«Алтын Орда» Дәурені
«Алтын Орда» Дәурені
1,011
оқылды
2004 жылғы тамыз айының басы. «Атырау-ақпарат» медиахолдингінің ауласы. Екінші курсты әлі бастай алмай жүрген студент. Көңілі алаң. «Не болар екен? Қалай болар екен?». Өзінен де бар, оқу-өндірістік тәжірибеден кейін Мейірхан ағай «жұмысқа қабылдаймын, қала сал» дегеніне көнбей, тырағайлап қашып кетіп еді. «Ауылға барып, кітап оқимын» деп, оқымыстылығы қысып. Онымен сәлден кейін ауылға сыймай, кері қайтып кеп тұрғаны – мынау. Келсе, «Алтын Орда» газетінің бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы қызметін тапсырып, Атыраудан біржола қоныс аударыпты. Орнына Алматыдан жаңа басшы келеді екен. Әзірге ре­дакцияға ие – жиырмадан жаңа асқан өңкей өрімдей қыздар. Мейрамгүл, Нұргүл, Жанар, Нұрлыгүл, басқа да кейінірек қосылған әріптестер... айтулы басы­лым жа­лауын жық­пауына айтар­лық­тай үлес қосып жүрді. Ойымен әбігерленіп тұрғанында бірер бейтаныстың заулатып өте шыққанына кешірек мән берді. Беталысы анық, аяқалысы нық. Жастау көрінді. Яғни, «күтіп жүрген пайғамбары» болмаса керек. Кім «Алтын Ордадай» респуб­ликалық айбарлы басылымның тізгінін әлгіндей екпінді құйынтайға ұстата қойғандай дейсің?! ...Дегендейін қисын­мен Жайық жағалап қайқайды. Бір айналып қайтса, төртінші қабат абыр-сабыр. Шағын редакция болғаны­мен, басшы ауысуы байқалмай қалатын өзгеріс емес. Келіпті. Жаңа ғана ғимаратқа сенімді енген жас жігіт. Есім-сойы – Дәурен Қуат екен. Кезегіміз жеткенде, қабылдауына батылсыздана кірдік. Көп созбады: «Будем работать, будем сотру­дничать». Бірінші басшы ретінде келе сала жұмысқа қабылдағаны біз сияқ­тымыз. Ол кісі де біздің қызмет жолымыз­дағы алғашқы басшымыз болып еңбек кітапшамыздың беташарын жасады. Әр нәрседен жылу күтіп жүргеніңмен, дәл сол сәтте жарқын да жарасымды қарым-қатынастың басы екенін ойлап тұратын романтик жоқ еді ол жерде. Сонымен, Дәурен ағай «Алтын Орда» дәуірін жалғастырды да кетті. О кезде орталықтан шеткері аймақта өңкей жас­тардан жиналған құраммен газет шығару – оңай еместің оңай емесі. Интернет байланысы мүлдем сөз қылғысыз. Қосы­луынан үзілуі жиі. Бір ғана компьютерге он бес адам кезектесіп отырады. Оның үстіне, ақпарат көздері бүгінгімен салыс­тыруға келмейді. Беттеуші, әрлеушілердің біліктілігі туралы әңгіме тіптен қызық. Қайрат сияқты өздігінен оқып, біліп жетілген «самородок­тар». Меншікті тілшілерден материалдар факс арқылы алынып, компьютерде теріледі. Әнебір адам аярлық жағдай болмаса да, қазақ баспасөзінің бір кезеңінің ерекшелігі – осы. Басшымыздың мәтін редакциялаудағы адалдығы әп дегеннен айырықша аң­ғарылды. «Басқаша қалай болуы мүмкін, негізгі міндеті ғой» дерсіз. Алайда жоқтан жонып, жаңқадан ағаш жасап шығар­ғанын талай көрдік. Қатынас қиын, ағылып жатқан хат жоқ, олай етпегенде қайтер еді! Редакцияға өзіміздің құрдастарымыз жиі келіңкіреп жүретін. Жазғандарын көрсетеді, газет шығару үрдісін қызық­тай­ды. Әйтеуір, «болайын» деген талап­тың ісі. Бірде ізденіп жүрген тақырыбы бойынша мақаласын алып, бас редак­торымызға талапкер студент Бауыржан барыпты. Оның қолындағысын басылым жетекшісі ерінбей-жалықпай оқып, шимай-шимайын шығарып, қайтарып береді. Осы жерден олимпиадалық төзімді сынайтындай процесс басталады. Сол қайтарғаннан мол қайтарады. Біздің Бауыржан да табанды «бәле» ғой, алдыңғы түзету, ескертулерін енгізіп, тоғызыншы рет алып