Жаңа заң жұмысшы құқығын қорғайды
Жаңа заң жұмысшы құқығын қорғайды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады. Күн тәртібінде алдымен Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 52-ба­бының 5-тармағына сәйкес, Парламент Сенатының депутаты Кәрімова Гүлмира Раинбекқы­зының өкілеттігін тоқтату ту­ралы Орталық сайлау комиссиясының ұсынымы қаралды. Мәулен Әшімбаев жеке өзінің және Се­наттың атынан Гүлмира Раинбекқызының отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтып, оның Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның дамуына және ұлттық білім беру жүйе­сін жетілдіруге үлкен үлес қосқанын атап өтті. Отырыс барысында сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономи­калық одақ туралы шартқа Қырғыз Респуб­ликасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамыр­дағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген ха­лықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының акті­лерін қолдануы жө­ніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 ма­мырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратифи­кациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Палата отырысында депутаттар «Қа­зақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне еңбек даулары мен жан­жалдарын шешу тәртібін оңайлату мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заңды да қарап, қа­былдады. Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді.
«Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша рет­теу мәселесін бірнеше рет көтерген бо­латын. Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетіл­діруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің бала­малы тәсілдерін қолдану – құқықтық сая­сатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қара­лады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмыс­шылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар отырыс кезінде сена­тор­лар өздерінің депутаттық сауалдарын жол­дады. Нұртөре Жүсіп «цифрлық аутизмнің» таралуына алаңдаушылық білдірді. Депутат аталған проблеманы шешуге арналған ша­ралар кешенін, оның ішінде жаппай рети­нопатия мен жаңа туған нәрестелердің ау­дио­логиялық скринингін жүргізуді ұсынды.Оль­га Булавкина Шығыс Қазақстандағы эко­логиялық жағдайға назар аударды. Оның айтуынша, өңірдегі ауа сапасы Өскемен қа­ла­сындағы тұрғындардың денсаулығына ай­тарлықтай зиянын тигізіп отыр. Бекболат Орынбеков Үкімет пен Бас Прокуратураны Жамбыл облысындағы тау-кен өндірісі қыз­меткерлерінің мәселесін шешуге жәрдем­десуге шақырды. Аталған кәсіпорын 20 жыл­­­­­дан астам уақыт бұрын банкрот деп та­нылған. Алайда оның бұрын­ғы қызмет­кер­лері әлі күнге дейін заңды төлемдерін ала алмай отыр. Андрей Лукин мүгедектігі бар азамат­тарға көрсетілетін қызметтердің сапасын, соның ішінде инватакси тапшылығын сынға алды. Соған байланысты депутат қызмет көрсетудің тиісті ережелерін қайта қарауды ұсынды. Ғалиасқар Сарыбаев «Алтынемел» ұлттық паркіндегі флора мен фаунаның пробле­малық жай-күйін тілге тиек етті. Сондай-ақ сенатор аталған табиғи парк пен Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығының аумақтары арасындағы мәселелерді реттеу қажеттігіне де назар аударды. Ақмарал Әлназарова өз сауалында дәрі-дәрмек айналымын реттеу жүйесіндегі тәсілдерді қайта қарау қажеттігін атап өтті. Депутаттың айтуынша, мұндай қа­дам дәрі-дәрмек бағасын реттеудің ашық­тығын қамтамасыз етеді және отандық фар­мацев­тикалық өндіріске қолдау көрсетеді.