Маңғаз дала Маңғыстау
Маңғаз дала Маңғыстау
1,034
оқылды
Маңғыстау Үстірті – таңғажайып тарғыл дала, тарлаулы Үш түбек, түңкелі ұйық. Қазақ елінің қиыр оңтүстігіндегі – «Теңіз есік». Маңғыстаудың атына қатысты аңыз көп. Мангас – айдаһар атауымен үндес. Көктен қарағанда «ұйқыдағы ару» – сүгіретті (Әбіш Кекілбай). Мың қыстау атауы сонау әріден. Үстінен күн құлап бозалаң таң сұлаған, Бозтеңіздің уысында Тәңірдің үркер жұлдызы түнеп, Ай бошалаған сарлықтың қаймағындай қатпар-қабат жиылған орқаш өркешті Айрақты, Ақкеспе, Отпантау, Оғыланды ұласы. Жер кіндігі есебіндегі – ежелгі Жеті жұрттың ауыспалы кезеңдерінің бірінде ендік пен бойлықтан екі мәрте жұртын мөрлеген Адай атаның әулетіне тиесілі һәм бас қамалы болған қасиетті жұрт. Кешегі күн мен өткеннің, бүгінгі бүлен өмірдің, болашақ ертеңнің – үш өлшемінде үлесі мен түгені түлеген бағзы – «Үш қиян» (Мұрат Мөңке), үш жүз алпыс әулиенің шетін шеткергі – Шеһер кеніші. Өң беті – ұшан-теңіз жайлаған, оң жаққы үлеті – баялышты батпақты ұлан-ғайыр дала, жар­қабақты Жар (түйе) таулар, түзем кеңісіне ойыса со­зылған нар адырлар, ой­сылқара түйенің түнемі – сортаңды қақ. Алтын Орда тұсындағы Үстірт Мұндағы ең биік нүктесі 562 метрдегі – Бесшоқы немесе шығыс Қаратау жүлгесі, ең мыртықша терең нүктесі – Қарақияның қылаң ойпатындағы Батыр кемері – Мұхит деңгейінен 132 метр төмен. Бұлаң мұнар тұнған сұлаң сай, сылаң құй­қалы жылға. Киелі ежелгі бұла мекен – бұлаңкері киіктің өрісі. Құндақты құба құмадақты еңкені кептірген көлейіт сағымды шөлей­тіндегі суат – құдықтар ізі ерекше тауариһат! Қош! Жошының тұңғышы Орда Ежен Ақ Ордаға иелік етті де, өз немересі Ұрыс хан (1376-1378) оның тақ мұ­рагерлігін жалғастырды. Осы тұста түгел Үстірт көне керуен жолы то­рап­тарының түйініне айналды. Қара­қорымнан ыстық Ханбалыққа; одан түстіктегі Хорезмнің башкенті Үр­генішке қарай жүретін жолдар­дың ұшы-қиыры осы торғын жолы­мен, яғни Үстірт арқылы керуен көші өтіп жатты. Бұдан кейін Алтын Орда әлсіреді де, бүткіл Мәуреннаһр Тарағай Барластың бел баласы, қаған Шыңғыстың жиені Ақсақ Темір (1337-1405) 1379 жылы 42 жасында Хорезмді басып алды. Каспийдің сағасы осы Әмір Темір немесе Ақсақ Темірдің иелігінде 1405 жылға шейін жалғасты. Он неше жылдан кейін Үргеніш тарих сахнасынан біржола өшірілді. Осы кезеңде Маңғыстау өңіріне келетін Шығыс пен Батыс керуен жолдары қырқылып, ұлы дала, теңіз сағасы қаңырап бос қалғаны бар. Үстіртінде үлкен керуен сүрлеулі Маңғыстау Алтын Орда ыдыраған ХV-ХVI ғасыр әлетіндегі алмағайып тұста он­дағы жұртта қалғандар мен маң­ғыттар аралас тайпаларға немесе Ноғайға да пана мекен болды. Тауариһаттағы Ноғай ордасы – сонау Еділ мен Жайық және Жем мен Маңғыстауды жаппай егелеп, башкентіне бағзы Сарайшықты көтерген еді. Шамасы, жүзге