Алдағы 5-10 жылдықта Қазақстаннан ғылым саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері шығуы мүмкін дегенге сенесіз бе? Қазақ ғылымының қазіргі жағдайына қарап «әй, қайдам» деп бас шайқайсыз. Өзімізде де алғашында дәл осындай пессимистік көзқарас басымдау болған. Дегенмен соңғы 5 жылдан бері көзі әлсіз көретін немесе мүлдем көрмейтін жандарға арналған түрлі қондырғыны ойлап тапқан SEZUAL командасының мүшесі Ғалымжан Ғабдрешовпен әңгімеден кейін бұл ойымыздан айнығандай болдық. Қазірдің өзінде халықаралық ғылым кеңістігінде өздерін мойындатып үлгерген команданың болашағы зор үміт күттіреді. Тығырықта табылған жол Расында, елдегі 160 мыңға жуық зағиптың жанына батқан түрлі мәселесін ғылыми жолмен шешуді ұсынған ғалымдардың жобаларының өміршеңдігінде күмән жоқ. Бір ғана көзі көрмейтін жандарға арналған электронды жолдың өзі көп түйткілдің түйінін тарқатқалы тұр.
«2019 жылы мен команда мүшелерімен белсенді геолокациялық жанар деп аталатын жобаны сынақтан өткізіп жүрдім. Бір күні әріптестерімнің бірі сол сынаққа қатысып жүрген зағип әйелдердің мәселесін жеткізді. Оларға моншаға бару қиындық туғызып жүр екен. Мен оларға моншаға геолокациялық аппараттың көмегімен баруды ұсындым. Бірақ олар бәрібір жолды таба алмайтынын айтты. Ал оларға бекітілген әлеуметтік көмекшілердің уақыты шектеулі. Бұл көмекшілер зағип жандарды қалаған кезінде моншаға апара алмайды. Ойлап қарасам, шынымен бас қатыратындай-ақ мәселе», – деп бастады әңгімесін Ғалымжан Ғабдрешов.Осылайша, зағип жандарға арналған бір жобаны сынақтан өткізіп жүрген ғалым келесі бір ноу-хоуды ойластыра бастайды. Рас, мұндай санатқа жататын жандарды алып жүретін әлеуметтік көмекшіден бөлек, үйретілген иттер бар. Қарғыбауын қолына ұстаған иесін қалаған жеріне бастап жүретін төртаяқтыларды қоғамдық орындарда ара-тұра кезіктіріп жатамыз. Дегенмен бұл жобаның құны тым қымбатқа түсетін көрінеді. Әрі иттерді белгілі бір аумақтағы иесі жиі соғатын ғимараттарды ажыратуды үйрету үшін де бірнеше жыл кетеді екен. Қысқасы, ғалым зағип жандарды жетектеп жүретін аппарат ойлап табуға бел буады. Алғаш ойына келгені кәдімгі балалардың ойыншық автокөлігінің үлгісіндегі электронды құрылғы болыпты. Есептей келе, бұл жобаның да қымбатқа түсетіні байқалады. Оның үстіне, мұндай құрылғыға енгізілетін GPS-тің дәлдігі төмендеу. Яғни, карта 5-6 метрден кейінгі кедергі туралы ақпаратты нақты бере алмауы мүмкін. Ал зағип жандардың емін-еркін жүруі үшін әрбір миллиметр маңызды.
«Осылайша, арнайы құрылғы жасап, оны зағип жандарға арналған таяқпен байланыстыруды ойластырдым. Қолдағы таяқ әр жерге қойылған радиоқабылдағыш үлгісіндегі шағын құрылғыдан ақпарат алып, оны зағип жанға жеткізеді. Осы тұста тағы бір мәселемен бетпе-бет келдік. Біз алғашында ойлағандай арнайы қондырғыдан келген ақпаратты дыбыстық хабарлама арқылы жеткізсе, ол көшенің шуынан естілмей қалуы мүмкін. Сондықтан да ең дұрысы діріл (вибрация) деп таптық. Оны кез келген шуда сезуге болады. Соны қосып тәжірибе жүргізіп көрдік. Нәтижесі көңілден шықты. Тіпті, тәжірибе кезінде арнайы құрылғыларға өте көп ақпарат енгізуге болатынын анықтадық. Оны енгізу жолын қарастыра бастадық», – дейді ғалым.Galanote – ғаламат тіл Көп өтпей зағип жандарға ақпаратты жеткізудің тәсілі табылды. Бұл тәсілді әлемдегі барлық зағиптың өмірін түбегейлі өзгертетін ғылыми жаңалық деуге болатындай.
