Саурандағы сергелдең
Саурандағы сергелдең
1,036
оқылды
Биыл оңтүстік өңірде соңғы 5 жылда болмаған қалың қар түсіп, соңы қақаған аязға ұласқаны белгілі. Әбден жылы ауа райына үйренген халық та, билік те абдырап, біраз әбіржіді. Алайда мұндай қалың қардан соң күн күрт жылыса, жаңбыр толассыз жауса, елді мекендерді су алу қаупі болатыны белгілі. Сол себепті өткен айдың ортасында Түр­кістан облысының әкімі Дархан Са­ты­­­балды аудан, қала әкімдіктеріне көк­темгі су тасқыны мен селдің алдын алу бойынша тапсырма берген болатын. Бір апта бұрын ғана елордада өткен жиында «тасқын қаупі жоқ» деп есеп те берді. Әйт­кенмен де, «апат айтып келмейді». 2008 жылы да дәл осындай жағдай бо­лып, қар қалың түсіп, ауа райының күрт жылынуынан Сарыағаш ауданының Ақтөбе ауылдық округі елді мекендерін су басып, шығынға батырған еді. Енді, мі­не жер әлі жібімей, су сіңбей тұрған тұс­та күнгейде ауа райы күрт өзгеріп, то­лас­сыз жауған жауын-шашын тағы да біраз жұртты әбіржітіп тастады. 2 ақпан күні таңертеңгілік Түркістан об­лысы Сауран ауданынан «суық» хабар жетті. Таудан аққан қар суы түнгі сағат үш шамасында Абай ауылына жеткен. Таңата қар суы көшелерде көл болып ағып, үйлерге кіре бастаған. Дәл осын­дай жағдай өңірдің бірқатар ауылында ке­зікті. Сауран ауданынан бөлек, Бәй­ді­бек, Ордабасы ауданындағы жағдай қиындай түсті. Бір сәтте бірнеше үйге су то­лып, тұрғындар абдырап қалды. Құт­қару қызметі келгенше ауыл тұр­ғын­дары­ның өздері бір-біріне көмектесіп, үйлердің терезесінен кіріп, балалар мен жүруге жарамсыз қарттарды құтқарып алған. Сауран ауданының өзінде 6 елді мекен осындай жағдайға тап болған. Ал Бәйдібек ауданына қарасты Мың­бұлақ ауылының маңындағы ағын судың ортасында қалып кеткен жеңіл көлік түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Шаян-Мыңбұлақ облыстық маңызы бар автожолмен келе жатқан «ВАЗ-2106» автокөлігі қырдан аққан қы­зыл судың әсерінен жолдан шығып кет­кен. Автокөлік ішінде 39 жастағы ер-азамат, 33 жастағы жүкті әйел мен 7 жасар бала болған. Олар қорыққаннан көлік үстіне шығып, көлікті паналаған. Кейін машина үстінде қалған әйел мен баланы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев беліне арқан байлап су ортасынан алып шықты. жатын орын Түркістан өңірінде болған су тас­қы­ны бойынша әлеуметтік желіде бұдан бас­­қа да түрлі видео тарады. Сауран ау­данының тұрғыны Алмас Сатыбалдиев түн­де шырт ұйқыда жатқанда тасқын су­дың дауысынан оянғанын айтады. «Бұл жағдай таңғы бесте басталды. Дәл біздің үйдің тұсынан аққан су арнаға сый­май, өзен боп келді. Екі көршімнің үйін су алып кетті», – деді ол. Ал бабайқорғандық Қайырхан Ер­маханұлы дәл осы сәтте халықтың аб­дырап көшеге шығып, шулап кеткенін ай­тады. Ауыл тұрғыны мұндай жағ­дай­дың алдын ала белгілі болғанын айтып, ал құтқару, алдын алу шараларының енді жүріп жатқанына ренішін білдірді. Ауылдағы жұмысқа жарамды азаматтың барлығы да қолына күрек алып, тасқын суға тосқауыл қою