«Алтын домбыра» айтыскер үшін қауіпті – Еркебұлан Қайназар
«Алтын домбыра» айтыскер үшін қауіпті – Еркебұлан Қайназар
1,889
оқылды
Айтыс – арда өнер. Түсіне білгенге берері көп. Айтыс жанашырлары да сол үшін жан ұшырады. Өйткені кейінгі жылдары айтыста сөзге тоқтау жоғалып, қайталау көбейді. Оның үстіне, телевизиялық форматтың да көпке ұнағаны санаулы. Сондықтан қайтсек жыр бәйгесін түрлендірерімізді ойлап бас қатырамыз. Осы турасында 2022 жылғы «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназармен әңгімелестік. – Қазіргі айтыскердің қоғам алдындағы келбеті қандай? – Айтыскердің қоғам алдындағы кел­бе­ті әр ақынның өзіне байланысты. Өз ара­мызда, кейінгі шығып келе жатқан жас өрен­дердің арасында айтып жүрген үлкен мә­селе бар. Бұл – сахнада айтқан сөз бен сах­на сыртындағы әрекеттің кейде қа­быс­пай жататыны. Осы мәселе мені толған­дырады. Лажы болса, жас буынның бұдан бойын аулақ ұстағанын қалаймын. Кезін­дегі ақын-жырау, билердің ел алдындағы келбеті қандай болса, қазіргі айтыскерді де солай елестеткім келеді. Сөзінде сал­ма­ғы, айтқанына лайық болса деймін. Қа­зір ақпарат дәуірі, әлеуметтік желіде не­гатив көп. Неше түрлі сайт пен әлеу­мет­тік желінің жетегіне еріп, арандап қа­ла­тын ақындар да кездеседі. Айтыскер ел­ді тура жолға, бірлікке бастайтын, жас­та­р­ды білімге, тәртіпке шақыратын бір­ден-бір кадр болғаны жөн. Әрі мұндай аза­маттар бар. Қазір біреуге бірдеңе ай­тып, зорлықпен істете алмайсың. Тек іс­пен көрсетіп, кейінгі буын мұны іспен жал­ғауы керек. Мәселен, осыдан он жыл бұ­рынғы айтыскер мен қазіргі айтыс ақы­ны­ның қоғамдағы келбетінде алшақтық жоқ. Ал 2005-2006 жылдары арда өнерде қуат­­­ты толқын болды. Әр сенбі сайын «Ха­бар» арнасынан айтыс тікелей эфирде бе­рілді. Ел болып, қауым болып көріп, тал­қыға салды. Ақынды жүрген жерінде сый­лап, ақын мен әкім қатар келсе, бірін­ші ақынға сәлем берді. Бүгінгімен салыс­тыр­ғанда, қазір бәрі қолжетімді. Қалаған ақы­ныңызбен сахна сыртында сөйлесіп, мә­селе талқылай аласыз. Бұрынғы айтыс­кер­дің статусымен салыстырғанда, қара­пайым көптің бірі болып қалды. Бірақ мұның да артық тұсы бар. Халықпен етене жақын болғанның пайдасы көп. Мысалы, ай­тыс алдында жаныңа келіп, «біздің ауыл­да мынадай мәселе бар, соны көтер­ші» деп қолқа салғанда қуанып қаласың. Бе­делге келсек, кейбір облыс енді-енді қол­ға алып жатыр. «Біздің атымыздан шы­ғып, елдің мәселесін айтып жүр, қол­дау білдірейік» деп жатқан санаулы әкім қа­ра бар. Демек, ақындардың қоғамдағы ста­тусы түсе қойған жоқ. Мысалы, біраз бұ­рын «Асыл домбыра» айтысы өтті. Оған 20 ай­мақтан сөз шебері қатыстық. Сонда тәнті болғаным, Атыраудың әкімі өңір аты­нан шығатын үш ақынды қабылдап, тіле­гін айтып, керегін түгендеп берген. Осындай қолдау барда қалай шаппайсың? Қанша жыл Астананың атынан айтысқа шыққанымызбен, эфир тамашаламай­тын­дар да бар. – Сіз алғаш сахнаға шық­қан уақыттан бері айтыс түрленді ме? – Әрине, өзгеріс бар. 1996 жылы алғаш рет оқушылар айты­сы­на шықтым. Сол жыл­дары Жүрсін аға­мыз «Супер дода» өт­кізіп жүрді. Қуатты толқын – Мұхамет­жан, Мельс, Бека­рыс, Дәулетке­рей, Жә­кен Омаров, Бал­ғынбек пен Аман­жол бар. Есімде, Аман­жол мен Жібектің айтысын