«Құрылғыға енгізетін ақпарат өте көп. Әрі оның әлемдегі барша зағипқа түсінікті болуы үшін Galanote деген арнайы тіл де ойлап таптық. Бұл тіл зағиптарға арналған Брайль қарпіндегі 6 нүктеге негізделген. 7-нүктедегі ақпарат бірде бар, бірде жоқ. Маған бұл музыкадағы 7 нотамен үйлесетіндей көрінді. Нотаның кез келген комбинациясының бірігуінен әуен шығады. Сол секілді Брайльдағы әр таңбаны бір аккордқа ыңғайласақ, музыка болып шығады. Оны есте сақтау да оңай. Құрылғыны өзіміз шығарған тілмен байланыстырып, ақпаратты жеңіл түсінетіндей етіп жасадық. Ойлағанымыздай, екі-үш күннен кейін зағиптар құрылғының тілін меңгеріп алды. Тіпті, зағиптардың ішіндегі музыкант жігіт тілді тез үйреніп алып, Galanote тіліне жаңа сөздерді енгізуге үлес қосты. Осыдан кейін зағип жандар өздері қалаған жеріне баратын болды. Үй маңына серуенге шықты», – дейді Ғ.Ғабдрешов.
«Алғашқыда қажетті құрылғыларды өз қаржымызға сатып алып, белгілі бір аумаққа орнатып шықтық. Түрлі тәжірибелер арқылы жобаның тиімділігіне көз жеткізген соң оны іске асыру туралы ұсыныспен мемлекеттік органдарға шықтым. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне хат жолдадым. Хатта сынақ тобының зағиптарға арналған электронды жолды жоғары бағалағанын айттық. Министрліктен сырғытпа жауап келді. Тіпті, жобаны қолданысқа енгізу үшін пара сұрағандар да болды», – дейді ғалым.Тек қазір «ЦентрКредитбанк» қана 40 дыбыстық жолсерікті сатып алып, қолданысқа енгізіпті. Банк барлық филиалға осы қондырғыларды орнатпақ. Әлемде баламасы жоқ жоба Қазір Ғалымжан Ғабдрешов өз жобасын патенттеп алған. Әдетте, жаңадан ұсынылған кез келген жобаны 3 жыл бойы зерделейтін патент қоры бұл жолы 3 айда сүйіншілетіп қоңырау шалыпты.
– Мен патент алу үшін Швейцарияның патент қорына құжаттарымды тапсырғанымда олар 3 жыл күтетінімді ескертті. Халықаралық қағида солай екен. Бірақ маған бар болғаны үш айдан кейін хабарласып, патентімнің дайын екенін айтты. Таңданысымда шек болған жоқ. Сосын оларға маған патент алу үшін ұзақ күтудің себебін түсіндіріп берді. Сөйтсем, патент қоры әуелі ұсынылған жаңа жобаның баламасын іздейді екен. Баламасы болса, жаңадан ұсынылған жобаның одан артықшылығы зерделенеді. Жер бетінде күніне патент алуға миллиондаған өтінім түседі екен. Ал патент қоры құрылғалы зағип жандарға арналған бар болғаны 10 ғана патент болған көрінеді. Оның ішіндегі төрт патент қазір қолданыста. Швейцарияның патент қоры біз ұсынған жобаның баламасын сұрап, АҚШ-тың, Израильдің патент қорына өтініш жасаған екен. Олардан мұндай жоба әзірге ұсынылмады деген хабар алған соң маған патент беруге асыққан сияқты, – дейді Ғалымжан Ғабдрешов.АҚШ-тың аңсары ауды Негізінен, көзі әлсіз көретін немесе мүлдем көрмейтін адамдардың өмірін жеңілдетуге арналған ғылыми жаңалық ашуға көп ғалым тәуекел ете қоймайды. Себебі бұл салада ашылған ғылыми жаңалықты қолданысқа енгізудің қаржыландыру тетігі қарастырылмаған. Әйтсе де, мұндай жобалардан пайда табудан бұрын, жаңа технологияның зағип немесе мүгедектігі бар жандарға үміт сыйлайтынын түсінетіндер аз.
