Жуа жылда «жылатады»
Жуа жылда «жылатады»
553
оқылды
Қазақстанның кейбір өңірі «қызыл аймаққа» кірді. Бірақ мұның коронавирусқа қатысы жоқ. Үкіметтегі ӘМАТ (әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары) бағасының өсуін тежеу жөніндегі кеңесте осындай тосын термин қолданылды. Өңірлер пияз тапшылығы қаупі бойынша «қызыл аймаққа» кірген. Ғажабы сол, елде жылда жуа проблемасы туындайды. Биыл да бұл кесірлі дәстүр жалғасты. Үкімет амалсыздан пияз экспортына тыйым салды. Пандемияның қос жылында осы өнімнің жаһандық қара базарға жеткізіліміне қатаң шектеу енгізіп, экспорттаушыларды сертификат алуға міндеттеген. Мұндай «пияз феноменінің» құпиясы неде? «Ми аз ба менде, күй аз ба? Құмарттым құр­ғыр пиязға...» деп 90-жылдары ақын­дарымыздың бірі жырлағандай, көкөністің дәл осы түрі ел тіршілігінің жай-күйін білдіретін әлдебір индикаторға айналды. Жуа қымбаттаса, ізінше барлық басқа жеуге жарамды өсімдік түрлерінің де бағасы көтеріледі. Қымбаттамаса, ол жыл өсімдік шаруашылығы үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жыл болды деген сөз. Бірақ биыл аққұла пияз құны күрт көтерілген. Бұған жүрегі зырқ еткен шенеуніктер де дүре көтерілді. Үкіметтің жиынының төріне пияз шықты.
«Пияз бойынша 9 өңір жасыл аймақта, яғни оларда тұрақтандыру қорлары сұраныстың 100%-дан астамына, тағы 8-і – 50%-дан астамына келісімшарт жасады. Қызыл аймақтағыларда 50%-дан аз: бұлар – Алматы, Павлодар, Жетісу облыстары», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.
Қызығы сол, жуа ешқандай қат тауар емес: Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, еліміз өзін пиязбен жүз пайыз қамтиды. Оны жеткілікті көлемде өзіміз өндіреміз, аз көлемде шетелден де тасимыз. Аграршылардың сендіруінше, мысалы «бір ғана Түркістан облысының әлеуеті республика халқын пиязбен толық қамтамасыз етуге жетеді». Онда тапшылық қаупі неден туындады? Басты фактор – пияз маусымға тәуелді көкөніс саналады. Жыл бойы сақтауға келмейді, былтырғы күзгі өнім биылғы көктемде түйнегінен сабағы сорайып, лезде өніп шыға келеді. Оның үстіне, ашық-шашық, аңғал-саңғал базада сақтай алмайсыз, аязға үсіп кетеді. Осыдан екінші фактор өрбиді: Қазақстанда бұл көкөніс түрін тиісті температурада сақтауға мүм­кін­дік беретін қоймалар тапшы. «Көкөніс өндірісінің өсімі қоймаларды 1,5 есе арттыруды талап ететінін» Ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған тұста Сапархан Омаров 2020 жылғы 28 сәуірде өткен Үкімет отырысында мәселе етіп көтерді. Әкімдіктердің мәліметтері бойынша республикада жалпы сыйым­дылығы 1,9 миллион тоннадан асатын 1 250 жеміс, көкөніс сақтау қоймасы бар. Алайда диқандарымыз жылда жиятын жеті миллион тоннадай жеміс-көкөніс астығын сақтау үшін сыйымдылығы кемінде 2,8 млн тонна болатын, яғни қолданыстағыдан 1,5 есе үлкен қоймалар керек. Сала ми­нистрі қанша ауысса да, жағдай түбегейлі өзгеретін емес. Салдарынан Үкімет сүйікті сойылына жармасты: экспортты тыйды. Бұған оны енді үшінші фактор – Пәкістандағы күрделі ахуал итермелепті. Пәкістан – дос, бірақ бізге жуа қымбат 17 қаңтарда Үкіметтегі Сыртқы сауда саясаты және экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведом­ствоаралық комиссия (ВАК) Қазақстаннан пияз экспортын тоқтатқанын жариялады. Тыйым әзірге 3 ай мерзімге енгізіліп отыр. Ары қарай елдің аузы жуаның биылғы егісінің жаңа өніміне тиеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі шетін шешім ол өнімнің Қазақстаннан жаппай шығарылуына тосқауыл қою, оның елдегі бағасын тұрақтандыру үшін жасалғанын алға тартты.