кіріпті. Сөйтіп, бүгінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, талапшыл Дәукең ағамыз бен бүгінде «Қызылқоға» газетінің бас редакторы, талапты жас Бауыржан Сисенов екеуінің «шығармашылық тандемінен» Нұрпейіс Байғаниннің поэмасы туралы «Нар қыз» мақаласы жарық көреді. Жастарды кәсіби даярлауымен байланысты жоғарыдағыдай мысалдың біразын түзуге болатын шығар. Бұл жердегі қорытынды Алматы көрген маманның Атыраудайын өңірдің жур­налис­тикасына қосқан салымын лайықты бағалауға қатысты. Алтын Орда Саяси сараптамалар, түрлі талдамалы жазбалар «Алтын Ордадай» апталыққа ауадай қажет болатын. Оның бәрін бір өзі жаза берсе, ұйымдастырушы-ұстаз болып керегі не?! «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады»: басшыға еліктеп, «Жетісудың стилімен» желдіртіп жазуға құмарлар шыға бастағаны да байқалып қалып жүрді. Бірақ түпнұсқа-авторда қызыл сөзді қиқу қақтыруымен қатар ой шы­мыр­лығы айқын сезіліп тұрушы еді. Күн тәртібіндегі күрделі мәселелерге уақы­тылы үн қатып отыру – журналиске тән іс. Моральдық міндеті десек те, болады. Мұның сыртында Дәурен Қуаттың анно­тация жазуға әбден шеберлігін атап өткің келіп тұрады. Аз сөзге көп мағына сый­дыра алудың өзі – ой жүйріктігінің дәлелі. Мәселен, Асқар Сүлейменов жайында «мәстекі ортадан мінез, майда тірліктен майдан суырған қаламгер» деген тіркесі әлі күнге есімізде. Аман жүрсек, жады­мыздан ұмытылмайтын шығар. Мінез демекші... жалаң қылыш суыр­арлық асаулық осынау жазба кейіпкерінің өзіне де жат емес. Әсіресе, жауапкершілік алудан қашпайтын лидерлік мінез басшы-тұлға үшін аса маңызды. Қай заманға да артық етпейтін, қазіргі таңда тіптен қажет-ақ қабілет. Өзінің қызмет­керіне бір дөкейдің көкіректеніп-өкі­реш­теніп тұрғанын көріп, Дәурен аға­мыздың ортаға түскені есімізде: «Газетке қатысты шағымыңыз болса, маған айтыңыз, басшысы ретінде. Ал менің қыз­меткеріме тікелей өктемсуге жол бере алмаймын», – деді. Мұның аста­рынан кішіні кешіре білетін, жетесізді жазалай алатын парасаттың әу бастан бар екенін байқай­сың. Осындай қасиеттер ұйымшылдық рухын ұйыстыра түсетіні түсінікті. Оның үстіне, ұжым басшысы өзі айтыскер, өзі әнші-сері жігіт болса. Айтпақшы, Дәурен Қасен­ұлының баяндау шеберлігі, көсеми шешендігі – өз алдына бір төбе. Мәселен, Қапалға жете алмай, қапалы болып жүргеніміз факт қана. Әйтпесе, ол кісі өз ауылының табиғаты туралы шешіле су­рет­тегенде, әлде әңгіме тыңдап отыр­ғаныңнан, әлде кино көріп отыр­ғаныңнан шатасасың. Әне-міне бейне бір аудио­фильм деген жанр туды­ратындай. Атырауда жүрген жылдарында Илья Жақановтай абыздармен оңай үйлесе алғанында мінез-құлықтарының сүйкімі рөл ойнағаны құпия болмас. Аз уақыттың ішінде мұнайлы астанаға келетін интел­лигенция өкілдерін үйіріп әкететін биікке жетті. Ол күндер де жылжи-сырғи мүшел­ден мүшелге асып бара берер. Жатқан жері жарық болғыр ағайым Теңдік Жауыр­ұлының қолдауымен сол кездегі «Алтын Орда» газеті, оның қазақ баспа­сөзіндегі орны туралы дипломдық жұмы­сымда талдау жүргізіп едім. Яғни, Дәурен­нің «Алтын Ордасы» жөнінде. Бүгін сәті түскенде «Алтын Орданың» Дәурені туралы ойымызды бір қорытып қоюды жөн көрдік. Жаныңа жақын тұлғалар туралы ой­лау, хатқа түсіру дүниеңді кеңейтеді, көңіліңді тоғайтады. Қаламымызды ұштаушы ұстаз, санаткер аға-дос Дәурен Қуаттың жартығасырлық мерейжасы қарсаңындағы біздің сезімнің ұшығы осындай.

Ерболат ҚАМЕН