тыңдап, өзім­ді ағамның орнында елестетіп, жауап дайындайтынмын. Иә, айтыс өзгерді, ай­тыстың сипаты өзгерді. Ішкі мазмұнында да өзгеріс бар. Көрермен қартайды. Оның үстіне, айтыста бірізділік пайда бола бас­тады. Жастарда өзіндік стиль қалыптаспай жатыр. Біреуі –Ринат, екіншісі – Мақсат, үшіншісі Аспанбек болғысы келеді. Осы­лайша, жарқ етіп, төңкеріс әкеліп жат­қаны некен-саяқ. Сондықтан айтыс бір орында тұрып қалғандай елестейді. Бірақ болашақтан зор үміт күтемін. «Біреудің ізі­­мен жүргеннің артында ізі қалмайды» деп студенттерімнің құлағына құямын. Еркебұлан Қайназар жеңімпаз Жалпы, қазір айтыста сөзге тоқтау жо­­ғалып, қайталау көбейіп кетті. Қайталау деген қайдан шықты? 2008 жылдан 2010 жыл­дың желтоқсанына дейін айтысқа тұсау салынды. Сол аралықта аудандық, облыстық біраз айтыс өтті. Сонда ақындар оңай жолын іздеп, айтқанын қайталауға көшті. Өйткені айтқанын жазып, түсіріп жатқан ешкім жоқ еді. Тіпті, жыр жол­дарым­ның басқа ақынның атынан кітапқа шығып кеткен кезі болды. Қандай жағдай болса да, кейін зерттеу жүргізілсе, қай жер­де не айтқаның айдай болары анық. Сондықтан шабыттың шалқұйрығын бос жіберген абзал. – Келісіп айтысатындар жоқ емес, бар. Осындайда алғашқы айналымда арқырап, екіншісінде тосылып қалатындар жетерлік. Сонда ақындар бірінші айналымға ғана дайындала ма? Жалпы, айтыскер қалай дайындық жасайды? – Меніңше, айтыстың сипаты екіге бө­­лініп бара жатыр. Біріншісі – спорттық ай­тыс, екіншісі – концерттік. Мысалы, спорт­тық айтыс – үлкен бәсеке. Мұнда қар­­сыластан қалай асып түссем екен, кө­рер­менді немен таңғалдырсам екен деу­мен отырасың. Ал концерттік айтыс де­ге­німіз – белгілі бір адамның асы немесе ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түскен соң жасалған шоу. Мәселен, біреу­дің асы өтеді, соған атақ ретінде сегіз ақын шақырады да, бәріне бірдей жүлде береді. Бұл кезде ешкім жанын қинамай, берген жүлдесін алып кетеді. Яғни, келісіп алу деген осыдан шығады. Бапқа келсек те солай. Мәселен, бір апта бұрын Қызыл­ор­дада айтыс өтсе, бір жұмадан соң елор­дадағы жыр додасына қатысасың. Алдын ала келі­сіміңді беріп қойған соң, бас тарта алмайсың. Сөйтіп, іште қуат қалмаса да, топқа түсесің. Байқасаңыз, 26 желтоқсан күні елордада өткен айтыс сөзіме дәлел. Өйткені аталған айтысқа қатысқандардың 70 пайызы сол аралықта «Алтын домбыра» мен Қызылордада өткен сөз тартысында бақ сынаған. Әлгі айтыста көбінде қуат қал­мағаны білініп тұрды. Ішінде өзін, ба­бын сақтап қалған бірен-сараны бар. Айта кетерлігі, халықтан ештеңе жасыра алмайсың. Шабысың бәсең екенін, сөзің сұйылып қалғанын біліп тұрады. Ал дайындыққа келсек, бірінші айналымға сақадай сай болатынымыз рас. Себебі қарсылас пен тақырып белгілі. Үйде жүріп жазып-сызып аласың, толғанасың. Бірақ екінші мен үшінші айналымда көсілу ақынның шабытына байланысты. Өз басым айтысқа тыңғылықты дайындалған кезім жоқ. Тек 2014 жылы «Алтын дом­быра­ға» төрт күн қалғаннан бастап ішкі қор жиғаным бар. Кейде қым-қуыт тір­ші­ліктің толқынына ілесіп кетпесем, ай­тыс­та өзім ойлағандай биікке шығар ма едім, кім білсін?! – Айтыстың бірнеше телевизиялық нұс­қасы шықты. Елге танымал болғаны аз. Не­ліктен? Арналар «Қалаулымға» төрт