Елімізде қазір балалар киімі тапшы емес, көздің жауын алатын небір импорт дүниелер нарықты әлдеқашан жаулап алған. Ал отандық өнімді сұрап жүріп іздеп таппасаң, тіпті жоқтың қасы. Соған қарап, «Қазақстанда жасалған» маркасымен шығатын балалар киіміне сұраныс төмен екенін байқауға болады. Есесіне, қарапайым халық жаппай киінетін базарларда бағасы төмен Қырғыз Республикасы, Қытай, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттерден келетін балалар киімі самсап тұр. Бағасы қолжетімді болғандықтан, көпшілік соны алады. Айналасы 2-3 мың теңге шамасындағы дүниелерді жұрт адал ақшасына ойланбастан сатып алып, бала-шағасын киіндіреді. Ал сапасын ойлап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. «Арзанның жілігі татымас» демекші, мұндай киімдерде кейінгі кездері балалар денсаулығына зиянды заттар көптеп шығып жатыр. Осыдан тура екі жыл бұрын қарағандылық мамандар Қырғыз елінен әкелінген балалар киімінен улы зат тапты. Күртелер, жейделер мен белдемшелер, тіпті жаңа туған нәрестелерге арналған иткөйлектерден де қауіпті газ – формальдегид анықталды. «Бұл киімдердің барлығы Қырғыз елінен әкелінген. Кәсіпкерлер оларды Алматы, Бішкек қалаларының базарларынан тасиды. Олардың құрамында формальдегидтің мөлшері өте жоғары. Бұл балаларымыздың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Адамның денесіне біртіндеп сіңіп, ауыр дертке шалдықтырады» деп мәлімдеме жасады сол кезде Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин. Санитарлардың айтуынша, улы зат тыныс алу жолдары мен жүйке жүйесін зақымдайды. Көз, тері ауруларына шалдықтыратын көрінеді. Сондықтан мамандар ата-аналарға иісі өткір киімдерді сатып алмауға кеңес береді. Десе де, қырғызстандық киім саудасына тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. 2017 жылы тексерулер нәтижесінде 40-қа жуық кәсіпкерге ескерту жасалып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Алайда жоспардан тыс тексеруге ілікпеген сауда нүктелері жетерлік. Мамандар саудагерлер киім туралы ақпараттарға, өндірілген орны мен мата құрамына мән бермейтінін айтады. Көпшілігінде сапа сертификаты да жоқ болып шыққан. Отандық «Сабыржан Айрин» киім брендінің негізін қалаған Рүстем Ермекбай елімізде өндірілетін балалар киіміне сұраныс жоқ екенін айтады. Оның пайымынша, алдымен отандық киімнің бағасы қымбат. Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау жағы ақсап тұр. Соның салдарынан қара нарықта бағасы тым арзан, сапасы сын көтермейтін дүниелер қаптап кеткен.
«Біздің ішкі нарықта балалар киіміне сұраныс өте аз. Отандық өнімнің ішкі сұранысты қамтамасыз ету көлемі 1 пайыздан төмен. Балалар киімінің бағасы да халық үшін қымбатқа түседі. Өйткені шикізат өзімізде жоқ, сырттан сатып аламыз. Қазіргі теңге девальвациясы мен доллар бағамының өскенін ескерсек, импорт шикізаттың қымбат екені айтпаса да түсінікті. Ересектер киімімен салыстырғанда шығын аз болады деген күннің өзінде де, тауардың дизайны мен тігу жұмыстары тым күрделі. Сондықтан да балалар киімінің бағасы ересек адамдікімен бірдей немесе одан жоғары болады», – дейді Р.Ермекбай.Р.Ермекбай айтуынша, отандық кәсіпкерлер мемлекетке иек арта алмайды. Бізде бизнесін дөңгелеткісі келетіндер көп, бірақ қомақты қаражаты болмағандықтан, алысқа шабатын үлкен бизнес-жоспары барлар саусақпен санарлық. Яғни, бизнесті дөңгелету үшін үлкен инвестиция керек. Екінің бірінде ондай қаражат жоқ. Банкке ірі кепіл зат қоймаса, несие бермейді. Сол себепті де істің басын жақсы бастағанмен, кәсібін кеңейте алмай, бір шеңберден шыға алмай жүргендер көп. Нарықта жүргеніне 10 жыл болған Mimioriki балалар киімінің негізін қалаушы Инна Апенко Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің дамуы кенжелеп қалуын шикізаттың жоқтығымен және отандық өндірушілердің бәсекелестік қабілетінің төмендігімен байланыстырады.
