Балаңыз кімнің киімін киіп жүр?
Балаңыз кімнің киімін киіп жүр?
276
оқылды
Елімізде қазір балалар киімі тапшы емес, көздің жауын алатын небір импорт дүниелер нарықты әлдеқашан жаулап алған. Ал отандық өнімді сұрап жүріп іздеп таппасаң, тіпті жоқтың қасы. Соған қарап, «Қазақстанда жасалған» маркасымен шығатын балалар киіміне сұраныс төмен екенін байқауға болады. Есесіне, қарапайым халық жаппай киінетін базарларда бағасы төмен Қырғыз Республикасы, Қытай, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттерден келетін балалар киімі самсап тұр. Бағасы қолжетімді болғандықтан, көпшілік соны алады. Айналасы 2-3 мың теңге шамасындағы дүниелерді жұрт адал ақшасына ойланбастан сатып алып, бала-шағасын киіндіреді. Ал сапасын ойлап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. «Арзанның жілігі татымас» демекші, мұндай киімдерде кейінгі кездері балалар денсаулығына зиянды заттар көптеп шығып жатыр. Осыдан тура екі жыл бұрын қарағандылық мамандар Қырғыз елінен әкелінген балалар киімінен улы зат тапты. Күртелер, жейделер мен белдемшелер, тіпті жаңа туған нәрестелерге арналған иткөйлектерден де қауіпті газ – формальдегид анықталды. «Бұл киімдердің барлығы Қырғыз елінен әкелінген. Кәсіпкерлер оларды Алматы, Бішкек қалаларының базарларынан тасиды. Олардың құрамында формальдегидтің мөлшері өте жоғары. Бұл балаларымыздың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Адамның денесіне біртіндеп сіңіп, ауыр дертке шалдықтырады» деп мәлімдеме жасады сол кезде Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин. Санитарлардың айтуынша, улы зат тыныс алу жолдары мен жүйке жүйесін зақымдайды. Көз, тері ау­руларына шалдықтыратын көрі­неді. Сондықтан мамандар ата-аналарға иісі өткір киімдерді сатып алмауға кеңес береді. Десе де, қыр­­ғызстандық киім саудасына тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. 2017 жылы тексерулер нәтижесінде 40-қа жуық кәсіпкерге ескерту жа­салып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Алайда жос­пар­дан тыс тексеруге ілікпеген сау­да нүктелері жетерлік. Маман­дар саудагерлер киім туралы ақпа­раттарға, өндірілген орны мен мата құрамына мән бермейтінін айтады. Көпшілігінде сапа сертификаты да жоқ болып шыққан. Отандық «Сабыржан Айрин» киім брендінің негізін қалаған Рүс­тем Ермекбай елімізде өндірілетін балалар киіміне сұраныс жоқ еке­нін айтады. Оның пайымынша, ал­дымен отандық киімнің бағасы қымбат. Бұдан бөлек, жеңіл өнер­кәсіпті мемлекеттік қолдау жағы ақсап тұр. Соның салдарынан қара нарықта бағасы тым арзан, сапасы сын көтермейтін дүниелер қаптап кеткен.
«Біздің ішкі нарықта балалар киіміне сұраныс өте аз. Отандық өнімнің ішкі сұранысты қамта­масыз ету көлемі 1 пайыздан төмен. Балалар киімінің бағасы да халық үшін қымбатқа түседі. Өйткені шикізат өзімізде жоқ, сырттан са­тып аламыз. Қазіргі теңге деваль­вациясы мен доллар бағамының өскенін ескерсек, импорт шикізат­тың қымбат екені айтпаса да тү­сінікті. Ересектер киімімен салыс­тырғанда шығын аз болады деген күннің өзінде де, тауардың дизайны мен тігу жұмыстары тым күрделі. Сондықтан да балалар киімінің бағасы ересек адамдікімен бірдей немесе одан жоғары бола­ды», – дейді Р.Ермекбай.
