Құпия соғысқа қатысқан
Құпия соғысқа қатысқан
5,351
оқылды
Ширек ғасырға жалғасқан Вьетнам соғысы адамзат тарихындағы ең қасіретті оқиғаның бірі. Қызылорда облысында дәл осы соғыс өртін көзбен көріп, бастан өткерген азамат тұрады. Ол күні бүгінге дейін Қармақшы ауданының тұрғыны Иса Бисеновтің жадында. Негізінен, бізде Вьетнам со­ғысы жайында нақты ақпарат өте аз. Тек белгілі болғаны, сол ке­зеңде Оңтүстік Вьетнамда азамат­тық қақтығыстан басталған бұл дүрбелеңге Солтүстік Вьетнам­нан өзге Қытай мен КСРО, АҚШ пен СЕАТО ұйымы араласуға мәжбүр болған. Вьетнам соғысын көрген қа­­зақ жауынгері Иса Бисенов Қы­зылорда облысына қарасты Қар­мақ­шы ауданы Ақжар кеңша­рын­да 1942 жылы 5 ақпанда дү­ниеге келіпті. Оның әкесі Бисен Сақ­та­­ғанов саналы ғұмырын ұстаз­дық­қа арнаса, анасы Бибігүл Сақ­та­ғанова шаруашылықта еңбек еткен. 1964-1966 жылдары міндетті әскери борышын өтеп жүрген оны бірде Ленинград округінің қолбасшысы шақырып, одақтас елге әскерге баратынын айтады. Осылайша, қазақ жігіті Вьетнам соғысына қолдау білдіруге жі­бергелі отырған полктің құра­мына алынады. Оңтүстік Вьет­нам­ды АҚШ-тың әскерінен қор­ғау мақсатында жасақталған полк құрамына орыстар, латыш­тар, украиндықтар, белорусьтер мен бір өзбек азаматы алыныпты. Иса осы полкке жалғыз қазақ жауынгері болып қосылады. Алғашында алты ай арнайы әскери дайындықтан өткізеді. Содан кейін қолына дипломаттық құжатын беріп, қарапайым киім­мен Вьетнамға аттандырады. Арнайы әскери киіммен апар­мауы сол кездегі Кеңес билігінің қитұрқы саясаты болса керек. Иса Бисенов Вьетнам майданында қазақ жауынгері зымыран полкінің құ­рамында қызмет атқарады. Полк жауынгерлеріне әуеден ша­буыл­дайтын амери­калық ұшақтарды зымыранмен атып түсіру міндеті жүктелген.
«Әуеден шабуылдаған ұшақ­тар төбеңнен төніп келгенде дү­ниені жайпап өтердей болады. Бастапқыда ұшақтар қатарласа тізбектеліп шабуылдайтын еді. Зымыранмен оларға қарсы жой­қын шабуыл көрсеттік. Ұшақтар қаз-қатар ұшқандықтан, бір зы­мыранмен жайратып салу қиын­дық туғызбайтын. Уақыт өте келе олар да соғысу тәсілін меңгере бас­тады. Бұрынғыдай қатар ұш­пай, тұтқиылдан бір-бірлеп ша­буыл­дауға көшті. Сонда да біздің ат­қыштар полкі жау ұшағына жой­қын соққы жасай білді. Біз бір ракетамен жалғыз ұшақты атып түсіру әдісіне көштік. Аме­рика­лық ұшақтардың сұрқия әдісіне қарай кейіннен бір ұшаққа екі ракетаны шығындайтын болдық. Соның арқасында бір зы­мыраннан айласын асырған жау ұшағы екінші зеңбірекке төтеп бере ал­май, көктен жерге қарай құлди­лап, құлап жататын» деп еске алады сол бір сұрапыл сәтті Иса ақсақал.
Майдангер ақсақал өзі көрген Вьетнам халқының еңбексүй­гіш­тігі көпке үлгі боларлық екенін алға тартады. Жергілікті халық кескілескен шайқас жүріп жатса да, жер жыртып, егін егіп, күріш алқаптарында тынымсыз тер тө­гіп, еңбектен қол үзбепті. Ал түн мезгілінде жауынгерлер тұрғы­лық­ты халықпен бас қосып, ән кешін өткізіп тұрған. Сондай кездерде өзі «Бәрінен де сен сұлу» әнін жиі орындайтынын тебірене еске алады.
«Майдан даласында он бес айдан астам уақыт бойы соғыс­тық. Сондай күндердің бірінде жаудың жойқын әуе соққысына тап болдық. Күтпеген жерден жау­дың снаряды тура жаныма түсіп, содан жарақат алдым. Одан кейін соғысқа жарамай, ІІ топта­ғы мүгедектік берілді. Ең бас­тысы, осы соғыстан зы­мыранды орналастыру, оны ату секілді түрлі тәсілмен машықтандым. Қорқынышты түстей болған сол бір сұрапыл күндер әлі күнге жадымнан өшер емес. Ондай дүрбелеңді бүгінгі ұрпағымыздың басына бермесін», – дейді қарт жауынгер.
Вьетнам соғысынан жаралан­ған сарбазды бірден елге қайтар­май, Ленинградта тағы 3 айдай әскери борышын өтеуге алып қалыпты. Бір қызығы, азаматтық борышын адал орындап, елге аман-есен оралған оның әскери билетінде Вьетнам соғысына қа­тысқаны жайында дерек жоқ. Себебі сол кездегі саясаттың талабына сәйкес, бұл ақпаратты құпия ұстауға міндеттелген. Со­дан кейін ұзақ жыл бойына бастан өткерген сұрапыл кезеңді жария етпеуге мәжбүр болыпты. Ветнам соғысы Жас жауынгер әскерден оралғаннан кейін 40 жылдай Қуаңдария ауылының медицина саласында қызмет атқарады. Ал­дымен фельдшер болып, кейін­нен зейнетке шыққанша ауылдық аурухананы басқарып, еліне абыройлы қызмет ете білді. Зей­нетке шыққан соң да қарап қалмай, Қармақшы аудандық медицина ардагерлері ұйымына жетекшілік еткен. Уақыт өте келе қазақ жауын­герінің ақиқаты жұртқа мәлім бола бастады. 2014 жылы Сыр еліне келген Вьетнамның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісімен кездесу болып, Вьет­нам мемлекетіне арнайы шақыр­ту алады. Соның негізінде зайы­бымен бірге Вьетнам Республи­касы президентінің қабылда­уында болған. Одан өзге Вьетнам премьер-министрінің «Құрмет грамотасы» мен «Достық» меда­лін иеленіп, «Вьетнамның құр­метті азаматы» атағын алған. Сондай-ақ сол елдің «Кұрмет кітабына» есімі жазылыпты. Туған жерінде де оның ерлігі елеусіз қалмады. Бүгінде елге сі­ңірген еңбегі ескеріліп, «Қар­мақ­шы ауданының құрметті азаматы» атағы берілсе, бірқатар қоғамдық бірлестіктің алғыс­хатын алып, төсбелгілерін кеу­десіне таққан. Биыл 81 жасқа толатын қарт жауынгер зайыбымен 7 бала, 22 немере сүйіп, шөберелерінің ор­тасында мамыражай тұрмыс кешіп жатыр.

Қызылорда облысы