Кешеден бері Түркістан облысының бірнеше ауданында қар еріп, жауын-шашыннан кейін су тасыды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 4 елді мекенде, атап айтқанда, Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға және Арыс қаласында су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуына жол бермеу мақсатында 12 000 бірлік құм салынған қап төселді.
Республикалық және облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Жедел желі телефондары: Астанада – 87172533284; Түркістан облысында – 87253357881.Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде жол төсемін су шайды. Су тасқынына байланысты облыстық маңызы бар «Көксаят-Ақсу-Саян-Мыңбұлақ-М-32», 118-136 км 117-179 автожолы жабылды. ТЖ-ны жою үшін Түркістан облысына Шымкент қаласының ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. «Қазгидрометтің» мәліметінше, 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын жауады. Қар ериді. Өзен-көл арнасынан асып, су тасиды.