жуық, тіпті одан да көбірек мерзім осыларға басыбайлы қарады дейік. Өкініші ме, әйтеуір ноғайлыдан да береке кетіп ендігі бейберекетті көз­деген Еділдегі қалмақтары ентелей бастады. Бұрнағы Тұғырыл ханның тегінен тарайтын Хо өрлік (Хөө Өрлөг) деген тайшысы бар Жоңғар­лар (Зүүн гар) ХVI-ХVIІ шегіндегі түстіктегі қара ойрат торғауыттары біртіндеп сұғына бастаған-ды. Хо Өрлік 1604 жылдары торғауыттардың шаңырағын түзей берді. Алайда төрт ойрат арасынан тағы да кикілжің­десті. Сол тұрғыда Хо Өрлік 1614 жылы Қарақұлдың баласы Шүкір (Цөкүр) өз әкесімен ренжісіп, 1644-1661 жылдары Қалмақты биледі. 1640 жылы торғауыттар тобынан бөліне бастады (Хиад Боржигон Жүгдрийн Бор «Монгол хийгээд Евразийн дипломат шаштир» ІІІ боть, 2006. 364 б. 128-129 бб.). Қал­мақ хандығы өзінің «Қырық төрт екінің жарғысын» қабылдап үлгерді. Алайда жасы баршындаған Хо Өрлік 1625-1627 жылдары елін Үстірттен ары Еділге бастады да, сол бойдағы арпалыстармен жүріп, 1644 жылы сойылға жығылып, қаза болды. Шүкірден кейін Пунцаг 1661-1669 жылға дейін Қалмақтың хан тағында отырды. І Петрдің тұсында Шүкірдің немересі Аюке хан (1642-1724) саяси сахнаға келді Ол 1669-1724 жыл аралығында Қалмақты билегенде қазақтың басынан «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» зобалаңы жеткен. Осы зұлматты заман ағымы Аюкеге де ажалдың жазалы қазасымен қа­тар келген-ді. Маңғыстаудың орта­ғасырлық тарихының соңы – Орыс отарлауымен ұласа береді. Бұл өңге мән – өзге сөзге өзек-ті! Ақтауға сапар... Үстелге мініп үйреншікті жазуда едім. Қаңтардың қайғылы күні Светқали Нұржан бауырымды ой­лағам. Алпысы ғой биыл! Кеше әлем желіде «осып өтіпті» біреуді!? Кімді ойласаң сол келеді!? Тегіннен-тегін аян емес-ті?! Аян деген шексіздік...Ұялы телефон ұлып қоя бергені... Айт Манның қоңыр қозы дауысы! Жайлап... бұйырса... деген ескі мақам, есентүгел есендік! Түп-түп қарағандай түкті шашы аспанға шаншылып, оң қолымен ерінін ба­сып сөйлеп тұратын: Маңғыстаудың маң даласы секілді маңғаз кейпі, Хазардың қарала толқынындай қа­рала жанары есіме оралды! Ақтауға шақырады! Алдағы 18-19 қаңтарда «Тарғыл тасқа тамған жыры». Кеші өтеді бұйырса! Бәрін жиып тастап, қиырлы жолға әзірленуім керек! Межелі уақыт таяуда. Қазақтың өте аяулы шалқар ақыны, әулие-шешен тіні бөлек күдір! Сонау 80-жылдар елесінен құдайға шағынған құбыл-өрт өлеңдеріне ерекше таңданып, сағынышпен тұшынатын тұма інім-дүр! Ол кезде біз «құдайдың өл­генін...» (хаһ сенімнің) Ницшеден бұрындары кеңестік идеологтардан еміс естуші едік. Ақпа жырау, ағыл еспе, ақберен сөздің ділгірлерінің ілгеріден қалған ізбасары һәм бірегейі! Сонауғы Абыл мен Ақтан, Нұрымнан Мұрынған дейінгі жы­рындылар, Аралбай мен Қашаған, Сәттіғұл мен Түменділердің бүгіні! Айт Ман ақын аузын ашса – Абыл