Таяуда Facebook әлеуметтік желісінде Гүлайым Марторано атты азаматшаның Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі жөнінде, ондағы сақталмаған тазалық мәселесі, ата-ана қарауынсыз қалған жетім балалардың жай-күйі туралы жазбасы жарық көрген болатын. Аталмыш пост Nur Otan партиясы өкілдерін елең еткізбей қоймады. Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің және партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында облыстық партия филиалындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, қалалық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері және т.б. жасөспірімдер үйінің жағдайымен танысып қайтты.
– Әлеуметтік желіде жазылған ақпараттың анық-қанығын зер салып анықтау үшін арнайы уақыт бөліп, мәселенің мән-жайымен танысу керек. Біз «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіндегі жағдайды білу үшін осы жерге келдік. Шынында, мұнда жағдай мүлдем басқаша. Жоғарыда айтылғандай санитарлық тазалықтың сақталмауына бірінші кезекте сол жерде тұрып жатқан адамдар ғана кінәлі. Аядай бөлмені айнадай етіп, тап-таза қылып отырған отбасылар да бар. Ал кейбір тұрғындар есігін ашпады. Біз келеңсіздік орын алмас үшін барлық жайтты бақылап, тексеріс жүргізіп отырамыз. Қолдан келгенше, жағдайға қарап, әкімдікпен бірге көмек көрсетуге әзірміз, тек барлығы заң аясында болуы керек. Осыған дейін де партия назарында және облыс әкімдігінің бақылауында болып келген жасөспірімдер үйі алдағы уақытта да назардан тыс қалмайды, – деді Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Нұралы Ажар.Сөз соңында Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы жағдайды бақылауда ұстайтынын айтты. Әбілмансұр ЖАСАН