Р.Ермекбай айтуынша, отандық кәсіпкерлер мемлекетке иек арта алмайды. Бізде бизнесін дөңгелет­кісі келетіндер көп, бірақ қомақты қаражаты болмағандықтан, алысқа шабатын үлкен бизнес-жоспары барлар саусақпен санарлық. Яғни, бизнесті дөңгелету үшін үлкен ин­вестиция керек. Екінің бірінде он­дай қаражат жоқ. Банкке ірі ке­піл зат қоймаса, несие бермейді. Сол себепті де істің басын жақсы бас­тағанмен, кәсібін кеңейте ал­май, бір шеңберден шыға алмай жүр­гендер көп. Нарықта жүргеніне 10 жыл болған Mimioriki балалар киімінің негізін қалаушы Инна Апенко Қа­зақстанда жеңіл өнеркәсіптің да­муы кенжелеп қалуын шикізаттың жоқтығымен және отандық өнді­ру­шілердің бәсекелестік қабіле­ті­нің төмендігімен байланыстырады.
«Тұтынушылардан отандық өнім­нің сапасы жақсы болғанымен, бағасы қымбат деген сөзді жиі ес­тиміз. Елімізде шикізат жоқ бол­ған­­дықтан, арзан дүние жасау мүм­­кін емес. Шикізатты шетелден аламыз, шекарада 15-20 пайыз им­порттық баж салығын төлейміз. Бұл бізге қымбатқа түседі. Сондықтан өнім­нің өзіндік құнын ақтау үшін әлемдегі басқа ойыншыларға қара­ғанда біз тауарды қымбат саудалауға мәжбүрміз», – дейді И.Апенко.
Оның сөзіне қарағанда, тоқыма өндірісі саласында бәсекелестік қабілеті жағынан алда келе жатқан Түркия өз өндірушілеріне 50% -дан жоғары субсидия береді. Соның есебінен тоқыма тауарлары экспор­тынан ел экономикасына мил­лиард­тап кіріс кіріп жатыр. Қыр­ғыз Республикасы, Қытай, Өзбекстан секілді көршілеріміз кәсіпкерлерді кор­поративтік салық, ҚҚС секілді са­лықтардан босатқан. Сөйтіп, киім өндірісінің дамуына айтар­лықтай жағдай жасалған. «Бұл елдерде жұмыс күші арзан, қарапайым жұмысшылар 30 мың теңгеге еңбектенеді. Ал бізде 30 мың теңге тұрмақ, 100 мың теңгенің өзін азсынады. Оның үстіне бізде салалық білікті мамандар тапшы. Қазіргі жастар тігінші, темір ұстасы болғысы келмейді. Бәрінің көзде­гені жалақысы жоғары жұмыс. Осы­дан кейін кәсіпкердің ішкі шы­ғыны мен жұмысшыларын қам­тамасыз етуі үшін өнімін қымбатқа бағаламасқа қақы жоқ», – дейді кәсіпкер. Қытайдан кейін киім экспорты бойынша екінші орында келе жатқан Бангладештің киім-тоқыма өнді­рісінен көретін пайдасы 80 пайызды құрайды. Елдің ЖІӨ төрттен үш бөлігі осы тігін-тоқыма өндірісінен келеді. Осындай жетіс­тікке жету үшін бұл ел не істеді екен дейсіз ғой? Тігін өндірісін Банг­ла­деш бар бол­ғаны 1970 жылдан бас­тап қолға ал­ған. Сол кездері то­қыма-тігін өн­дірісінде көшбасшы болған Оңтүстік Кореямен келі­сімшартқа отырып, 130 жұмыс­шы­сын оқуға жіберген. Кейін осы 130 адам­ның 115-сі Бан­гладешке ора­лып, өз кәсіпо­рын­дарын ашқан. Тігін өндірісінің қарқынды да­муына негіз болған алғашқы қадам осылай жасалған. Міне, бір ғана киім-тоқыма экс­портының арқасында күнін кө­ріп отырған ел – осы. Ал бізде экс­­портқа шығармақ түгілі, өз-өзімізді жарылқай алмай отырмыз. Соңғы деректерге жүгінсек, отан­дық же­ңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі сұра­ныстың тек 8 пайызын ғана қамта­масыз етеді. Демек, күнде­лік­ті іше­тін ас-су, киетін киім-ке­шектің 90 пайыздан астамын шетел­ден импорттаймыз деген сөз. Осыдан кейін қанша инвестиция далаға кетіп жатқанын ойлай беріңіз.    width=Рая МІНӘП