Қазақ мемлекеттік филармониясы Халықаралық "Жаңа есімдер" жобасын бастайды
Қазақ мемлекеттік филармониясы Халықаралық "Жаңа есімдер" жобасын бастайды
4 ақпанда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы дирижерлік өнердің жарқын таланттарына арналған маңызы зор мәдени жоба – Халықаралық «Жаңа есімдер» жобасын бастайды. Жобаның мақсаты – заманауи дирижерлік өнерді қолдау, дамыту, насихаттау, осы өнердегі жаңа есімдерді таныту, дарынды жастардың кәсіби шеберлігін шыңдау, сондай-ақ қазақстандықтардың назарын классикалық музыкаға аударып, отандық және шетелдік дирижерлермен халықаралық байланыстарды нығайту арқылы еліміздің музыка мәдениетін жетілдіру. «Жаңа есімдер» жобасы аясында 4 ақпан күні сағат 18:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің қатысуымен концерт өтеді.  Бағдарламада: П.И.Чайковский  –  «Итальяндық каприччио», «Ромео и Джульетта», Ф.Лист  –  «Прелюдтар», Б.Сметана  –  «Влтава», А.Джоржак  – «Карнавал» Увертюрасы, А.Жұбанов, Л.Хамиди  –  «Абай» операсынан би, Г. Малер  –  «Адажиетто». Жобаға қатысушы дирижерлер: Барбара Поплавска, Ильяс Дүйсен, Нарын Қажығалиев, Қуаныш Ысмайылов.       Барбара Поплавска (дирижёр) – Кароль Липинский атындағы Халықаралық дирижерлер байқауының лауреаты, Витольд Лутославский атындағы поляк республикалық жас дирижерлер байқауының, сондай-ақ Адам Копучинский атындағы поляк республикалық байқауының жүлдегері. Барбара Алматыда дүниеге келген. Музыкалық білімін 7 жасында №1 музыкалық хор мектебінен бастап, оны фортепиано мен хор сыныбы бойынша тәмамдаған. 2011 жылы Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің хорда дирижерлеу бөліміне оқуға түсіп, онда сол кафедраның меңгерушісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Тұяқбаева Бақыт Жұмағалиқызының сыныбында тәлім алған. 2016 жылы Вроцлав қаласындағы Кароль Липинский атындағы музыка академиясына көрнекті поляк дирижері, профессор Марк Пияровскийдің сыныбына түсті. Витольд Лутославский атындағы филармонияның Симфониялық оркестрі (Вроцлав), Станислав Монюшко атындағы опера және филармония оркестрі (Белосток), Оскар Колоберг атындағы филармонияның Симфониялық оркестрі (Кельце) сынды ұжымдармен ынтымақтастық орнатқан. Қуаныш Ысмайылов (дирижёр) республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. 2010 жылы П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін, 2015 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын "Опера-симфониялық дирижерлеу" мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылы Түркістан облысы опера және балет театрының бас дирижері, 2019 жылдан Абай атындағы опера және балет театрының және А. Жұбанов атындағы РҚМММИ дирижері. Оқытушылық қызметі – А.Жұбанов атындағы РҚМММИ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы. 2022 жылдан К.Байсейітова атындағы РМММИ симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері. Бағдарламада: А. Жұбанов -Л.Хамиди "Абай", Е. Брусиловский "Қыз Жібек", Дж.Верди "Риголетто", "Трубадур", "Травиата", Р. Леонкавалло "Паяцы", А. Адан "Корсар", т.б.  Ильяс Дүйсен (дирижёр) – Астана қаласындағы Қазақ ұлттық академиясын скрипка сыныбы бойынша, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бакалавриатын оркестр дирижері мамандығы бойынша үздік бітірген. Кейіннен бас профундо сирек дауысымен Н.Г. Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясында және А.Г. Шнитке атындағы Мәскеу Музыка институтында академиялық вокалды оқып, Г.П.  Вишевскаяның опералық ән айту орталығында тағылымдамадан өтті. Хор артисі ретінде "Мастера хорового пения", Сретен шіркеуінің хоры және "musicAeterna" сынды топтарда қызмет еткен. Сонымен қатар, Пермь қаласындағы "diaghilev fest" фестиваліне қатысқан. Оркестр және хор дирижері, жеке әнші және вокалдық ансамбль/хор артисі, скрипкашы. Еңбек жолында артист ретінде Б. Бақадамов атындағы мемлекеттік хор капелласында, Қазан қаласындағы мемлекеттік камералық хорда (Татарстан), "Мастера хорового пения" Академиялық үлкен хорында (Мәскеу, Ресей) қызмет еткен. Дирижер ретінде Қ. Байжанов атындағы симфониялық оркестрде (Қарағанды, Қазақстан), “Eegeru” заманауи музыка ансамблінде (Алматы, Казахстан), “Wiener Singakademie” хорында (Вена, Австрия) қызмет атқарған. Б. Байқадамовпен бірлескен «Имярек» концерттік бағдарламасының авторы әрі дирижері. Бүгінгі таңда Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінде дирижерлік етеді. Сондай-ақ ағартушылық қызметпен айналысып, үлкен аудиторияларға музыканы тыңдау және түсіну жөнінде дәрістер оқиды. Нарын Қажығалиев (дирижёр) – республикалық және шетелдік байқаулардың лауреаты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп, Вена консерваториясының арнайы фортепиано сыныбында білім алған. Құрманғазы консерваториясының "Дирижерлеу" кафедрасының педагогы. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрінде дирижер, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас дирижері - Е.К. Ахмедияровтың дирижер-ассистенті қызметін атқарған. Ол көптеген жеке және камералық концерттермен, сондай-ақ солист және дирижер ретінде еліміздің жетекші оркестрлерімен өнер көрсетті. Алматы қаласындағы Халықаралық камералық музыка фестивалі, халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалі, Б. Шөкенов атындағы үрмелі аспаптар байқауы, З. Алтынбаеваның "Prima Nota" жас музыканттар байқауы, тағы басқа түрлі халықаралық және республикалық фестивальдер мен конкурстарға шақырту алған солист, концертмейстер. 2020 жылы Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижері А.Ж. Тілепбергенмен бірлесіп, оркестрдің 50 жылдық мерейтойына арналған автор Н.М. Меңдіғалиевтің фортепиано мен қазақ халық оркестріне арналған концертінің бір кездері жоғалған партитурасын қайтақалпына келтірді.