«Тұтынушылардан отандық өнімнің сапасы жақсы болғанымен, бағасы қымбат деген сөзді жиі естиміз. Елімізде шикізат жоқ болғандықтан, арзан дүние жасау мүмкін емес. Шикізатты шетелден аламыз, шекарада 15-20 пайыз импорттық баж салығын төлейміз. Бұл бізге қымбатқа түседі. Сондықтан өнімнің өзіндік құнын ақтау үшін әлемдегі басқа ойыншыларға қарағанда біз тауарды қымбат саудалауға мәжбүрміз», – дейді И.Апенко.Оның сөзіне қарағанда, тоқыма өндірісі саласында бәсекелестік қабілеті жағынан алда келе жатқан Түркия өз өндірушілеріне 50% -дан жоғары субсидия береді. Соның есебінен тоқыма тауарлары экспортынан ел экономикасына миллиардтап кіріс кіріп жатыр. Қырғыз Республикасы, Қытай, Өзбекстан секілді көршілеріміз кәсіпкерлерді корпоративтік салық, ҚҚС секілді салықтардан босатқан. Сөйтіп, киім өндірісінің дамуына айтарлықтай жағдай жасалған. «Бұл елдерде жұмыс күші арзан, қарапайым жұмысшылар 30 мың теңгеге еңбектенеді. Ал бізде 30 мың теңге тұрмақ, 100 мың теңгенің өзін азсынады. Оның үстіне бізде салалық білікті мамандар тапшы. Қазіргі жастар тігінші, темір ұстасы болғысы келмейді. Бәрінің көздегені жалақысы жоғары жұмыс. Осыдан кейін кәсіпкердің ішкі шығыны мен жұмысшыларын қамтамасыз етуі үшін өнімін қымбатқа бағаламасқа қақы жоқ», – дейді кәсіпкер. Қытайдан кейін киім экспорты бойынша екінші орында келе жатқан Бангладештің киім-тоқыма өндірісінен көретін пайдасы 80 пайызды құрайды. Елдің ЖІӨ төрттен үш бөлігі осы тігін-тоқыма өндірісінен келеді. Осындай жетістікке жету үшін бұл ел не істеді екен дейсіз ғой? Тігін өндірісін Бангладеш бар болғаны 1970 жылдан бастап қолға алған. Сол кездері тоқыма-тігін өндірісінде көшбасшы болған Оңтүстік Кореямен келісімшартқа отырып, 130 жұмысшысын оқуға жіберген. Кейін осы 130 адамның 115-сі Бангладешке оралып, өз кәсіпорындарын ашқан. Тігін өндірісінің қарқынды дамуына негіз болған алғашқы қадам осылай жасалған. Міне, бір ғана киім-тоқыма экспортының арқасында күнін көріп отырған ел – осы. Ал бізде экспортқа шығармақ түгілі, өз-өзімізді жарылқай алмай отырмыз. Соңғы деректерге жүгінсек, отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі сұраныстың тек 8 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Демек, күнделікті ішетін ас-су, киетін киім-кешектің 90 пайыздан астамын шетелден импорттаймыз деген сөз. Осыдан кейін қанша инвестиция далаға кетіп жатқанын ойлай беріңіз.