Айтыс – арда өнер. Түсіне білгенге берері көп. Айтыс жанашырлары да сол үшін жан ұшырады. Өйткені кейінгі жылдары айтыста сөзге тоқтау жоғалып, қайталау көбейді. Оның үстіне, телевизиялық форматтың да көпке ұнағаны санаулы. Сондықтан қайтсек жыр бәйгесін түрлендірерімізді ойлап бас қатырамыз. Осы турасында 2022 жылғы «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназармен әңгімелестік.
– Қазіргі айтыскердің қоғам алдындағы келбеті қандай?
– Айтыскердің қоғам алдындағы келбеті әр ақынның өзіне байланысты. Өз арамызда, кейінгі шығып келе жатқан жас өрендердің арасында айтып жүрген үлкен мәселе бар. Бұл – сахнада айтқан сөз бен сахна сыртындағы әрекеттің кейде қабыспай жататыны. Осы мәселе мені толғандырады. Лажы болса, жас буынның бұдан бойын аулақ ұстағанын қалаймын. Кезіндегі ақын-жырау, билердің ел алдындағы келбеті қандай болса, қазіргі айтыскерді де солай елестеткім келеді. Сөзінде салмағы, айтқанына лайық болса деймін. Қазір ақпарат дәуірі, әлеуметтік желіде негатив көп. Неше түрлі сайт пен әлеуметтік желінің жетегіне еріп, арандап қалатын ақындар да кездеседі. Айтыскер елді тура жолға, бірлікке бастайтын, жастарды білімге, тәртіпке шақыратын бірден-бір кадр болғаны жөн. Әрі мұндай азаматтар бар. Қазір біреуге бірдеңе айтып, зорлықпен істете алмайсың. Тек іспен көрсетіп, кейінгі буын мұны іспен жалғауы керек. Мәселен, осыдан он жыл бұрынғы айтыскер мен қазіргі айтыс ақынының қоғамдағы келбетінде алшақтық жоқ. Ал 2005-2006 жылдары арда өнерде қуатты толқын болды. Әр сенбі сайын «Хабар» арнасынан айтыс тікелей эфирде берілді. Ел болып, қауым болып көріп, талқыға салды. Ақынды жүрген жерінде сыйлап, ақын мен әкім қатар келсе, бірінші ақынға сәлем берді. Бүгінгімен салыстырғанда, қазір бәрі қолжетімді. Қалаған ақыныңызбен сахна сыртында сөйлесіп, мәселе талқылай аласыз. Бұрынғы айтыскердің статусымен салыстырғанда, қарапайым көптің бірі болып қалды. Бірақ мұның да артық тұсы бар. Халықпен етене жақын болғанның пайдасы көп. Мысалы, айтыс алдында жаныңа келіп, «біздің ауылда мынадай мәселе бар, соны көтерші» деп қолқа салғанда қуанып қаласың. Беделге келсек, кейбір облыс енді-енді қолға алып жатыр. «Біздің атымыздан шығып, елдің мәселесін айтып жүр, қолдау білдірейік» деп жатқан санаулы әкім қара бар. Демек, ақындардың қоғамдағы статусы түсе қойған жоқ. Мысалы, біраз бұрын «Асыл домбыра» айтысы өтті. Оған 20 аймақтан сөз шебері қатыстық. Сонда тәнті болғаным, Атыраудың әкімі өңір атынан шығатын үш ақынды қабылдап, тілегін айтып, керегін түгендеп берген. Осындай қолдау барда қалай шаппайсың? Қанша жыл Астананың атынан айтысқа шыққанымызбен, эфир тамашаламайтындар да бар.
– Сіз алғаш сахнаға шыққан уақыттан бері айтыс түрленді ме?