– Үшінші елдердің қазақстандық пиязға деген сұранысы күрт артты. Өйткені Азия мен әлемдегі ең ірі пияз өндіру­шілердің бірі – Пәкістанда табиғи апаттар болды. Ондағы су тасқыны әлемде, оның ішінде біздің елдің нарығында пияз бағасының өсуіне әкелді. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Өзбек­станда бұл өнімнің қатты аязда үсіп кетуі оның құнына қосымша салмақ түсіріп отыр. Осылайша, пияздың негізгі өндіру­шілері енді қазақстандық өнімді белсенді түрде импорттап жатыр, – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ұлттық статистика бюросының мәлі­метін­ше, 2022 жылы Қазақстан егістіктер­ден 1,1 миллион тонна пияз жинаған. Ал қазақ­стандықтардың өзі жыл сайын ор­таша есеп­пен 315 мың тонна, яғни 3 есе аз жуа жейді.
«Әкімдіктердің дерегінше, жыл ба­сында еліміздегі пияздың расталған қоры 152,4 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылғы егіннің жалпы көлемінің 14 пайызы ғана. Дегенмен бұл көлем жаңа өнім жиналғанға дейін жеткілікті. Бұған қоса, экспортқа енгізілген шектеулер Қазақ­станда қалған пияздың тегіс шетелге әке­тілу қаупін болдырмайды», – деп мәлімдеді ведомство. Ал ондай қауіп бар сияқты. Себебі республикамызда бұл көкөністің бағасы диқаншысы көп өзбек еліндегіден де арзан болып тұр. Мысалы, бізде пияздың бір келісінің көтерме бағасы 150-170 теңгені құраса, ал көршілес Ресей мен Өзбекстанда баға 240 теңге көлемінде. Сонымен қатар Qaztrade хабарлауынша, Өзбекстан мен Тәжікстан пияз экспортына шектеу қойды. Осы аптада Қырғыз Рес­публикасы да өз аума­ғынан жуа экспорт­тауға тыйым салды.
Министрлік тыйымның жағым­сыз сал­­дарын азайту мақсатында фер­мерлерге ол өнімін әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпора­циялар арқылы тұрақ­тан­дыру қор­ларына, сондай-ақ сауда желілеріне сатуды ұсынды. Бірақ ӘКК-лер тым арзанға алады. Ал супер­маркет желілері ақылы сө­ре­лерін ғана ұсынады: өтпе­генін, шірі­генін, жұрттың іріктеп алуы­нан қалғанын өндірушілерге кері қай­тарады. жуа Ауыл шаруашылығы минис­трлігі аталған тыйым 2023 жылы 28 қаңтардан бас­тап күшіне енгенін нақтылады. Ми­нис­тр Ербол Қа­ра­шөкеевтің бұ­йры­ғына сәйкес, ау­мақ­тық инс­пек­ция­лар пияз экс­­портына фито­сани­тариялық сер­тификаттар рә­сім­­деуді тоқтатты. Көліктер ке­ден­нен көңілсіз қайтты Бұл тыйымның ар­ты дауға ұласты. Кеден­дегі кеп­теліс кесірінен сер­ти­фикаты бар экспорт­тау­шылар өні­мін уақытында шыға­рып әкете алмаған. Нәти­же­сінде, Ресеймен ара­дағы шекараның кедендік өткізу бекеттерінде жанжал туын­даған. Алып фура иелері өздеріне шекараны ашуды та­лап етіпті. Дәйек­темесі мы­ғым: олардың өнімдеріне уәкілетті орган­дар серти­фикаттарды 28 қаңтарға дейін рәсімдеген.