«Біз өз жобамызды АҚШ-тың Бостон штатындағы зағип жандарға арналған Перкинс мектебі мен Техастағы арнайы мектебіне ұсынып көрдік. Бұл мектептерді зағип балаларды оқытатын ең үлкен және ең ескі мектептердің қатарында. Зағиптарға арналған электронды жолды біз әуелі осы екі мектепке, кейіннен сол оқу орындары орналасқан қалаға енгізуді жоспарлап отырмыз. Бара-бара мұндай жолдар АҚШ-тың барлық штатында пайда болады. Жалпы, АҚШ-та қазірдің өзінде 46 мектеп менің жаңалығымды қолданысқа енгізуді күтіп отыр. Тіпті, көшіп-қону шығынын көтеруге дайын. Маған 10 жылға виза берді. Ғалымдарға арналған арнайы бағдараламасын да ұсынды», – дейді ғалым.
«Алғашында жобаны іске асыру ішін қажетті жартысын өз қалтамнан шығардым. Америкалықтар жобаға бірден қаржы құя қоймайды. Оның үстіне, әлемдік ғылыми қауымдастықтағы Қазақстанның беделі қай деңгейдегі екені белгілі. Бұл тұрғыдан америкалықтардың күмәні орынды. Сондықтан өз күшіммен жобаны жүзеге асырып, оның тиімділігіне көз жеткізу қажет болды. Шетелден келген мықты сарапшылар да алғашында маған сенімсіздік танытты. Тек эксперименттен кейін ғана күмән-күдігі сейіліп қаржыландыруға кірісті», – дейді кейіпкеріміз.Жалпы, электронды жол SEZUAL командасының зағип жандарға жалғыз жобасы емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақстандық ғалымдар бұған дейін белсенді геолокациялық жанар деп аталатын жобаны ойлап тапқан. Жоба көзі көрмесе де ұшып-қонып тіршілік жасайтын жарқанаттың тіршілік ету дағдысына ұқсас. Неврологияда да адамның осы тәсілмен көре алатыны туралы гипотеза болған. Дегенмен бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген америкалық, француз ғалымдардың ізденісі нәтижесіз аяқталыпты. Ғалымжан Ғабдрешов бұл жобамен мұқтаждықтан айналыса бастағанын айтады. 2017 жылы моншада көзін ыстық будан зақымдап алған ғалым көзі байланса да айналаны көріп-сезу үшін ойлап тапқан. Кейін жобаға Дүниежүзілік банк қызығушылық танытып қаржыландырған екен. Тіпті, дәл осы құрылғымен айналасын көріп, бағдарлауға үйренген жандар 1 жылдан кейін атыс алаңына барып, нысанаға атуға машықтанып алыпты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымынан келген сарапшылар зағиптарды атыс алаңына алып барғанымда ерекше таңданыспен қарады. Бірақ олардың нысанаға дөп тигізе бастағанда барып, жобаның тиімділігін мойындап, қолымды алды. Тіпті, кейбірі сынақтан өтіп жүрген жандардың зағип екеніне күдіктеніп, олардан медициналық анықтама сұрап әлекке түсті», – дейді ғалым.Қызығы, бұл құрылғыға әлемдегі жаңа технология мен ноу-хоудың отаны саналатын Оңтүстік Корея мен Жапонияның өзі қызығушылық танытқан. Тіпті, оңтүстіккореялықтар зағиптардың біріне арнайы құрылғыны ұрлауға тапсырыс та берген екен. Жапонияның мүгедектігі бар азаматтардың ісі бойынша үкіметтік ұйымы да хабарласып, патентті көргенін, бірақ технологиясын түсіне алмағанын айтқан. 2001 жылдан бері сан түрлі салада ғылыми жаңалық ашқан Ғалымжан Ғабдрешов – онкологиялық ауруларды электронды тіркеу жобасының да авторы. Әйтсе де, ғалымның әлемнің аузын айға білеген елдерінің ғылыми қауымдастығынан жоғары бағасын алған жобаларын Қазақстанда қолданысқа енгізу оңай болмай тұр. Оны Ғалымжанның өзі әлеуметтік қорғау, инфрақұрылымдық даму салаларындағы жемқорлықпен байланыстырады. Шынында, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық үш аталым бойынша БҰҰ-ның арнайы сыйлығын алған ғалымның сағын сындырып, көңілін қалдырғаны өкінішті-ақ. Табыстан бұрын ойлап тапқан жаңалығының зағип жандардың өмірін жеңілдетуге үлес қоса алғаны маңызды екенін айтып жүрген ғалымның қадірін жете алмай жүргеніміз қынжылтады.