са­ғат тікелей эфир сыйлап, айтысқа бір са­ғатын қимағаны қынжылтпай ма? – Бұл тікелей басшылыққа, идеоло­гия­ға қатысты. «Қазақстан» ұлттық арна­сы мен «Хабар» агенттігі қаншама жыл ай­тысты қолдап келді. Қазір өткен айтыс лезд­е әлеуметтік желіге шығып жатыр. Бірақ сапасы сын көтермейді. Телеар­наларға келсек, бүгінде арнаның айнала­сын­да рейтинг үшін жұмыс істейтіндер топтасқан. Әрі қоғам да аталған бағ­дар­ламаны көруге бейім тұрады. Бір өзің «сен эфирден берме, халыққа көрме» дей ал­майсың. Ұлттық идеология аумалы-төк­пелі заманға түскенде билік тарапынан ке­сіп айтып, заңнамамен тыйып тастау ке­рек-ақ. Мысалы, айтысты түсіруін тү­сіріп, артынша қысымның кесірінен эфир­ден көрсетпейтін арналар бар. Ке­зінде өзіміз айтысты көрмек тұрмақ, архивтен таппай қалғанымыз бар. Мәсе­лен, 2012 жылы «Балуан Шолақ» сарайын­да «Қонаевтай ер қайда?» айтысы өтті. Сол тұста бірқатар арна түсіруден бас тарт­ты. Тек «31 арна» келісімін беріп, тас­па­лауға кірісті. Алайда эфирден көрсеткен жоқ. Әлі күнге бейнетаспаны көргеніміз жоқ. Архивте де жоқ екенін алға тартып отыр. Екіншісі, елордада 2016 жылы «Ба­ға­налы ордам – басты ордам» атты ақын­дар айтысы өтті. Жер мәселесі ушығып тұр­­ған шақ. Айтысқа келген «Хабар» ар­насының басшысы жыр бәйгесін екі күн­нен соң эфирден көрсететінін айтып, сөз берді. Артынша тағы да архивтен таппай қал­дық. Мұндайда кімге ренжисің? Одан қал­са былтырғы «Алтын домбыра» айты­сын Ұлттық арна түсірген де жоқ. Қызығы, олар тұрмақ айтыс өтетінін Түркістан са­райында жұмыс істейтін қызметкерлер білмеген. Жарнамасы жасалмады. Бұған кінәлі – Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ әуендері» акционерлік қо­ға­мы. Жүрдім-бардым қараған соң жылдың басты бәсекесі жетім қыздың тойындай өтті. Алтын домбыра Жалпы, бірнеше жылдан бері айтыс­тың телевизиялық нұсқасы шығып жүр. Былтыр бірнеше арна аталған форматта сөз додасын өткізді. Мысалы, «Хабар» тү­­­сірген «Жеті қазынада» да айтыс бар. Сон­да айтатыным, әншілерді бірнеше рет тоқ­татып, қайта түсіреді. Биші мен бас­қасын да солай. Осыған қарап, режиссерге сақадай сай дайындалып, бізді бөлмеуін өтінемін. Сөзден жаңылғанды, қазының сынағанын, қалай бар, солай түсіру керек. Сон­да айтыс шынайлығын сақтап қалады. Болмаса, жыр бәсекесін тікелей эфирден беру керек. Бірақ оған ешқандай арна ке­ліспейді. Бірнеше рет ұсыныс білдір­генмен, жоғары жақ құп көрмеді. – Осыған орай, айтысты қалай түрлендіріп, заман ағымына бейімдеуге болады? – Заман ағымымен жүре берсек, түпнұсқадан айырылып қаламыз. Берілу форматына келсек, іздеген адам керегін Youtube-тан да, Tik-tok-тан да тауып алады. Қалай болған күнде де, айтыс көрем деген адам көреді. Көрермен жинап, аудиториядан айырылмаудың жалғыз жолы – айтыстың шынайы келбетін жоғалтпау. Орысша өсіп, сөйлеп жүрген шенеуніктердің айтысқа келіп, шынайы өткенін көргенде жанкүйерге айналғанын көрдік. Өзімнің прокурор досым болды. Апта сайын әке-шешесін Талдықорғаннан Алматыға айтысқа әкелетін. Ата-анасын Республика сарайына кіргізіп, өзі достарымен қыдырып кетеді. Орысша өскен қаланың баласы болғасын айтысқа әсте қызықпайды. Бірде өзі де жыр додасын көзбен көріп, тамсанады. Содан бізбен танысып, жақын