізім бойынша және бір мандатты  сайлау округтері бойынша кандидаттар ұсынылып, партияның кезектен тыс ХXV съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Конференция жұмысына 400-ге жуық әр ауданнан сайланған делегаттар, саяси кеңестің мүшелері, партияның белсенді мүшелері қатысты.