Жағалауды нығайту жалғасады
Жағалауды нығайту жалғасады
678
оқылды
Біршама уақыттан кейін қыс қаһары қайтып, айнала көктемнің шуақты кезеңіне өтеді. Бұл уақыт ең бірінші су тасқынымен қауіпті екені белгілі. Сондықтан жауапты мамандар бүгіннен су тасқындарының алдын алу жұмыстарына қамдануда. Қазір Жамбыл облысындағы су айдындарының деңгейі тұрақты болғанымен, көктем айларында 42 елді мекенді су басу қаупі туындайды. Облыстық Төтенше жағдайлар депар­та­менті берген ақпаратқа сүйенсек, тау­дағы қар қорының көрсеткіші 25-36 пайыз­ға жеткен. Ал өзендердің мұз құбы­лыс­тары орташа өлшеммен 15-32 сан­ти­метр. Су басу қаупі бар елді мекендердің де­ні Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Са­­­рысу, Т. Рысқұлов, Меркі, Қордай және Шу аудандарында орналасқан. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау жә­не алдын алу мақсатында «2021-2023 жыл­дарға арналған су тасқыны қаупінің ал­дын алу және жою жөніндегі шаралар ке­шені» аясында ауқымды жұмыстар ат­қарылуда. 2017-2020 жылдары бұл бағытқа ре­с­публикалық қазынадан 1 миллиард 895 миллион 496 мың теңге бөлінсе, жергілікті бюд­жеттен 834 миллион 775 мың теңге қа­рал­ған. Ал 2023 жылға арналған су тас­қынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәй­кес, облыс аумағында каналдарды, дре­наж каналдарды, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыс­та­ры жүргізілген. Сонымен қатар биыл об­лыс аумағында су тасқыны кезеңін апат­сыз режимде өткізу үшін Киров, Тасөт­кел, Теріс-Ащыбұлақ сынды ірі су қой­малары жіті бақылауға алынып отыр. Тек­серіс анықтағандай Теріс-Ащыбұлақ – 40 пайыз, Тасөткел – 29 пайыз, Киров (Шоң Қақпа) – 40 пайыз, Ынталы – 14 пайыз, Ақкөл – 17 пайыз, Қарақоңыз – 56 пайыз және Бүркітті су қоймасы 26 пайыз суға толуды көрсеткен. Бұдан бөлек, гидротехникалық құры­лыстардың техникалық жағдайын тексеру және нақтылау бойынша тиісті шаралар жүр­гізіліп, Ақермен 1, Ақермен 2, Ма­хан­ды 1, Аспара 1, Байтелі, Войнская, Ша­па­­­­валовка 1, Жәдік, Ойық, Бөлекқызыл, Шұ­қырәуіт, Қайыңды су қоймалары мен Қақ­патас, Тасөткел платинасына күрделі жөн­деу жұмыстарының қажеттілігі анық­талған. Қазір бұл жұмыстар «Жамбыл су қоймалары» мен «Казсушар» РМК меке­мелерінің бақылауында тұр. Жөндеу жұ­мыстары биылға жоспарланған. Жамбыл облысы 2021-2023 жылдарға арналған Жол кар­тасы аясында алдыңғы жылы Талас өзе­ні арнасының жағалауын бекітуге 555,5 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жасалған. Сондай-ақ Жамбыл ауданында 4,7 шақырым жағалау бекітілген. Атап айт­сақ, Қызылқайнар учаскесі жағадан қор­ғау бөгетін салу және оң жағалау бойын­ша жағалау сызығын нығайту мен Жа­сөркен ауылына бөгет салу жұмыстары жоспарлы кезеңде аяқталған. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы 1 мил­лиард 111 миллион 111 мың теңгеге Жа­сөркен мен Тараз қаласының аума­ғын­да ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын Талас өзенінің жағалауы нығайтылған. Ал биыл республикалық бюджеттен 1 мил­лиард 500 миллион, ал облыстық қазы­на­дан 172 миллион 361 мың теңге қаралып, Жол картасы шеңберінде атқарылуы тиіс жо­балар межеленіп отыр. Бұдан бөлек, 10 044м3 инертті материал, 392 тонна жа­нар-жа­ғармай және 300 50 қапқа 72 мил­лион тең­ге бөлінген. Сондай-ақ 41 қабыл­дау пунк­ті ұйымдастырылып, 12 шатыр, 1 968 төсек орын және 468 кереует дайын­далған. Міне, осылайша өңірдің төтенше жағ­дай­ларына жауапты мекеме су тасқыны кеңесіне сақадай сай дайын тұр. Бұл, әри­не құп көретін дүние. Себебі өткен жыл­дары Талас өзені арнасынан асып, Байзақ ауданындағы ауылдар мен Жасөркен елді мекенін су шайғаны ел есінде. Сондай-ақ Шу өзенінің арнасы да бұлқынып, бұ­қара­ның үрейін алған. Сондықтан су тас­қыны кезеңіне алдын ала қамдану – қос қолдап қолдайтын дүние. Ең бастысы, сақ­тық шаралары өз деңгейінде орын­далып, төтенше жағдай болмасын деп тілейміз.

Жамбыл облысы