араласып кеттік. Қорыта айтқанда, ақынның эмоцияны білініп, суырып салып жатқаны көрініп тұрса, халық құлшына көреді. Ал концерттік нөмір сияқты сценарий-айтыстың ғұмыры қысқа. – Осындайда зиялы қауым өкілі де­гені­міз кім? Халық атағы бар адамды зиялымен шатастырып жүрген жоқ па? – Сөзі бен ісіне, білімі мен білігіне лайық болған адамды зиялы дейміз. Кейде ата­ғы бар адамдарды зиялыға топтап жі­береді. Зиялы қауымның басында ақ­са­қалдар тұруы тиіс еді. Қазір бізде сөзін хан­ға да, қараға да тыңдата алатын ақса­қалдар азайып кетті. Неге? Себебі олар статусқа сай емес, сөздері сәйкес емес. Өзі­нің принципі бар, сөзіне берік, жұмы­сына адал, саласында жетістікке жеткен тұл­ғаны зиялы деп атар едім. Мысалы, өткен ғасырда алашордашылар өлермен­дік­пен ұлт мұрасын сақтап қалды. Біреуі тілді, біреуі педагогиканы, ендігісі ғылым са­ласын алып, түбіне жетті. Өйткені келе­шегі, руханияты өліп бара жатқан ұлтты көрді. Шетелде бар нәрсенің қазақта болғанын қалады. Сол сияқты қазіргі қоғамда да зиялы бар. Бірақ оны сіз бен біз білмеуіміз мүмкін. Ол өз саласының жілігін шағып, майын ішіп, жетер биігіне жетіп алған. Зиялы қауымның ішіне қа­зіргі жастар да кіруі мүмкін. Ең маңыз­дысы – принцип пен позиция. Оған қоса кешегі өткен алаш арыстарының, мүйізі қара­ғайдай тұлғалардың ұрпағын зия­лының қатарына қосу дұрыс емес. – Бұдан бөлек, жыршы-термеші әрі ұстазсыз. Студент айтыс мамандығынан не үйренеді? Болашағы бар ма?  – Ұлттық өнер университетінде Дәстүрлі музыкалық өнер факультеті бар. Соның ішінде дәстүрлі өнер, домбыра, қобыз кафедрасы жұмыс істейді. Дәстүрлі өнер мамандық болса, соның ішінде үш мамандандыру саласы бар. Олар – дәстүрлі өнер-ән, дәстүрлі өнер-жыр, дәстүрлі өнер-айтыс. Дәстүрлі муызкалық өнердің ішінде айтыс, ән, жыр бірге жүретін болса, қалай болашағы жоқ деуге болады? Егер шәкірт бар қазынаны бойына сіңіріп, мән-маңызын түсінсе арыға барады. Бұл – түпнұсқа өнер. Факультетте жасандылық атымен жоқ. Мысалы, әннің өзін Ақан, Біржан, Жүсіпбектер айтқан нұсқамен салады. Яғни, баланың бойына ұлттық құндылықтың қайнарын сіңіреміз. Ал алысқа бару жағына келсек, еңбек пен білімді қатар ұстаған шәкірт дегеніне жетеді. Өзіме келсем, бәріне бірдей мүмкіндік беремін. Озып шығу, қалыс қалу әркімнің өзіне байланысты. – Соңғы сұрағымыз болсын, «Алтын дом­бырада» абырой бар ма? – «Алтын домбыраны» маңдай термен алған адамда абырой болады. Халық қа­ла­май тұрып жүлдені алған кезде абы­ройын жоғалтатын болар. Екеуіне де тіке­лей әсер етеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейміз. Алтын айтыстың аура­сына әсер етеді. Басқа-басқа осы «Ал­тын домбыраға» келгенде шу көтеріледі. Әділетсіздік пен әттеген-ай да бар. Оның үстіне, аурасы ауыр. Бәсекенің атауындағы даңқ пен дақпырт әсер етпей қоймайды. Көбінесе, осы айтыстың аяғы шумен, бірнеше айға созылатын пікірталаспен аяқ­талып жатады. Былтыр және 2021 жы­лы Бекарыс Шойбеков алған жылы ты­ныш өтті. Өзім де «алсам, абыроймен ал­сам» деп тілеп жүргенмін. Бұған дейін де «алмадық» деп жер тепкілегенім жоқ. Жал­пы, «Алтын домбыра» – айтыстың абы­ройы үшін керек, ақынның абыройы үшін қауіпті.

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