Қауіпке тосқауыл қажет
Қауіпке тосқауыл қажет
905
оқылды
Жетісу облысында көктемгі су тасқынының алдын алу және елді ме­кен­дердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қомақты қаржы бөлінген. Егер қаражат дер кезінде әрі мақсатты игерілсе, дайындық ойдағыдай болса, күр­делі кезеңнен күйзелмей шығарымыз анық. Биыл қаңтардың соңы мен ақпанның ал­ғашқы күндері Жетісу облысындағы ауа райы тұрақсыздығымен, жиі құбылуымен ерек­шеленіп тұр. Өңірдің бір аймағында қыс­тың ызғары күшейе түскендей болса, ен­ді бір бөлігінде көктемнің лебі сезілгендей болады. Жауын-шашыннан кенде емеспіз. Тау­да қар жамылғысы жылдағыдан қалың. Күн күрт жылып, жиналған қасат қар шұ­ғыл ерісе, өзендердің деңгейі көтеріліп, мұз үстінен қызыл су жүруі әбден мүмкін. Осы мәселеге орай өткен соңғы селек­тор­лық кеңесте хабарлама жасаған Жетісу об­лысы әкімінің орынбасары Әлібек Жа­қан­баевтың айтуына қарағанда, биыл көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 955 млн теңге бөлініпті. Қомақты қаржы­ның басым бөлігі немесе 820 млн теңгесі бө­геттер мен су қоймалары сияқты гид­ро­тех­­никалық құрылыстарды жөндеу-қал­пы­на келтіру жұмыстарына қарастырылған. Ал 100 млн теңге көктемгі су тасқынының ал­дын алу шараларына жұмсалмақ. Қалған 35 млн теңге кезек күттірмейтін шаралар бойын­ша жобалық-сметалық құжаттама (бұдан ары – ЖСҚ) дайындау мен оларға түзетулер енгізуге бөлінген. Олардың қа­та­­­рында Жоңғар Алатауынан бастау алып, Те­келі және Талдықорған қалаларын жарып өте­тін, бірнеше аудандағы бірқатар елді ме­кенді жанап ағатын, арыны қатты Қара­тал өзенінің Қаратал ауданындағы Тастөбе ауы­лы тұсындағы арнасын механикалық та­залау және осындағы бөгетті қалпына кел­тіру бойынша ЖСҚ жасау және түзету енгізу, осы өзеннің Текелі қаласы арқылы өте­тін арнасының жағалауын бекіту бойын­ша ЖСҚ-ға түзету бар. Сонымен бірге Пан­филов ауданындағы Көктал-Арасан ауы­лы жанынан өтетін Бурақожыр өзе­нін­дегі қорғаныс бөгетін жөндеу-қалпына кел­тіру жұмыстарының ЖСҚ және осы ау­дан­дағы Сүптай ауылындағы Тышқан өзе­нінің жағалауын түзетуге ЖСҚ жасау, Қоңырөлең ауылындағы қар-жаңбыр сула­рын бұруға арналған науа жүйесін жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстарына және науа жүйе­сін орнатуға ЖСҚ әзірлеу үшін қара­жат бөлінген. Сондай-ақ облыстың даму жоспары ая­­­сында Ақсу ауданындағы Матай стан­са­сы аумағы арқылы өтетін Ақсу өзені арна­сын түзету және механикалық тазалау жос­­парланыпты. Осы жұмыстар нәти­же­сін­де Панфилов және Ақсу аудандары бойын­ша тасқын қаупі күшті 7 участоктағы жағ­дай тұрақтанып, қауіп сейіледі. Жалпы об­лыс бойынша кезек күттірмейтін шы­ғын­дар мен төтенше қорға 1,3 млрд теңге қа­рас­тырылған. Соған сай қаржыдан тап­шы­лық болмайды. Ендігі мақсат та, міндет те сол қаржыны тиімді жұмсап, көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендер мен адам­дарды қамтамасыз ету. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар де­пар­таменті (бұдан ары – ТЖД) жергілікті ат­қарушы органдармен бірлесе отырып, 2023 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайын­дық жөніндегі облыстық жоспарға сәйкес, күрделі жағдайға сақадай сай болу үшін алдын ала болжамдар дайындау, елді мекендер мен олардың аумағын қорғау жө­нінде қажетті шаралар қабылдау үшін су тас­қыны қауіп төндіруі мүмкін учаскелерді ай­қындау, төтенше жағдайда халықты ха­бардар ету жүйесін дайындау, су тасқыны ке­зіндегі ережелер туралы жұртты құлағдар ету­ді ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асы­руда. Сонымен бірге арық-канал же­лі­лерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен кө­пірлерді тазалау, дайындау, гидротехни­ка­лық құрылыстардың меншік иелері тара­пынан жұмыс режимінің сақталуын ба­қы­лау қолға алынып, материалдық-техни­ка­лық, азық-түлік, жанар-жағармай, медици­на­лық және басқа да ресурстар қорын құрып­ты. Жетісу облысы ТЖД ТЖААБ басшысы, аза­­маттық қорғаныс майоры Ринат Таза­бе­ков­тің айтуынша, қазір облыста 113 гидро­тех­никалық құрылыс бар. Оның 72-сі рес­­публикалық меншікте, 28-і коммунал­дық ­меншікте, 13-і жекеменшікте. Олардың ішін­де 8 су қоймасы, 16 тоған, 10 бөгет, 20 су торабы, 59 магистралдық канал бар. Об­лыс аумағында апатты жағдайдағы су қой­малары жоқ дегенмен, барлығының қауіп­сіз­дігі керемет деп айтуға келмейді. Жағ­дайы да ала-құла. Ірі су қоймаларының толу барысын мониторингтеуді және басқаруды Су ресурстары комитетінің Балқаш–Алакөл бассейндік инспекциясы жүзеге асырады. ТЖД Елді мекендердегі су тасқынына қа­тысты жағдайды анықтау мақсатында өт­кен жылдардағы су тасқыны талдау жүр­гі­зіп, соның негізінде және «Қазгидромет» РМК-ның қар жамылғысының биіктігі мен топырақтың тоңы туралы деректерін ескере отырып, болуы мүмкін су тасқынына алдын ала бағалау жүргізіліпті. Температура күрт кө­теріліп, жаңбыр түріндегі жауын-шашын мол түскен жағдайда облыстың барлық ау­мағында су тасқыны туындауы мүмкін еке­нін жоққа шығаруға болмайды. Сол се­беп­ті елді мекендер мен инфрақұрылым ны­сандарын су тасқынынан қорғау мақ­са­тын­да бірқатар профилактикалық және ин­женерлік-қорғау шарасы қолға алынған. Жыл сайын өткізілген іс-шаралар нәти­же­сінде 2021 жылы анықталған су тасқыны қау­пі бар 13 учаскенің 6-ның тәуекел қаупі азай­тылып, биыл су тасқыны қаупі бар 7 учас­ке қалыпты. Оларға қатысты атқа­рыл­ған және алдағы кезге жоспарланған жұ­мыстарды жоғарыда келтірдік. Барлығы жос­парға сай орындалса, аталған қауіпті учаскелердегі жағдай реттеледі.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы