Ішкі істер министрлігі белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте ресми мәлімдеме жасады. Министрдің орынбасары Арыстанғали Заппаровтың айтуынша, белсенді полиция қызметкерлері алып кеткен кезде мас болған. – 24 ақпан күні кешкі 21.00 шамасында Ақмола облысы Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Талапкер елді мекенінің 1977 жылы туған азаматы Дулат Ағаділді Ақмол елді мекенінің емханасына жеткізген. Тәртіп бойынша сараптама жасалды. Сол жерде азаматтың қанында орта дәрежедегі алкоголь бары анықталды. Нұр-Сұлтан қаласындағы сот сараптама орталығында тексеріс жүргізілгенде дене жарақатының бар-жоғы тексерілді. Камераға оқшаулау алдында азамат денсаулығы жайлы арыз-шағым білдірмеген, – дейді вице-министр. Одан әрі министрлік өкілі қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндап берді.
– Таңғы алтыда Дулат Ағаділ тамақ ішкен соң дәретханаға кеткен. Одан шығысымен тізерлеп отырып, артынша құлаған. Камерадағылар Ағаділдің денсаулығы нашарлағаны жайлы бақылаушыға хабарлайды. Бақылаушы алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем қызметі азаматтың көз жұмғанын тіркеген. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған, – деді А.Заппаров.Бұған дейін елордадағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғаны хабарланған. Сот сараптама қорытындысы оның ұсталған кезде мас күйде болғанын көрсетті. Полицейлердің мәліметінше, өлімнің себебі – жүрек-қан тамырларының ақауы. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Мадияр ТӨЛЕУ