– Әрине, өзгеріс бар. 1996 жылы алғаш рет оқушылар айтысына шықтым. Сол жылдары Жүрсін ағамыз «Супер дода» өткізіп жүрді. Қуатты толқын – Мұхаметжан, Мельс, Бекарыс, Дәулеткерей, Жәкен Омаров, Балғынбек пен Аманжол бар. Есімде, Аманжол мен Жібектің айтысын тыңдап, өзімді ағамның орнында елестетіп, жауап дайындайтынмын. Иә, айтыс өзгерді, айтыстың сипаты өзгерді. Ішкі мазмұнында да өзгеріс бар. Көрермен қартайды. Оның үстіне, айтыста бірізділік пайда бола бастады. Жастарда өзіндік стиль қалыптаспай жатыр. Біреуі –Ринат, екіншісі – Мақсат, үшіншісі Аспанбек болғысы келеді. Осылайша, жарқ етіп, төңкеріс әкеліп жатқаны некен-саяқ. Сондықтан айтыс бір орында тұрып қалғандай елестейді. Бірақ болашақтан зор үміт күтемін. «Біреудің ізімен жүргеннің артында ізі қалмайды» деп студенттерімнің құлағына құямын.
Жалпы, қазір айтыста сөзге тоқтау жоғалып, қайталау көбейіп кетті. Қайталау деген қайдан шықты? 2008 жылдан 2010 жылдың желтоқсанына дейін айтысқа тұсау салынды. Сол аралықта аудандық, облыстық біраз айтыс өтті. Сонда ақындар оңай жолын іздеп, айтқанын қайталауға көшті. Өйткені айтқанын жазып, түсіріп жатқан ешкім жоқ еді. Тіпті, жыр жолдарымның басқа ақынның атынан кітапқа шығып кеткен кезі болды. Қандай жағдай болса да, кейін зерттеу жүргізілсе, қай жерде не айтқаның айдай болары анық. Сондықтан шабыттың шалқұйрығын бос жіберген абзал.
– Келісіп айтысатындар жоқ емес, бар. Осындайда алғашқы айналымда арқырап, екіншісінде тосылып қалатындар жетерлік. Сонда ақындар бірінші айналымға ғана дайындала ма? Жалпы, айтыскер қалай дайындық жасайды?
– Меніңше, айтыстың сипаты екіге бөлініп бара жатыр. Біріншісі – спорттық айтыс, екіншісі – концерттік. Мысалы, спорттық айтыс – үлкен бәсеке. Мұнда қарсыластан қалай асып түссем екен, көрерменді немен таңғалдырсам екен деумен отырасың. Ал концерттік айтыс дегеніміз – белгілі бір адамның асы немесе ұйымдастырушылар тарапынан ұсыныс түскен соң жасалған шоу. Мәселен, біреудің асы өтеді, соған атақ ретінде сегіз ақын шақырады да, бәріне бірдей жүлде береді. Бұл кезде ешкім жанын қинамай, берген жүлдесін алып кетеді. Яғни, келісіп алу деген осыдан шығады. Бапқа келсек те солай. Мәселен, бір апта бұрын Қызылордада айтыс өтсе, бір жұмадан соң елордадағы жыр додасына қатысасың. Алдын ала келісіміңді беріп қойған соң, бас тарта алмайсың. Сөйтіп, іште қуат қалмаса да, топқа түсесің. Байқасаңыз, 26 желтоқсан күні елордада өткен айтыс сөзіме дәлел. Өйткені аталған айтысқа қатысқандардың 70 пайызы сол аралықта «Алтын домбыра» мен Қызылордада өткен сөз тартысында бақ сынаған. Әлгі айтыста көбінде қуат қалмағаны білініп тұрды. Ішінде өзін, бабын сақтап қалған бірен-сараны бар. Айта кетерлігі, халықтан ештеңе жасыра алмайсың. Шабысың бәсең екенін, сөзің сұйылып қалғанын біліп тұрады. Ал дайындыққа келсек, бірінші айналымға сақадай сай болатынымыз рас. Себебі қарсылас пен тақырып белгілі. Үйде жүріп жазып-сызып аласың, толғанасың. Бірақ екінші мен үшінші айналымда көсілу ақынның шабытына байланысты. Өз басым айтысқа тыңғылықты дайындалған кезім жоқ. Тек 2014 жылы «Алтын домбыраға» төрт күн қалғаннан бастап ішкі қор жиғаным бар. Кейде қым-қуыт тіршіліктің толқынына ілесіп кетпесем, айтыста өзім ойлағандай биікке шығар ма едім, кім білсін?!
– Айтыстың бірнеше телевизиялық нұсқасы шықты. Елге танымал болғаны аз. Неліктен? Арналар «Қалаулымға» төрт сағат тікелей эфир сыйлап, айтысқа бір сағатын қимағаны қынжылтпай ма?