«Ережеге сәйкес, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері 28 қаңтарға дейін пиязды Қазақстаннан тыс әкетуге тиіс еді. Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу пунктіне келген АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиев оларға тиісті түсініктеме берді. Ол кездесуге қатысқандарға пиязды ішкі нарықта сату қажеттілігін нықтады. Бұған жергілікті әкімдіктер жәрдемдесуі тиіс. Кәсіпкерлер бұған келісті. Нәтиже­сінде, пияз тиелген 24 автокөлік Түркістан облысына кері оралды. «Сырым» өткізу бекетіндегі жағдай тұрақтанды», – деп ха­барлады министрлік.
Аграршылар мен экспорттаушылар жылда биліктің пияз экспортына кедергі жасауға әуестеніп алғанына наразы. Бұлай болмағанда әлемдегі тапшылықты олар өз пайдасына жаратып, ұлан-ғайыр кіріске кенелетін еді. Енді одан қағылып отыр. Ауыл кәсіпкерлері тыйым салдарынан ондаған мың тонна жуа босқа шіриді деп дабыл қақты. Неге? Қазақстанда жуа кем дегенде екі рет жиналатыны мәлім: алдымен мамыр-маусымда ерте пияз жиналады. Оның жалпы көлемі жүз мың тоннадай. Ал ұлы астық күздің еншісінде: қыркүйектен бастап 1 миллион тоннадан астам күзгі пиязды жинау басталады.
«Тыйым үш айға созылады. Осы ара­лықта ішкі нарық небәрі 80 мың тоннадай пиязды тұтынады. Сонымен қатар 70 мың тонна қалған жуаны біз шетелге өткізіп, табыс табуымыз керек еді. Шекара жабыл­ған соң оны сыртқа экспорттай алмаймыз. Бірақ қазақстандықтар жуаны екі есе көп жей бастамайтыны сөзсіз. Тиісінше, фермерлердің ондаған мың тонна пиязды босқа қоқысқа лақтырудан басқа амалы қалмайды. Бұл көкөністі көктемде сақтап қалу өте күрделі. Әсіресе, оңтүстікте күн ерте жылиды, оларға тіпті ауыр», – дейді батысқазақстандық «Жаңа Әлем» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Кан.
Қазақстанда жуаның негізгі егістіктері дәл сол оңтүстікте, Түркістан мен Жамбыл облыстарында орналасқан. Кәсіпкерлер «Атамекен» палатасы арқылы тұйықтан шығудың төл тетігін ұсынды: біріншіден, тыйымды 20 наурызда алып тастаған жөн. Сонда өндірушілер былтырдан қалған ескі өнімін сәуір ортасына шейін шетелге экспорттап үлгереді. Сол тұста оңтүстік өңірлерден жаңа астықтың жеткізілімдері басталуы мүмкін. Мұның сыртында экспорттаушыларға сәуірдің ортасына дейін жуаның әр келісіне 30-40 теңге көлемінде баж салығын енгізу ұсынылды. Баж бұл өнімді жаһандық қара базарға тасуға құмарт­қандар сапын сел­діре­теді. Жиналатын қосымша осы салық­ты отандық бизнестен пияз сатып алып, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға бағыттауға болады. Анатолий Канның тұжырымдауынша, осының арқасында бір жағынан, Үкімет жылда маусымаралық кезеңде қым­баттайтын пияз бағасын құрықтап ұстай алады. Екінші жағынан, экспорттаушылар да жаһандық нарық майшелпегінен төл үлесін алып қала алады. Баж түсімі болса, жер емген шаруаларымыз­ды қолдауға қосымша дем береді. Ауыл кәсіпкерлерінің ұқсас ұсыныс­тары әзірге қабылданбады. Үкімет ел мен әлемдегі жағдайды қадағалап, нарықтық жағдай жақсарса, барлық шектеуді уақы­тылы алып тастауға уәде етті. Жалпы, са­ла­да кешенді шаралар қабылданбаса, жет­кілікті көлемде көкөніс қоймалары салынбаса, ауыл кәсіпкерін босқа шіритін жуа жиі жылата беруі мүмкін.