Сұлу боламын деп сұмырайға айналған жиырма шақты әйел министрден көмек сұрады
Сұлу боламын деп сұмырайға айналған жиырма шақты әйел министрден көмек сұрады
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, ведомствоның мұндай сұлулық салондарын тексеруге заңды құқы жоқ. Адамдар мұндай сұлулық орындарына барғанда нақты дәрігер – маманға жүгінгеніне көз жеткізіп алу керек.
«Медициналық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бар. Біріншіден, санитарлық ережелерге сәйкес келетін бөлменің болуы, екіншіден, сертификатталған мамандардың болуы қажет. Бұл «дерматовенерология, дерматокосметология» мамандығы бойынша медициналық білімі бар медицина қызметкері болуы керек», – деп түсіндірді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы Әсем Мергенбаева.
Былтыр елорданың 22 жастағы тұрғыны ернін жасатамын деп аллергия беріп, салдарынан «Квинке» ісігі болған. Жәбірленушінің айтуынша, косметологке  бірнеше рет жүгінген, бірақ мұндай келеңсіздік бірінші рет болған. Астаналық әйел өз басынан өткен жағдайды әлеуметтік желілерде бөліскен.
«Екі рет «Квинке» ісігі түрінде аллергия болды. Тіпті, дәрігердің өзі мені танымай қалды. Көз, мұрын, құлақ, ернім ісіп, тыныс ала алмай қалдым. Қыздар, өзіңізді қорғаңыз және сырт келбетіңізді өзгертемін деп арандап қалмаңыздар. Сіздер онсыз да әдемісіздер», – деп жәбірленуші көпшілікке кеңес берді.
Өкініштісі, сұлу боламын деп, сұлулығынан айырылғандар саны жетіп артылады.
Косметологтердің өздері білікті маман сұлулық процедурасын жасамай тұрып, клиенттен жалпы қан анализін сұрайтынын айтады. Сондай-ақ мамандар косметологті мұқият таңдауға кеңес береді: бірінші кезекте оның мамандандырылған білімі бар екеніне көз жеткізу керек, содан кейін барлық құралдың стерильді екенін тексеріңіз.