Тарақтың күйі еңкитін ерен-шынар жігіт ағасы, саңыр самала! Адай атаның адайырбегілерінің зімі жүрегіне сіңген ірі, мыс шегедей мықтылардың жұғыны! Астанадан аспан жолына екі сағат жарымға жуық жол шегумен – Ақ теңіздің түбегіне жантая бұйыққан түзбелі жұзақты жәуһерлі ару қала – Ақтауға келдік! Беу, бұйырғынды бұйра құйқалы буырыл – Ақтау! Айт Манның қарапайым мерейлі жұр­тына сәлем! «Ер Едіге» сценографиясы Ақтөбе облысы Тахауи Ахтанов атындағы театры Айт Ман ақынның – «Ер Едіге» тарихи драмасымен тосынсый жасады. Ұлт жадысының алтын кені – «Ер Едіге» ақынның түрлі пәлсафалық ой эксперимен­тал­дық ұқыпты таңдау талдауымен Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде сахнаға лайықталған. Әмір Темір заманындағы аңызға айналған абыздың аталы сөзі бүгінгі елдік санаға негізделген. Алтын Орда ақылманынан қалған аңыз дастан – жырының тірі көрінісіне құрметті оқырман қойылым арқылы тұтынды, тұшынды да. Түркітілдес елдердің бәріне ортақ жырдың қазақша нұсқасы ХШ-ХХ ғасыр ширегінде Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Мағауин қатарлы ұлылар арқылы жеткен еді. «Ер Едіге» орысша, ағылшынша да «сөйлеген». Құлақпен естіген «жыр мен аңызды көзбен сахнадан көру бақыты...» бізге бұйырды осылай. Бұл драмалық бағалау менікі емес, Брехт Бертольт (1898-1956) әулиенің сөзі. рухани жаңғыру «Тарғыл тасқа  тамған жыр» кеші Ертеңінде тамсанды «Тарғыл тасқа тамған жыр» шығармашылық кеші өтті. Ат шаптырым алаңы кең ғимарат – «Достық үйі» іші жақсы жарандар, өнер жанкүйерлері, санакөзді көрермендер лық толы. Кештің тізгіншісі (generalіssіmus-і) ақынның балаң шағының ең етене жарқын досы – «Қазығұрт» бас­пасының директоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің доценті, белгілі шайыр Темірғали Көпбай ұста-ақын. Кеше мен бүгіннің арасына уақыт кеңісін кезекпен саралаған кескіні су жаңа сахнадан бала Светқалидан бастап, алпыстың асқарына келген санасы кемелденген дара Айт Манға дейінгі ғұмыраралық таңғажайып ес­те­ліктер мен көріністерге саяхат жа­салды. Керемет! Маңғыстаудың бү­кіл тарихи өлкесі мен киелі жер­лерін түгел аралап шыққандай бол­дық ақынға ілесіп. Қола дәуіріндегі қоңыр түзем Сам құмы мен Көк шеберілі Шерқала, түңкелі Түп­қара­ғандағы ежелгі үр жұрт, қа­шанғы бір дәуірдегі Қызыл кентке де саялап «барып, қайттық»... Еуропа мен Таяу Шығысаралық Ұлы Жібек жолы – Хиуа мен Хорезм, ХІІІ ғасырдағы Бекет ата, Қошқар ата, Масат ата, Шақпақ ата кешендерін кенерелеп «кездік»!? Қош! Кештен есте қалған әсер көп. Солардың бірі техника ғылымдары­ның докторы, айтулы ғалым, өткір білімдар, өрен тақуа Саят Ыбы­рай­дың таңғажайып ойлары, бейсана­лық бедізді сүгіретті сүлей лебіздері еді. Көнеден жеткен көмбедей еңіл көрімдіктерімен Саят самғатып көсілтіп өтті. Абай елінен келген ке­меңгер ақын Абай сойымен үкілі мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлының Айт Манға арнаған өлеңі – ақиесінің өзінің төл үнімен оқылуы өз алдына өңге кемел бір тауариһат-ты! Соны­мен бірге Айт Манның тойына бұл жолы себептермен келе алмаса да, Алматыдағы ақын інісі Мұрат Шай­маранның – «Диуана» аталған қыраудың мың айшықтарындай тұма жыры орасан болды! Мерей­тойдың түреніне адуын ақындар Бауыржан Бабажан мен Маралтай Райымбектер үн қосты. Маңғыстау облы­сының әкімі Нұрлан Ас­қарұлы­ның қош сөзі ерекше әсер қал­дырды қарасы көп қалың жұрт­қа. Арғысы – Махамбеттен тар­тып, бергісі қазақ поэзиясының темір қағаны Темірхан Медетбектің өлеңі­мен әрлеп, (әсіре жалаң, жа­сан­дылықтан мүлде аулақ) әрідегі әндігер тауыриһаттан сыр тартқан тапқыр, өңір көшбасшысының ораторлығына (orator) жұрт куә бол­ды. Мұндай жырынды әкімді бі­рінші рет әрі «тірідей» көрген, тың­­даған бізге бек таңсық еді! Мұн­дай мұнайлы өлкенің уәлилігіне Махамбетпен қоса Мальтус теория­сын маңырата жөнелетін Нұрлан Асқарұлы тақылеттес текті серкелер, епті саяси тұлғалар үнемі таңдалып тағайындалуы тура секілді сезілді. Әрине, әулиелі өлкенің өңіріне та­бан тіреп, аяқпен басқанда: сәбидің еңбегіндей жұпарлы жұмақ, аяулы құндаққа өкшеңді қатаң қадамай, табаныңды тазалап аттағың келеді екен. Оғыланды – Ақтау Маңғыстаудың жер көлемі 16 564,2 гектар, түп ортасы – Ақтау қаласы. Облыста шамамен 800 мың, түп қала Ақтауда 400 мың жан саны бар, 90 пайызы қазақтар, аудандысы Кіші атаның әулеті: тіптен бірқы­дыру өзгелерге пана жайқын-байтақ ел дейік. Батыс түстікте – Түрікмен, шығысында – Өзбекстан, Қарақал­пақпен шекара шептес. Каспий теңіз су бекеті арқылы – Шығыс Еуропа һәм Әзербайжанмен екіара шектеседі. Солтүстігі – Атырау, Ақтөбе. Ежелгі Азаудың үзігі – көне Боз теңіз, Хазара – Каспийдің ұзын сызымы –1 030 шақырым, ені – 435 ша­қырым. Каспийдің терең уысын­да жүз қанша балықтардың түрлері үйіріледі. Ғаламды таңғалдырған құнды қара уылдырықты құрсағына тыққан қызыл балықты – бекіре дейді. Шамамен 2 құлаш 80 келіге дейін жететін балықтың көкесі байлық осында. Маңғыстау – мұнайлы донор өңір Қазандықтағы мұнайдың әр тамшысында қайран қазақтың қаны мен терінің жұғымы бар. «Маң­ғыс­таумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қа­рақұдықмұнай», «Каспий меруерт оперейтинг», тек Azersun Holding өндірістік логистика жо­басы инвестициялардың жалпы сомасы – 144,5 млрд теңгеге тең деген ұзына ірі кәсіпорын, алпауыт атаулардың арғы түкпірінде осы өңірдің даму стратегиясы фосфор, көмір, марганец, түрлі тұз, ұлутас уысында тығылып жатқандай. Бір жылдағы 15,5 млн тонна шикі мұ­най, 2,8 млрд текшеметр табиғи газ өнімі, Ақтау теңіз портының жалпы инвестиция көлемі миллиардтаған доллармен игіліктенді деген сан дерек бос сөз емес. Былайғы көпке күмәнді ырыс «Жетібай» мен «Қа­ламқас» кен орындарының нақты желісі, «тәтті жемісі» енді-енді қа­зақтың өз игілігіне жұмсала бас­тағандай. Қаламқас есімі – қыз айымы жосында. Демек, мынау «Қаламқас» мұнайы Маңғыстауға құдайының бөлген ырысы. Өткен 2022 жылы 170 миллионыншы мұнайын өңдеген (өндірген). Төрткүл дүниеге жіберілетін өнімді 4 000 жұмысшы қызыл қолымен жеткереді. Төрт мың адамның ар­тында төрт адам бар десек, бір­қыдыру ошарлы бас, мыңдаған отбасы еңбек несібесін айырады. «Жетібай» кен орны тәулігіне 40 мың текше метр мұндай өңдейді, ал мұнай өндіру көлемі тәулігіне 7 000 тонна. Мұндағы мамандар гео­лог­тер, оператор, кенші, инженер мен дәнекершілер, экологтер, жүргізу­шілер, басқа да жүздеген маманның қыруар еңбегі, табан еті мен маңдай тері тегін кетпейтіндей. Жасыл аймақ –  жаңа айлақ... Есенғали Раушанның – «Алғай­дың ала шөлінде сексеуіл деген ағам бар...» дейтін сексеуіл туралы өлеңі еске оралады. Шөлейт құмайтқа жан бітіретін, құм көшегін «көген­дейтін» құдіретті ағаш – сексеуіл мен жүзген. Жалпы аумағы 3 328,9 гектар жерге сексеуіл тұқым-тамы­ры себілген. Жарма мен Сенекті, Сазды мен Сауысқанды секілді 150 гектар жердің төрт жасыл жамылғы­сына 400 мыңға жуық сексеуіл өнеді. Қара бұлттардың етегінен жаң­быр сауатын қара сексеуілдер құмға нәр құяды. Әлемдегі ең үлкен шөл 9 миллион шаршы шақырым аумақты қамтитын батыс Мысыр­дың Сахара шөлінің кейбір өңір­лерін самалдатқан мұнайдың құ­діреті осы өлкеде қайталанбақ. Маңғыстауда алдағы 5 жыл­­да 5 850 гектар мем­ле­кеттік орман қорына қоса 1 950,5 мың түп ағаш егілмек. Ауыл – табыс көзі Маңғыстаулықтарға жылына 2,5 пайызбен шағын несие, ауыл шаруа­шылығы дамуына жылына 800 млн теңге 170 шақты жобаға немесе кә­сіп бастауға бұйырылады. Бұл сан­деректер «тақияға тар кел­мейді». Әмбелі Маңғыстау – түйенің ме­кені. Шамамен 40 мыңға жуық ойсылқара тұқымының, 500 мың ұсақ мал, 30 мың жылқының аса бай өрісі. Мұнымен ғаламдық деңгейдегі қазақы технологиялық өнім, бренд (brand) өндіруге толық мүмкіндігі бар. Түйенің сойымен –Түйесу кен орны – табиғи тұщы тұнық су ор­ғымасы бар. «Қатар-қатар нар түйе» (Қалнияз) демекші, талантты жор­налшы Шынар Кендін «Түйесу маршын» жазыпты. Қайнар су – ғаламға экспорттауға келетін киелі су, қара алтынға тең екен бұйырса. Түйенің киесімен – түйесіңгір, түйе­­қарын, түйежапырақ, түйета­бан, түйеқараған, түйеөркеш, түйе­жыңғыл, түйесора, нарқамыс, түйе бүйрек, бозащы, бозизен, қатарлы өсімдіктері де өз алдына бір керемет! Маңғыстау жылына мыңдаған тонна ет, жүздеген тонна сүт өнімдерін, жүн-жұрқа және қаракөл терісінен қыруар қаржылай пайда табады. Бозжыра «Каспийдің толқыны соғады жағаға...» Еуропа және Азия-Тынық мұхит аймағын ұштастыратын аса маңыз­ды стратегиялық кеңістік – жаңа Қазақстанға тиесілі. Ендеше көр­шілес Қытай мен Ресей қарым-қа­тынасында да саяси-экономикалық, әскери салаларды қамтыған жаңа мәселелер бой көтерері сөзсіз. Ре­сей мен Қытай Қазақстанмен шек­тес, іргелес, мүдделес мәңгі көрші. Ал этникалық түріктекті туыс ха­лықтар елдері – Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасымен де дәстүрлі қа­рым-қатынастар шегі ортақ ин­те­гра­циямен ұласады. Транскаспий һәм Құрық теңіз порты халықаралық маршрутпен шамамен 1,5 млн тонна жүк тасымалы 2025 жылы 10 млн тоннаға артады. Жуық шамада қазақ елінің бастамасымен Каспий геоэ­ко­номикалық мәселесі бір жолға қойылған. Өткен бесінші реткі жоғарғы деңгейдегі саммитке Қа­зақстан, Әзербайжан, Ресей, Түрік­менстан, Иран президенттері 1992 жылдан бергі шешімін таппаған аламан таласты істі жөнге салды. Ақтауда өткен саммитте Каспий жағалауындағы елдер осыдан кейін теңіз конвенциясына бірігетіні жарияланды. Ал АҚШ-тың Орта­лық Азия – Каспий – Кавказ айма­ғына деген көзқарасы тым ертеден ояна бастағаны аян. Әсіресе, аме­рикалық дипломатиялық елшіліктер қауырт қимылға келгені сонша, қазақтың саяси-экономикалық ре­формаларының үстемдігіне ықпал етуді көздеп келді. Нысанасы – Каспий энергоресурсын айналымға салуға, оның бәсекелестікке келуін баса назарда ұстау еді. Осылайша, Орталық Азия, яғни Қазақстандағы мұнайға АҚШ өз компанияларының жан-жақты белсенділігін оята түсті. Каспийдің баламасыз байлығына ұмтылған кәсіпкерлердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету америка­лықтардың мақсат-мүддесіне сәй­кес болған соң ғана іс оңала жө­нелді... Қай жерде экономикалық мүдде болса, АҚШ саясаты соған қарай икемделетіні жасырын тәсіл емес. Себебі біз тілге тиек еткен Орталық Азия аймағы, яғни Кас­пийдегі жалпы құны 4 триллион долларға тең келетін 27 млрд тонна мұнай қорына қарай шамасы 200-ге жуық америкалық ком­па­ния ентелей келе бастаған. Олар­дың мүддесін қана­ғатты орындау арқылы елдік, ұлттық мүддені ұс­тану жолы да қатаң қарас­тырылады. Қазақ мемлекеті осы тұс­та аса ұқып­ты және сондай сын­дарлы саясатты ұстана білді де. Осынау геоэконо­микалық өңірдің бүкіл макро, микро салалық менед­ж­ментін Нұрлан Асқарұлы бас­қарады. Әрине, Ресей, Әзербайжан се­кілді Каспий жағалауынан «шабақ сыпыратын» шағала елдердің өзара қарым-қатынас түрені түзу ұшты, істағандары берік орныға бастады. Бұдан кейінгісі қазақ елі үшін Ричард Бахтың – «Жонатан Лив­гинс­тон есім­ді шағаласы» секілді бейуақыт – кеңістік аясындағыдай жылдам өрбіді. Сұйық алтынға де­ген көз­қарас АҚШ пен Иран ара­сындағы эмбарго саяси, экономи­калық мүддені де қозғай түскен-ді. Мұнай, газ, тіпті қара уылдырыққа дейін то­ғытылған қарт Каспий осынау алпауыттардың қай-қай­сысына да «үнсіз» жауап бергендей баяғысынша барақат толқиды жа­рықтық! Содан кейін тіпті 1 730 ша­қырымға 30-35 млн тонна мұнай айдайтын – «Баку-Жейхан» мұнай құбыры Түркия, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан президенттерінің қол қоюымен АҚШ-ның да қолдауын тапқан-ды. АҚШ болса, Қазақстан арқылы Каспий мұнайына қарай оралу үшін барын салды. Осы ұласпалы саясат сонау 2000 жылы Қазақстанға ресми сапар жасаған АҚШ-ның бұрнағы мемлекеттік хатшысы Мадлен Ол­брайттың кезінен бастап бетбұрыс аңысы айқын болғанын білеміз. Мадлен Олбрайттың сол ресми са­пары қазір де тарихи аса тағылымды. Айталық, баяғыдан Уашингтоншыл өзбектер де, АҚШ-тың осы аймақ­тағы екінші стратегиялық әріптесі болған қыр­ғыздар да өз ұстанымында қалған. Каспий аймағы Қа­зақстанның пай­да­сына шешілген. Каспий мұнайы Жерорта теңізі арқылы әлемдік базарға жол тарт­қан-ды. Мінеки, 60 жылға ғұмыры жалғасатын құбырдың бір ұшы – Шығыс Еуропаға осылай жетіпті. Мұнайдың баррелі 40-54 долларға құлдырағанымен, қазір шамамен 60-64 доллар арасында ырғалып тұр. Таяу ширекке шейін 3-4 есе өсуі бек мүмкін!? АҚШ-тың геосаяси есеп-қисабы қашан да 100 пайыздық дәлдікпен жүзеге асады деу қиын. Демек, тек Каспий аймағы емес, басқа да пайдалы байлықтарды көздейтіндер әлі де бар. Осылардың бәр қимылын бақылап байыптап отырған – Enery information Adminustration-ның саясаты алысты болжаған. Алайда осы аралықта тек мұнайдан келетін қаржы мен мұ­найдың белгілі бір бөлігі оффшор­лық аймақтарға да қарай кетіп қалатыны жөнінде хабарлар сол тараптан ескертілген болуы да мүм­кін. Парламент кеден және салық жүйесін қайта құрды да, шағын, орта өндірістерді ынталандыратын реформа қадамын жасауда. Бұдан соң «көлеңкелі» экономика құр­дым­ға кетірмесе де, баяғы қыруар ұрлық ептеп құрықталатын түрі бар... Құдай берген тәуелсіздікті мұ­­найымен сақтап қалуға қара­пайым таза қанды қазақтар ғана шырылдап жүрер-ді. Демек, өтіп бара жатқан өларалық өтпелі әп-сәтте өз қарақан басын күйттеп ба­йып үлгерген ұлтсыз, тексіз ұры­лар саны да арта түскені сөзсіз. Мұ­найлы өлкелердегі жасанды дау-дамай, кейбір әдейі тұтандырған өртті үрлеушілер тобы алыстан ке­летін кесел. Құдай дес бергенде өт­кен шақтарда одан айтарлықтай қатер бола қоймады. Егер олай бол­ған болса, ол – ұлы тәуелсіздік жо­лында жанын құр­бандыққа байлай­тындар қа­зақтар ғана болады. Өткен жылдары шетте бұғатталған қаржы анау-мынау мәселелері «құлақтан теп­кендей» естілген. Оған сабырлы болу керек шығар. Қайырсыз, иесіз шығын деген түсінік болмаса керек. Бүгінгі қазақ тек Каспийді жағалап «шабақ сыпыратын» үйреншікті ғадетінен мүлдем басқа уақыт – кеңістікке қарай бет алғалы тұрған аймақ.

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, Арқа–Ақтау