– Бұл тікелей басшылыққа, идеологияға қатысты. «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Хабар» агенттігі қаншама жыл айтысты қолдап келді. Қазір өткен айтыс лезде әлеуметтік желіге шығып жатыр. Бірақ сапасы сын көтермейді. Телеарналарға келсек, бүгінде арнаның айналасында рейтинг үшін жұмыс істейтіндер топтасқан. Әрі қоғам да аталған бағдарламаны көруге бейім тұрады. Бір өзің «сен эфирден берме, халыққа көрме» дей алмайсың. Ұлттық идеология аумалы-төкпелі заманға түскенде билік тарапынан кесіп айтып, заңнамамен тыйып тастау керек-ақ. Мысалы, айтысты түсіруін түсіріп, артынша қысымның кесірінен эфирден көрсетпейтін арналар бар. Кезінде өзіміз айтысты көрмек тұрмақ, архивтен таппай қалғанымыз бар. Мәселен, 2012 жылы «Балуан Шолақ» сарайында «Қонаевтай ер қайда?» айтысы өтті. Сол тұста бірқатар арна түсіруден бас тартты. Тек «31 арна» келісімін беріп, таспалауға кірісті. Алайда эфирден көрсеткен жоқ. Әлі күнге бейнетаспаны көргеніміз жоқ. Архивте де жоқ екенін алға тартып отыр. Екіншісі, елордада 2016 жылы «Бағаналы ордам – басты ордам» атты ақындар айтысы өтті. Жер мәселесі ушығып тұрған шақ. Айтысқа келген «Хабар» арнасының басшысы жыр бәйгесін екі күннен соң эфирден көрсететінін айтып, сөз берді. Артынша тағы да архивтен таппай қалдық. Мұндайда кімге ренжисің? Одан қалса былтырғы «Алтын домбыра» айтысын Ұлттық арна түсірген де жоқ. Қызығы, олар тұрмақ айтыс өтетінін Түркістан сарайында жұмыс істейтін қызметкерлер білмеген. Жарнамасы жасалмады. Бұған кінәлі – Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамы. Жүрдім-бардым қараған соң жылдың басты бәсекесі жетім қыздың тойындай өтті.
Жалпы, бірнеше жылдан бері айтыстың телевизиялық нұсқасы шығып жүр. Былтыр бірнеше арна аталған форматта сөз додасын өткізді. Мысалы, «Хабар» түсірген «Жеті қазынада» да айтыс бар. Сонда айтатыным, әншілерді бірнеше рет тоқтатып, қайта түсіреді. Биші мен басқасын да солай. Осыған қарап, режиссерге сақадай сай дайындалып, бізді бөлмеуін өтінемін. Сөзден жаңылғанды, қазының сынағанын, қалай бар, солай түсіру керек. Сонда айтыс шынайлығын сақтап қалады. Болмаса, жыр бәсекесін тікелей эфирден беру керек. Бірақ оған ешқандай арна келіспейді. Бірнеше рет ұсыныс білдіргенмен, жоғары жақ құп көрмеді.
– Осыған орай, айтысты қалай түрлендіріп, заман ағымына бейімдеуге болады?
– Заман ағымымен жүре берсек, түпнұсқадан айырылып қаламыз. Берілу форматына келсек, іздеген адам керегін Youtube-тан да, Tik-tok-тан да тауып алады. Қалай болған күнде де, айтыс көрем деген адам көреді. Көрермен жинап, аудиториядан айырылмаудың жалғыз жолы – айтыстың шынайы келбетін жоғалтпау. Орысша өсіп, сөйлеп жүрген шенеуніктердің айтысқа келіп, шынайы өткенін көргенде жанкүйерге айналғанын көрдік. Өзімнің прокурор досым болды. Апта сайын әке-шешесін Талдықорғаннан Алматыға айтысқа әкелетін. Ата-анасын Республика сарайына кіргізіп, өзі достарымен қыдырып кетеді. Орысша өскен қаланың баласы болғасын айтысқа әсте қызықпайды. Бірде өзі де жыр додасын көзбен көріп, тамсанады. Содан бізбен танысып, жақын араласып кеттік. Қорыта айтқанда, ақынның эмоцияны білініп, суырып салып жатқаны көрініп тұрса, халық құлшына көреді. Ал концерттік нөмір сияқты сценарий-айтыстың ғұмыры қысқа.
– Осындайда зиялы қауым өкілі дегеніміз кім? Халық атағы бар адамды зиялымен шатастырып жүрген жоқ па?
– Сөзі бен ісіне, білімі мен білігіне лайық болған адамды зиялы дейміз. Кейде атағы бар адамдарды зиялыға топтап жібереді. Зиялы қауымның басында ақсақалдар тұруы тиіс еді. Қазір бізде сөзін ханға да, қараға да тыңдата алатын ақсақалдар азайып кетті. Неге? Себебі олар статусқа сай емес, сөздері сәйкес емес. Өзінің принципі бар, сөзіне берік, жұмысына адал, саласында жетістікке жеткен тұлғаны зиялы деп атар едім. Мысалы, өткен ғасырда алашордашылар өлермендікпен ұлт мұрасын сақтап қалды. Біреуі тілді, біреуі педагогиканы, ендігісі ғылым саласын алып, түбіне жетті. Өйткені келешегі, руханияты өліп бара жатқан ұлтты көрді. Шетелде бар нәрсенің қазақта болғанын қалады. Сол сияқты қазіргі қоғамда да зиялы бар. Бірақ оны сіз бен біз білмеуіміз мүмкін. Ол өз саласының жілігін шағып, майын ішіп, жетер биігіне жетіп алған. Зиялы қауымның ішіне қазіргі жастар да кіруі мүмкін. Ең маңыздысы – принцип пен позиция. Оған қоса кешегі өткен алаш арыстарының, мүйізі қарағайдай тұлғалардың ұрпағын зиялының қатарына қосу дұрыс емес.
– Бұдан бөлек, жыршы-термеші әрі ұстазсыз. Студент айтыс мамандығынан не үйренеді? Болашағы бар ма?
– Ұлттық өнер университетінде Дәстүрлі музыкалық өнер факультеті бар. Соның ішінде дәстүрлі өнер, домбыра, қобыз кафедрасы жұмыс істейді. Дәстүрлі өнер мамандық болса, соның ішінде үш мамандандыру саласы бар. Олар – дәстүрлі өнер-ән, дәстүрлі өнер-жыр, дәстүрлі өнер-айтыс. Дәстүрлі муызкалық өнердің ішінде айтыс, ән, жыр бірге жүретін болса, қалай болашағы жоқ деуге болады? Егер шәкірт бар қазынаны бойына сіңіріп, мән-маңызын түсінсе арыға барады. Бұл – түпнұсқа өнер. Факультетте жасандылық атымен жоқ. Мысалы, әннің өзін Ақан, Біржан, Жүсіпбектер айтқан нұсқамен салады. Яғни, баланың бойына ұлттық құндылықтың қайнарын сіңіреміз. Ал алысқа бару жағына келсек, еңбек пен білімді қатар ұстаған шәкірт дегеніне жетеді. Өзіме келсем, бәріне бірдей мүмкіндік беремін. Озып шығу, қалыс қалу әркімнің өзіне байланысты.
– Соңғы сұрағымыз болсын, «Алтын домбырада» абырой бар ма?
– «Алтын домбыраны» маңдай термен алған адамда абырой болады. Халық қаламай тұрып жүлдені алған кезде абыройын жоғалтатын болар. Екеуіне де тікелей әсер етеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейміз. Алтын айтыстың аурасына әсер етеді. Басқа-басқа осы «Алтын домбыраға» келгенде шу көтеріледі. Әділетсіздік пен әттеген-ай да бар. Оның үстіне, аурасы ауыр. Бәсекенің атауындағы даңқ пен дақпырт әсер етпей қоймайды. Көбінесе, осы айтыстың аяғы шумен, бірнеше айға созылатын пікірталаспен аяқталып жатады. Былтыр және 2021 жылы Бекарыс Шойбеков алған жылы тыныш өтті. Өзім де «алсам, абыроймен алсам» деп тілеп жүргенмін. Бұған дейін де «алмадық» деп жер тепкілегенім жоқ. Жалпы, «Алтын домбыра» – айтыстың абыройы үшін керек, ақынның абыройы үшін қауіпті.
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