жұмыстарымен ай­на­лысып жүр. Зардап шеккен аймақтарда төтен­ше­ліктер де күшейтілген режиммен қызу жұ­мысқа кірісті. Облыста толассыз жау­ған жаңбырдан су деңгейі көтеріліп ке­тіп, жолдар жабылды. Облыстық маңы­зы бар 11 автомобиль жолының 23 учас­­­­кесін су басқан. Өңірде тұман мен көк­тайғақ болуына байланысты «Ұлан­бел-Созақ-Екпінді», «Шаян-Шо­лақ­қорған» тасжолдары уақытша ж­а­был­ғаны туралы облыстық ІІД хабарлады. Жол сақшыларының өңір тұрғындары мен қонақтарына сол аумақтан арнайы видео түсіріп, қауіпсіздік ережелерін қа­­таң сақтау керек екенін ескерткен үн­деуі жарияланды. Аса қажеттілік туын­дамаған жағдайға жолға шықпауға кеңес береді. Ресми мәліметке сүйенсек, су басқан ау­мақтан 154 адам эвакуцияланған. Оның 93-і – бала. Төтенше жағдайға бай­ланысты үш аудандағы 11 мектеп он­лайн білім алуға көшті. Сауран ауда­нын­да 7 балабақша жұмысын уақытша тоқ­татып, 150-ден аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Сауран ауданынан 4 эва­куациялық пункт ашылды. Жалпы, еріген қардың суы Сауран, Бәйдібек жә­не Ордабасы ауданына қарасты 15 ел­ді мекендегі 186 аула мен 13 көшеге жайыл­ған. асхана Түркістан облыстық Төтенше жағ­дайлар департаменті бастығының орын­басары Ерік Сарыбаев болса, Қаратау жо­таларында табиғи арналардың бар еке­нін, барлығына нормадан жоғары су­лар келіп жатқанын жеткізді. Осының әсе­рінен Шағадағы екі жыра арқылы кел­ген су өз арнасына сыймай, елді ме­кен­ге кіріп, су басқан. Өңір басшысы болған жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізіп, су тас­қынының алдын алу жұмыстары мен тұр­ғындары құтқару шаралары пы­сық­тады. Төтенше жағдайлар департа­мен­ті­нен 56 қызметкер, 10 бірлік техника, 20 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүр­гізіліп, бүгінде жағдай тұрақталды. Ер­тесіне Абай ауылының тұрғыны Төре­бай Оспанов ауыл тұрғындарының, әкімдік пен төтеншеліктердің, кәсіпкер­лер­дің жұмыла жұмыс істеуінің арқасын­да қауіптің беті қайтқанын айтып өтті. Облыс әкімі өңірдегі су басу қаупі бар аймақтарды тікұшақпен аралау ке­зінде облыстағы су қоймаларының дең­гейі қалыпты жағдайда екенін айтқан. Алайда жауаптыларға су қоймаларының деңгейі қалыпты жағдайда болса да, қауіпсіздік іс-шараларын күшейту жө­нінде тапсырмалар берді. Ал төтен­ше­ліктер таулы аймақтарда, яғни Төлеби, Қазығұрт аудандарында әлі де 70 см қалыңдықта қар жатқанын, егер табиғат тосын мінез танытса, қауіп бар екенін жет­кізді. Төтеншеліктердің соңғы ақпа­раты бойынша, өңірде барлығы 20 елді мекенді су алған. 27 көше мен 34 үйді су басқан. «Қазгидромет» РМК деректері бойын­ша 3 ақпанда облыстың басым бө­лігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ температуралық фонның жо­ғарылауы, қардың еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыс­тары­ның әлсіреуі және өзен­дер­дегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Сон­дық­тан қатер аяқ астынан, бәріне де дайын болуымыз керек...

Шымкент қаласы